Биыл Шымкентте 900-ге жуық жастар баспанамен қамтылады

0
44

Биыл Шымкентте 1 605 азаматты сатып алу құқығынсыз тұрғын үймен қамту жоспарланған. Оның ішінде көпбалалы отбасылар – 476, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы (жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандар-54) – 272, жұмыс істейтін жастар – 857.

Бұл туралы қала әкіміне тұрғын үй басқармасының басшысы Ғ.Утенбаев есепті жиын кезінде баяндады.

Өткен жылы 456 көпбалалы отбасы (240 пәтер жалға берілген, 216 пәтер несиеге берілген) және 744 халықтың әлеуметтік әлсіз тобы (272 пәтер жалға берілген, 472 пәтер несиеге берілген, оның ішінде 68 жетім бала), мемлекеттік қызметкер және бюджеттік сала санатындағы 1 108 азамат несиелік, жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған 1 азамат несиелік тұрғын үймен қамтылды.

Алғашқы жарнасын өтеу мақсатында жалпы 416 тұрғын үй сертификаты әлеуметтік көмек ретінде өтеусіз негізде берілген. Оның ішінде «Бақытты отбасы» бағытында — 149, «Шаңырақ» жеңілдетілген несиелік бағыты бойынша 267 азамат тұрғын үй сертификатын иеленген. Тұрғын үй сертификаттарын беру үшін бұл жылы да жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге қаржы қарастырылған.

Шымкент қаласында тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегіне тұру автоматтандырылған, тізімде 48 623 азамат тіркелген. Алдыңғы жылға қарағанда кезекте тұрғандар саны артқан. Оның басым бөлігі «Мемлекеттік қызметшілер және бюджеттік мекемелердің қызметкерлері» және көп балалы санатындағылар. Аталған азаматтарды тұрғын үймен қамту мақсатында қаламызда миллион шаршы метрден аса тұрғын үй құрылысы жүріп, барлық несиелік бағдарламалар бойынша көмек көрсету тетіктерін жетілдіру көзделген. Биыл бұл мақсатта «5-20-25» тұрғын үй бағыты бойынша 18 тұрғын үйді және «7-20-25» бағытымен 15 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі М.Әйтенов тұрғын үй бойынша Заңнамаларды тұрғындарға үнемі түсіндіріп отыруды тапсырды. Сонымен бірге, маңызды бағыттардың бірі — реновация бағдарламасы екенін айтып, оған инвесторларды тарта отырып қолдау көрсетуді жүктеді.