Тұрсынбек Қабатов жол апатынан көз жұмған жігіттің отбасына 4 млн теңге төлегісі келмейді
Сот жесір әйелдің пайдасына сотталушыдан және белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтан жалпы сомасы 8 миллион теңге өндіріп алу туралы қаулы шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
⠀
Нұр-Сұлтан сот алқасының төрағасы Әділхан Шайхисламов судьялар – Мұрат Солтыбаевпен және Алма Есімовамен бірге Тұрсынбек Қабатовтан түскен аппеляцияны талқылады.
⠀
«Адвокаттар сотталған адамның кінәсі дәлелденбегені үшін ҚК-нің 345-бабы бойынша ақтау туралы және ҚК-нің 346-бабы бойынша жазаны жеңілдету туралы өтінішін қолдайды. Себебі түнгі уақытта көшенің ортасында мас күйде жүрген жәбірленушінің әрекеттеріне баға берілмеген. Алайда, бұл сотталушының жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғанын ақтап алуға негіз бола алмайды», — деді Әділхан Шайхисламов.
⠀
Осылайша Тұрсынбек Қабатовтың талап-арызы қанағаттандырылған жоқ.
⠀
«Азаматтық сот ісі дұрыс шешілді. Моральдық зиян келтіргені үшін жауапкершілік сотталған адамға және көлік иесіне ортақ тәртіппен негізделген түрде жүктеледі. Кабатов өз еркімен көмекшіге көлікті тапсырды, яғни оған көлік құралын сеніп тапсырды. Соттың үкімін өзгертуге негіз жоқ», — деп жариялады алқа.
⠀
Сот үкімі бойынша Тұрсынбек Қабатов соманың тең жартысын, яғни 4 миллион теңгені төлеуі тиіс.
Ал Тұрсынбектің көлігімен адам қағып кеткен оның көмекшісі адам өліміне әкеп соққан ЖКО-ны мойындамайды.
Оның айтуынша, жәбірленуші мас күйде, жолдан өтуге болмайтын тұста жүгіріп шыққан.
⠀
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 13 қазанында кешкі сағат 9 шамасында Теміртау – Нұра – Нұр-Сұлтан тасжолында елорда бағытында Нұра ауданының Ахмет кентінде 34 жастағы Ерлан Омарқұловты көлік қағып кеткен.
Алған жарақатынан ол оқиға орнында қайтыс болды. Көлікті Тұрсынбек Қабатовтың көмекшісі жүргізген.