Қазақша реферат: Антикалық мәдениеттегі философия туралы қазақша реферат

0
94

Жоспары:

1. Антика философиясының кезеңденуі. Сократқа дейінгі философия.

2. Классикалық философия.

3. Эллинизм философиясы. 

«Антика философиясы» деген термин мың жылдан аса тарихы бар грек-рим философиясын білдіреді. «Антик» сөзінің латын тілінен аударғанда «көне» деген мағынаны білдіретінін ескерсек, бұл жалпы философиялық ой дамуының бастапқы кезеңін аңғартар еді. Алайда, қалыптасқан дәстүр бойынша антик дәуірі тек батыстың көне заманын білдіріп, осы грек-рим әлеміне қатысты айтылады. Ал, хронологиялық шеңберіне келер болсақ, антик философиясы өзінің бастауын б.з.д. 7-6 ғасырдан алып, ал оның аяқталуы б.з. 529 жылы император Юстинианның барлық христиандық емес философиялық мектептерді ресми түрде жаптырған датасымен байланыстырылады. А.С. Богомоловтың айтуынша оның ішіндегі үш ірі кезеңді айқындауға болады: антик философиясының қалыптасуы немесе Сократпен аяқталатын ерте классика (б.з.д. 7-5 ғ.); классикалық грек философиясы (б.з.д. 4 ғ.); эллиндік-римдік философия (б.з.д. 3 ғ. – б.з. 5 ғ.). Ал Дж.Реале мен Д.Антисери антик философиясы дамуының төмендегідей жетілдірілген жүйесін ұсынады:

  1. Б.з.д. 6 және 5 ғасырлар аралығын қамтитын физис және космос мәселелерімен айналысқан натуралистік кезең. Мұның өкілдері қатарына иониялықтар,  пифагоршылдар, элеаттар, физик-плюралистер және физик-эклектиктер жатады.
  2. Адам болмысының мәнін айқындаумен тұңғыш айналысқан гуманистік кезең. Бұл кезеңнің басты өкілдері – софистер және Сократ.
  3. Сезімнен тыс әлемнің ашылуы және негізгі философиялық мәселелерді органикалық түрде қарастырған Платон мен Аристотельдің үлкен синтезі кезеңі.
  4. А. Македонский жорықтары дәуіріндегі эллиндік мектептер мен пұтқа табынушылық заманы соңына дейін – кинизм, эпикурейзм, стоицизм, скептизизм, эклектицизм бағыттары кезеңі.
  5. Антиктік пұтқа табынушылық дүниетаным ойының діни дәуірі – неоплатонизм және оның модификацияларының жандану кезеңі.
  6. Христиандық ойдың қалыптасуы және грек философиясының категориялары тұрғысында жаңа дін догмаларын рационалды қалыптастыру кезеңі.

Ежелгі Грекия дүниетанымының жаңа формасы – философияны қалыптастырған негізгі үш мәдени орталықтың бірі болып табылады. Оның қалыптасуы да Ерте Үнді және Ежелгі Қытай жерлерінде байқалған заңдылықтарға сай жүзеге асты. Бірақ эллиндік ақыл-ойдың дүниеге келтірген жемісінің шығыстық философиямен салыстырғанда өзіндік түбірлі ерекшеліктері болды. Философияның қалыптасуына алғышарт болған грек өмірі формалары қатарына, тағы да басқа халықтардағы сияқты мифология, дін, ғылыми білімнің бастапқы түрлері, әдеттік сана және тіршілік даналығы жатады.

Философия тарихы адам баласының, бүкіл адамзат тарихының өзіндік санасы. Антикалық философия өзінің көптеген мектептерімен, бағыттарымен ерекшеленеді. Грек даналығы адамның дүние танымында ерекше орын алады. Дүниенің «алғашқы бастамасын» іздеу жолындағы  танымдық іс-әрекетте көптеген философиялық «алғыр ойлар» қалыптасты. Олар: дүниенің бірлігі /біртұтастық/, материалдылығы, дүниенің шетсіз-шексіздігі, атомизм т.б. Бұл идеялардың эвристикалық маңызы бүгінгі философияда және ғылымда өте зор. Антикалық философияның космоцентрлік сипаты табиғат пен адам бірлігінің айғағы және дүниенің біртұтастығында.

