Б.Соқпақбаев шығармаларының аударылуы

0
13

Тақырыбы: Б.Соқпақбаев шығармаларының аударылуы

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ…………………………………………………………..

І-БӨЛІМ

Б.Соқпақбаев шығармаларының идеялық-көркемдік

ерекшеліктері…………………………………………………….

П-БӨЛІМ

Жазушы шығармаларының орысша тәржімасы..

ҚОРЫТЫНДЫ………………………………………. ………

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР………… …..  .

І. Жұмыстың тақырыбы:  Б.Соқпақбаев шығармаларының аударылуы

  1. Жұмыстың көлемі :    46 бет
  2. Зерттеу жұмысының мақсаты. Б.Соқпақбаев шығармаларының жалпы әдеби процестегі алатын орнына, қаламгердің идеялық-эстетикалық ізденістеріне, прозалық шығармаларының көркемдігіне, сыр-сипатына тоқталу. Б.Соқпақбаев шығармаларын орыс тіліндегі жарық көрген аудармасымен  салыстыра отырып, аудармашылардың осы шығармаларды тәржімалаудағы  ерекшеліктерін, қолданған әдіс-тәсілдерін көрсету. Баламалар мен сәйкессіздіктерді анықтай отырып, аудармашы шеберлігін айқындау.
  3. Қолданылған әдістер. Б.Соқпақбаев шығармаларының аударылуын зерттеуде   жүйелі-комплексті,    тарихи-хронологиялық,        ғылыми        салыстырмалы   типологиялық, текстологиялық әдіс-тәсілдерді басшылыққа аламыз.
  1. Жұмыстың құрылымы.

Жүмыс   кіріспеден,   екі   тараудан   және   қорытындыдан   тұрады.

Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.

  1. Тірек сөздер: балама аударма, ырғақ, шынайылық, аудармашы шығармашылығы, түпнұсқа, тұрақты тіркестер, ұлттық реалийлер

КІРІСПЕ

Қазақ елі сан-салалы өзгерістер дәуірінде тіршілік кешкен тұста  шетел халықтары әдебиетінің үлгілерін қазақшаға тәржімалау және қазақшадан өзге тілдерге аудару ісін  орыс тілін араға салмай-ақ  жүзеге асыру өмірге еніп отыр. Бұған қарап ғылым мен әдебиеттегі, жалпы мәдениеттегі орыс елі мен  қазақ елі, орыс тілі мен қазақ тілі, осы екі елдің әдебиеттері арасындағы байланыс деңгейі төмендеген  екен деп ойлауға болмайды.  Керісінше, бұл байланыстарды нығайта түсуді уақыт, заман талап етуде. Сан алуан мәдениет кеңістігі қалыптасқан, көп ұлтты Қазақстан жағдайында бұл байланыстардың маңызы күн санап арта түспек. Осы орайда көркем аударма мәселесі  көкейтесті мәселелердің бірі ретінде көрінуде.

Біздің Қазақстанда  аударманың тәжірибесі мен теориясы  жайлы сөз әдетте  орыс тілінен қазақ тіліне аударылу жөнінде болатын.  Ал қазақ тілінен орыс тіліне аударудың  мәселелері мүлде дерлік ескерілмей келді.  Бұл саладағы тәжірибе теориядан әлдеқайда озып кеткен. Орыс тіліне аударылу қазіргі қазақ әдебиеті үшін ең мәнді, өміршең маңызы бар мәселе. Ал оның таңдаулы үлгілерінің  жемісі бүкіләлемдік аренаға  шығу жолындағы  бірден-бір қақпа болып отыр.

Негізінен отызыншы жылдарда С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат»,  «Азамат Азаматыч»  романдарынан, кейбір жекелеген әңгімелер мен  повестерден басталған аудару ісі,  1940-1950 жылдарда ерекше қарқынмен дамыды.  Міне, дәл осы кезде М.Әуезовтің «Абай жолы»,  С.Мұқановтың » Ботагөзі»,  «Сырдариясы» мен «Өмір мектебінің» екі кітабы, Ғ.Мүсіреповтің  «Қазақ солдаты» мен «Оянған өлкесі», Ғ.Мұстафиннің «Қарағандысы» мен «Шығанағы»  сияқты қазақ әдебиетінің ең таңдаулы  үлгілерінен саналатын туындылар орыс тіліне аударылып, жұртшылыққа кеңінен танымал болды. әсіресе қазақ әдебиеті мен өнерінің 1958 жылғы  мәскеуде өткен онкүндігі қарсаңында көп іс тындырылды.  Бұл кезде қазақ прозасының  елеулі деген туындылары түгелге жуық аударылды. Бұлардың ішінде қазақ оқырмандарымен қайта табысқан  с.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіровтің прозалық шығармалары да бар еді. Бұдан кейін біраз бәсеңдеген аударма ісі 1966-1969 жылдары қайта жанданды. Осы жылдары З.Шашкиннің, Х.Есенжановтың, Ә.Нұрпейісовтің, С.Шаймерденовтың, Ш.Мұртазаның т.б көрнекті жазушылардың шығармалары аударылды.

