Ұстаздық етіп жүрген танымал эстрада жұлдыздары кімдер
Ұстаз – ұлы есім. Қазақстан халқы үшін қазан айының алғашқы жексенбісі ерекше күн. Бұл күні әр қазақстандық өзіне тәлім берген ұстазға алғысын білдіріп, мерекесімен құттықтайды. Биыл елімізде ұстаздар күні 7 қазан күніне түсіп тұр.
Бұл орайда Stan.kz ақпараттық агенттігі ұстаздық жолда қызмет етіп жүрген танымал эстрада жұлдыздарын ұсынады.
Толқын Забирова ұстаздық қызметке ерте, 25 жасында кіріскен. Ол алғашқыда Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында оқытушы болған. 2004 жылдан бастап Жүргенов атындағы өнер академиясында сабақ береді. Бүгінгі таңда Толқын Забирова – өнертану ғылымдарының кандидаты, өнер академиясының профессоры.
Сәкен Майғазиев 1993 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжіне оқуға түскен. Аталған білім ордасын тәмамдаған соң жоғару білімді көздеген Сәкен Жүргенов атындағы өнер академиясына тапсырады. Діттегеніне жетіп, 1997 жылдан бастап аталған оқу ордасында Люция Төлешовадан сабақ алады. Сәкен мінеки, алты жылдан бері өзі оқыған колледжде ұстаздық қызмет атқарып келеді. Сондай-ақ, бүгінде Майғазиев докторантурада білім алуда.
Меруерт Түсіпбаева да ұстаздық етіп жүрген әншілердің қатарында. Ол да бір кездері қара шаңырақ Жүргенов атындағы өнер академиясын “музыкалық театр актері” мамандығы бойынша бітірген. Әрі қарай білімін шыңдап, тіпті ғылым кандидаты атанған. Әнші 2009 жылдан бастап өнер академиясы мен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінде сабақ беріп келеді.
Сәбит Әбдіхалықов мамандығы бойынша – театр және кино актері. Елімізге белгілі “Бауыржан шоу”, “Тамаша” театрларында қызмет етіп, танылған ол кейіннен ұстаздықпен де айналысқан. 2008-2013 жылдары аралығында Алматыдағы өнер ошағында еңбек етіп, оның ішінде аға оқытушы және проректордың міндетін атқарушы қызметтерін атқарған.
Айгүл Иманбаева 1998 жылы жоғары оқу орнын бітіре салысымен колледжге ұстаз болып қабылданған. Шәкірт тәрбиелей жүріп, Ғабит Мүсірепов атындағы театрға жұмысқа кірген. Бүгінде жұмыстан қолы босамайтын актриса жеке театрында шәкірт тәрбиелейді.
Источник: Stan.kz