Көне грек философиясы халықтың тарихи- әлеуметтік, экономикалық өмірмен тығыз байланысты бола отырып, демократиялық құлдық қоғамның дамуын сипаттайды. Бұл қоғам сол кездегі философияның әдебиет пен мәдениеттің кеңінен өркендеуіне жол ашты. Ғылымның алғашқы көздері пайда бола бастады. Грек философиясындағы жаратылыстану /фюзис/  саласы натурфилософияның /табиғат философиясы/ ерекшелігін айқындайды. Табиғаттың заттары мен құбылыстарына таңданудан, оны танудан шыққан философиялық ойлар антикалық дәуірдің  ұлы тұлғасы Аристотельдің  жүйелеулік әрекетінің негізінде біртұтас философиялық тарихи кезең болып қалыптасты.

Түпнегіз (архэ) – бұл барлық нәрселердің шығу тегін, олардың мәнділік ретінде өмір сүруін және неге айналатынын білдіретін бастапқы негіз. Фалес барлық нәрсенің түпнегізін су деп пайымдаса, Анаксимандр өзі апейрон деп атаған шексіздік пен белгісіздікті атайды. Архэ ретінде Анаксимен ауаны, Гераклит отты атаса, ал Пифагор – сандық қатынастарға аса мән береді. Бұлардың арасында Анаксимандр түпнегізді неғұрлым философиялық және абстракциялық тұрғыда түсіндіруге тырысады. Сократқа дейінгі алғашқы философтар осы құдіретті түпнегізді әлемнен бөліп алмай, керісінше, әлемнің мәні ретінде түсіндіргендіктен «натуралистер» деп аталады.

Алғашқы грек ойшылдары әлемдегі бір-біріне үстемдік етуге ұмтылған қарама-қарсылықтарды аңғара білді. Гераклитте барлығын басқаратын логос түріндегі түпнегіз – от ретінде өзінің заңды жалғасын табады. Гераклит сонымен қатар, түпнегіздің универсалды динамизмі тақырыбын онан әрі дамытты. Оның «бәрі ағады, бәрі өзгереді» деген атақты тезисі осы ағын образынан туындайды. Осыған байланысты Гераклит мынадай терең де батыл түйіндерге тоқталады: бір қарама-қарсылықтан екіншісіне үнемі алмасу ретіндегі қалыптасу идеясы, олардың тұтастығы мен күресі идеясы, олардың үйлесімділікке бірігуі, ақиқат пен танымның көп қырлылығы.

Философия дүниеге келісімен құдіреттілік (Ксенофан) пен ақиқатқа (элеаттар) қатысты ғасырлар бойы қалыптасқан наным-сенімдерді бұзып, өзінің жаңашылдық күш қуатын байқатты. Элейден шыққан ойшылдардың жаңашылдығы былайша сипатталады: космологияны онтологияға өзгерту, өзіндік философиялық категорияларды ойлап табу, диалектикалық тәсілдерді енгізу мен пайдалану арқылы философияда дәлелдеудің қажеттілігі мен оның тәсілдерін қолдануды мойындау.

«Кіші физиктер» немесе физик-плюралистер – Эмпедокл мен Анаксагордың көзқарастары элеаттардың осы апорияларын шешуге талпыныспен байланысты болды. Олардың плюралистік концепциялары элейліктердің де, иониялықтардың да монизміне қарсы бағытталған. Бұл мәселені түсіндіруге келгенде ең жүйелі және мақсатты талпыныс Левкипп пен Демокрит ұсынған әлемнің атомистік картинасы болды. Әлемдегі барлық өзгерісті, қозғалысты түсіндіретін – атом (абсолютті, тығыз, одан әрі бөлінбейтін болмыс), бос кеңістік және олардың қозғалыстары. Атомдар формасына, реті мен жағдайына қарай ерекшеленеді, олар сезіммен қабылданбайды, тек ақылмен пайымдалады.