Ұлт тіліндегі туындыларды  орыс тіліне аудару  – өте маңызды, әрі өте қиын міндеттердің бірі.  Қазақ тілінен орыс тіліне аудару кезінде  аудармашылар екі тілді бірдей жақсы білетін әдеби сауатты адамдар болуы керек. Автордың өздері де  әдеби аударманың жасалу процесіне араласып отыру керек. Әр автор өзінің аударылып жатқан шығармасының  көркемдік, стильдік ерекшеліктерінің  толық сақталуына бас-көз болған жөн.

Бар тетік осы әдеби аудармашы еңбегінің сапасына байланысты екені көпке мәлім. Мұндай аса қиын, таза шығармашылық  жұмыс тек көркемсөз шеберлерінің ғана қолынан келетіні белгілі.  Неге десеңіз, тәржімаланып отырған шығарманың барлық қалтарыстары мен  құпиясына, ой жүйесіне, көркемдік ерекшеліктеріне  тек суреткер –аудармашы ғана тереңірек бойлай алмақ. Міне, бұл ретте біз қазақ әдебиеті үлгілерін аударып келген Мәскеулік орыс жазушылары Л.Соболев, В.Шкловский, Ю.Казаков, Ю.Домбровский, А.Пантилеев т.б.    аттарын сүйінішпен атай аламыз. Бізідің үздік шығармаларымыз осы аудармашылардың арқасында бүкіл жұртшылыққа кеңінен танымал болды. Сонымен қатар өздерінің қазақ қаламдастарының шығармаларын аудару саласында  көп іс тындырып жүрген республикамыздағы орыс жазушылары  Н.Анов, И.Шухов, А.Ананьев, В.Новиков, И.Щеголихин,  В.Саввин, М.Роговой еңбектерін ескерусіз тастап кете алмаймыз.

Бір шығарманы  қайта жаңартып жазып шығу деген  өте ерекше жұмыс. Онда бір ғана қазақшадағы ұлттық колорит сақталып қоймайды, сонымен бірге сол қазақ прозасының  шеберіне тән стильдік ерекшелігі де толық сақталуы тиіс.  Мұндай негізгі стильдік ерекшеліктер деп, мәселен С.Сейфуллиннің  публицистикалық,  Б.Майлиннің стиліндегі  детальдар шындығы, М.Әуезов шығармаларындағы  кездесетін картинаның ауқымды тереңдігі мен  образдылығы, С.Мұқановтың оқиғаны кең көлемде қамтитын шебер әңгімешілдігі, Ғ.Мүсіреповтің юморлы туындылары және З.Шашкин, Т.Әлімқұлов, Ә.Нұршайықов, С.Шаймерденов,  Қ.Ысқақов, С.Мұратбеков тобындағы прозаиктерде кездесетін  лиризм мен психологиялық толғаныстар сияқты стильдік ерекшелікті атар едік.

М.Әуезов бір кезде: «Аудармашы шығарманы аудармас бұрын  оның фабулалық дамуын ғана  терең түсініп, сезініп қоймай, ол автордың өзіндік стиль-ерекшелігін, қолтаңбасын ажқсы тани білуі тиіс…». Сондықтан  аудармашы белгілі бір жазушының  шығармаларын аударғанда  өз көңіліне ұнаған туындыларды ғана  аударса ұтымды болар еді.  Аударма ісінде бұл көркем туындының рухын, стилін, жазу мәнерін,  жете ұғу жолындағы  ең тиімді, ең сыналған әдіс болып шығар еді.

Аударма сапасын арттыру – көп еңбек етуді, көптеген қиыншылықтарды бастан кешіруді талап етеді.

Көркем аударма дегеніміз – өзінше өнер, шығармашылық. Көркем аударма ісінің қазіргі кезеңінде  «география» кеңейтумен қатар, бұрын аударылған классикалық туындылардың  сапасына сын көзбен қарап, әлі де шыңдай түсу бағытында  жүйелі жұмыстар атқарылуға тиіс деп ойлаймыз.

Осы орайда көрнекті жазушы Б.Соқпақбаев шығармаларының аударылу сапасы да сын тезіне түсуі қажет деп есептейміз. Жазушы шығармаларының әдеби процестегі орны, көркемдік ерекшеліктері әдебиеттану ғылымында айтылып жүрген мәселе болғанмен, аударылу мәселелері зерттеле қойған жоқ. Сондықтан да біз бітіру жұмысымыздың тақырыбын «Б.Соқпақбаев шығармаларының аударылуы» деп атадық.