Антик философиясында ерекше орынды софистер (Протагор, Горгий, т.б.) алады. Әдетте, оларды теориялық тұрғыда тұрлаусыз, ақиқатқа жету жолындағы шынайылықтың орнына жеке мүддені ойлаушылар деп және тағы да басқа күнәлармен айыптайды.  Шындығында софистика б.з.д. 5 ғасырдың екінші жартысындағы Грекия өміріне объективті әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамудың алғышарттарымен келген феномен болып табылады. Софистер өз заманының талабын дұрыс ұғып, оған форма мен дауыс береді. «Адам – бар нәрсенің өлшемі» деген Протагор аксиомасындағы релятивизм мен прагматизм Горгий нигилизміне ұласқанымен қатар, сөз өзінің шынайылығынан гөрі нандыру мен сендірудің құралы дегенге саятын теориялық жаңалыққа да әкеледі. Сондықтан б.з.д. 5 ғасырдағы Грекияда риторика немесе сендіру өнері «мемлекет қайраткерінің қолындағы нағыз штурвалға» айналады.

Алайда софистер адамның бұзылған дәстүрлі өмір сүру тәртібінің орнына тартымды жаңашылдық ұсына алмады. Мұны іске асырған Сократ болды, сондықтан оны антик философиясы тарихының «кіндігі», «философияның бел ортасы» деп те атайды. Сократ та софистер секілді өзінің басты назарын адам табиғатына аударғанымен қоймай, адамның мәні – ақыл-ойға негізделген белсенділік және адамгершілік бағдар ұстанған әрекет ретіндегі оның жаны деген түйінге тоқталады. Байлық, даңқ, билік, сұлулық өз табиғаттарында ешқандай игілікке жатпайды, бірақ олар тек ғылыммен, таныммен және дұрыс пайымдаумен басқарылғанда ғана нағыз игілікке айналады. Сократ бойынша таным игілікті істің, қайырымды қылықтың қажетті алғышарттары. Сократ сондай-ақ бақыттың жаңа ұғымын да қалыптастырды: адам өз бақытының да, бақытсыздығының да ұстасы. Сократтың өзі күш көрсетпеу төңкерісін теориялық тұрғыда негіздеп қана қоймай, өз өлімінің дерегі арқылы да оған мәңгілік өмір сыйлайды. Жанды адамның мәнділігі ретінде белгілеуі, танымды нағыз ізгілік ретінде, өзін-өзі билей алуды ішкі еркінділік ретінде бағалауы – оның этикасының осы тұжырымдары индивид автономиясын жария етті.

Б.з.д. 4 ғасыр Грекич үшін «жоғарғы классика» дәуірі болып табылады. Бұл дәуірде антиктік философиялық ойдың айшықты көрінісін беретін екі философиялық жүйе – Платон және Аристотельдің философиялық жүйелері қалыптасты. Сократтың ең ғұлама шәкірті және Академияның негізін қалаушы Платонның ілімі әр деңгейлі және әр алуан қырларымен ерекшеленеді. Оның шығармашылығында философия мифке қайта оралады. Онда миф логосқа бағынбағанымен, оның қанат жаюына серпін береді.

Платондық метафизиканың кең ауқымды ерекшелігі, онда жаңа шындықтықтың ашылуымен байланысты, яғни физис философиясында бұрын-соңды сөз қозғалмаған сезімнен тыс, физикалықтан тыс кеңістіктің ашылуымен байланысты болады. Платонның дәл осы жаңалығы философия дамуындағы маңызды кезең болып саналады және батыстық даналықтың дамуындағы материалдық және материалдық емес, сезімге тән және сезімнен тыс деген айырмашылықтардың негізін қалады. Осы категориялар тұрғысында табиғат пен ғарыш өз алдында заттар түрінде емес, тек олардың құбылысы түрінде ғана көрінеді. Нағыз және нақты болмысқа заттардың мәнін, олардың парадигмасын білдіретін идеялар ғана ие болады. Платонның идеялар әлемі – бұл сатылы түрде ұйымдастырылған жүйе. Оның ең жоғарғы шыңында Игіліктің абсолюттік идеясы орналасқан. Физикалық әлем немесе сезіммен қабылданатын ғарыш әлемі мынадай кесте негізінде пайда болады: үлгі (идеалды әлем), көшірме (физикалық әлем), Жаратушы (демиург) —  үлгіге сәйкес көшірменің авторы.

Платонның таным мәселесін жанда әуел бастан нақтылық түрінде ұштастыратын ақиқатты ажыратып алу ретінде қарастырады. Платон өнерді ақиқаттан ауытқан, риториканы ақиқатты мистификациялау ретінде қарастырса, ал риторика – абсолютке жетудің логикалық емес жолы. Платонның адам концепциясы дуалистік болғандықтан (жан мен тән), таным тазару ретінде, ал диалектика бетбұрыс ретінде қарастырылады. Жанның мәнгілігі Платон үшін ең маңызды мәселе болғандықтан метемпсихоз ұғымы әр түрлі мифтер түрінде сипатталады.

Платондық дүниетанымның інжу-маржаны оның бүкіл ой-толғамдарын қорытындылайтын «Мемлекет» диалогы болып табылады. Платонның түйіндеуінше, егер саясаткер философқа айналса, онда Ақиқат пен Игіліктің жоғарғы құндылықтарын негізделген шынайы мемлекет қалыптастыруға болады. Ал Әділеттілік бүкіл басқа нәрселер соның төңірегінде айналатын негізгі өзек болып табылады. Идеалды мемлекетті практикалық тұрғыда қалыптастырудың бірнеше мүмкіндігі сәтсіз аяқталған соң Платон өзінің «Саясат» және «Заңдарында» «барлық нәрсенің өлшемі — Құдай» деп санайтын адамдардан құралған нақты мемлекеттің формасын табуға ұмтылады.

Платондық Академияның ең қабілетті шәкірті Аристотельдің рухани дүниесін платонизм мен метафизикадан бас тартып, натурализм мен эмпиризмге бет бұру деп түсінуге болады. Яғни, ол ұстазының жолын қайталамай, оның ілімін алға жылжыта отырып, оның теориясы шеңберінен шыға білген. Аристотельдің таланты мен ғылыми рухы оны тәсілдер дифференциациясына, органикалық синтез бен жүйелеуге алып келеді.  Ол философиялық білімдердің – метафизиканың, физиканың, психологияның, этиканың, саясаттың, логиканың даму жолдарының негізін қалады.

Ғылымдарды классификациялауда Аристотель ең алдымен теориялық ғылымдарға басымдылық береді, оның ішінде барлық ғылымдардың шыңы ретінде ең маңызды орнын метафизикаға немесе «бастапқы философияға» беріледі. Бұл жалғандыққа жол бермейтін білімге деген таза құмарлық, ақиқатқа деген құштарлық. Оның мақсаты болмыстың төрт себебін зерттеу болып табылады, оның ішіндегі ең маңыздылары – барлық заттарды құрайтын форма (мәнділік, бастапқы субстанция) және материя. Және метафизиканы тәмәмдайтын сезімнен тыс субстанция – бұл мәңгі және қозғалмайтын Бастапқы түпнегіз, Бастапқы қозғаушы. Аристотельдің өзінің физикасында сезіммен қабылданатын субстанцияларды зерттей отырып, оның ішкі сипаттамасы ретінде қозғалысты қарастырады. Оның психологиясы бірнеше трактаттарда мазмұндалған, оның ішіндегі ең терең және даралығымен ерекшеленетіні «Жан туралы» деп аталады. Стагирит жанды үш құрамда қарастырады: вегетативті, сезімдік және рационалдық, бірақ оның алғашқы екі құрамы барлық жанды заттарға тиесілі болса, тек адам ғана осы үш құрамның барлығында да бірдей ие.

Аристотель де Платон сияқты өзінің мектебін – Ликей немесе Перипатетиктер мектебін ұйымдастырды.

Эллиндік-римдік философия сегіз ғасырға жуық уақытты қамтитын антик философиясы тарихындағы ең ұзақ кезең болып табылады. Эллиндік дәуір гректердің саяси өмірімен қатар рухани әлемін де ұлы өзгерістерге алып келген А. Македонский жорықтарымен басталады.

Саяси дербестікті жоғалту гректің полистік жүйесінің дағдарысымен сипатталады. Эллиндік монархиялар жағдайындағы жаңа өмір тәртібі бұрынғы «құндылықтарды» қажет етпеді, мемлекет пен адам арасындағы ескі байланыс бұзылды. Азамат пен мемлекет арасындағы тығыз тұтастықтың бұзылуы бұл кезеңде этиканың саясаттан бөлінуіне әкеліп соқты.

Эллиндік адамның әлемге көзқарасы антик философиясы дағдарысын, деградациясын білдіретін философиялау сипатын айқындайды. Философия бірте-бірте өзінің шығармашылық сипатынан арылып, философия бет-бейнесіндегі акцент те өзгере бастайды. Басты назарға этика алынып, адамгершілік мәселесінде мынадай сұрақ алдыңғы орынға шықты: әлемнің бұзылып жатқан тұсында қалай еркіндікті сақтап қалуға болады? Сондықтан да стоиктер философияны жеке бөліктерге бөле отырып, оны бақшаға теңейді, онда бақтың қорғаушысы – логика, ағаштары – физика болса, ал оның жемістері мен ұмтылатын мақсаты этика болып табылады.

Эллинизм дәуіріндегі ең танымал мектептердің бірі – кинизм болды. Кинизм байлық, атақ, даңқ, билік және тағы басқа да бақытсыздыққа әкелетін адамға тән иллюзияларды теріске шығара отырып, халық арасында үлкен табыстарға жетті.

Эллинизм философиясының жарқын беттерінің бірі Эпикур шығармашылығы және б.з.д. 4 ғасырдың соңында ол негізін қалаған «Бақ» мектебі өкілдерінің философиясы болды. Оның ілімінде каноника да, физика да бар, алайда олар этиканың функциясы арқылы ғана жүзеге асады. Яғни, бұл – адамның мақсаты туралы ілім, бақыт және оған жетудің тәсілдеріне негізделеді.

Б.з.д. 4 асырдың аяғында Афинада тағы бір атақты философиялық стоиктер  мектебі пайда болды. Ол б.з. 3 ғасырына дейін өмір сүріп, дүниеге Зенон, Сенека, Марк Аврелий ұлы ойшылдарды әкелді. Стоиктер гераклиттік от — логосқа сүйенеді. Стоиктер ілімінде кедейлер мен құлдардан бастап императорға дейін пейіл бұруы оның кең танылуына себеп болды.

Эллиндік дәуірде стоицизммен салыстырғанда азырақ таралған тағы бір философиялық бағыт – скептицизмнің негізін қалаушылар Пиррон мен Тимон болды. Скептицизмнің идеалы — теория туралы пікірден бас тарту, практикада мүмкін болатын парасаттылыққа ғана, әдет-ғұрыпқа ғана сүйену.

Эллинизм дәуіріндегі пұтқа табынушылық даналықтың соңғы бағытының бірі б.з. 3-4 ғасырларында дамыған неоплатонизм болып табылады. Неоплатонизм өз дәуіріне тән философиялық бағыт болғандықтан сол заманның қоғамы мен адамының әлеуметтік тәжірибесін дәл ұғынып, оны абстракциялық философиялық формулаларда шебер көрсете білді.

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!