І ТАРАУ

Б.СОҚПАҚБАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ИДЕЯЛЫҚ-КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ.

Б.Соқпақбаев – ұлттық  әдебиетімізге соғыстан кейінгі жылдары келіп қосылған, өзіндік келбеті мен дара болмысы бар талантты жазушыларымызды бірі. Бұл уақыт қазақ прозасының ерекше жемісті, өнімді тұстарының бірі болғандығы көп айтылып жүр. Нақ осы кезеңде қазақ  көркемсөзінің биігіне көтерілген Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, С.Шаймерденов, Б.Соқпақбаев, З.Қабдолов, Н.Ғабдуллин т.б. бір топ қарымды қаламгерлер  ұлттық прозаға жаңа тақырыптар мен идеялар, мінездер ғана алып келген жоқ, сонымен қатар оның поэтикалық өрісін кеңейтті.

Б.Соқпақбаев әдебиетке әуел баста ақын ретінде келді. Жазушының тұңғыш өлеңдер жинағы  1950 жылы “Бұлақ” деген атпен жарық көрді. Жинақтағы тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін өлең-тақпақтарда орнымен ойнақы қозғалған тақырып, ой, өнегелік сөз бала ұғымына қона кетеді. Тілінің жеңілдігі мен әуенділігі, оқиғаларының өмірден алынып, аса ықшам болып келуі балаларды қызықтырады. Кезінде балғын оқырмандардың ықыласына бөленген, бірақ ұстаздық тағылымы жете бағаланбаған  бұл жинақтың қазақ балалар әдебиетінде өз орны бар екені даусыз.

Шығармашылық жолын өлең жазудан бастағанмен  қаламгердің суреткерлік қарымы прозада танылды. Б.Соқпақбаев шеберлік мектебі саналатын әңгіме жанрында  едәуір еңбектенді. Жазушының әңгімелері нәрлі идеясымен де, көркемдік құнарлығымен де назар аударады. Қаламгердің көптеген әңгімелері қарапайым оқиғалардан да көңіл аударарлық келелі ой айта алатындығымен және оны айқын жасалған адам образы арқылы ұғымға жеңіл, түсінікті етіп жеткізетіндігімен ерекшеленеді. Б.Соқпақбаевтың аталмыш жанрда да өзіндік бір тың авторлық тұрғы ұстанғаны, басқалар жүріп өткен жолды тағы да қайта шиырлағысы келмегендігі туралы    А.Нұрқатов, С.Қирабаев және тағы басқа  да көрнекті ғалымдар құнды пікірлер айтады.

Көрнекті орыс жазушысы Чехов қысқа жазудың, көлемі шағын әңгімелер жазудың қиындығын сөз ете келіп, көлемі шағын әңгімелер арқылы ұмытылмастай адам бейнесін жасау үшін жазушыға үлкен шеберліктің қажеттігін айтқан. Б.Соқпақбаевтың аталған жанр үлгісіндегі  шығармаларына зер салғанда жазушы шеберлігі өзінше оқшауланатынын байқаймыз.  Бұл мәселе арнайы зерттеуді қажет етеді.

Тұтастай айтсақ, Б.Соқпақбаев қаламынан қазақ әдебиетіне  аз мұра қалған жоқ. Әсіресе, қаламгердің суреткерлік қолтаңбасын айқындаған, жазушылық талабы мен талғамын танытқан озық туындылары –  «Жекпе-жек»,  «Мені” атым Қожа», “Балалық шаққа саяхат», «Қайдасың, Гауһар?»  повестері мен «Өлгендер қайтып келмейді»  романы. Аталмыш туындылардың көркемдік-эстетикалық деңгейлері туралы орнықты пікір қалыптаса қойған жоқ. Сондықтан да Б.Соқпақбаевтың бұл туындылары қазіргі тұста әдебиеттану ғылымының зерттеу нысанасына, талдау өзегіне айналуы өте қажет.

Жазушы шығармаларының құндылығы ондағы көркем образдар галереясының сапасымен айқындалатыны аз айтылып жүрген жоқ.  Б.Соқпақбаевтың повестері мен аталмыш романы арқылы әдебиетімізге келген сотқарлау, қушыкештеу, бірақ   жаны таза  Қожа, сүйкімді Жанар, табанды Мұрат, өтірікші, жылпос Сұлтан, Садық, Аяжан, Нұрдәулет секілді қарасирақ балалар,  Тоқмолда директор, Байғұлақ,  Майқанова, Еркін, Нұрәлі сияқты қызықты геройлардың ұлттық әдеби бейне мен мінезді дамытуға сіңірген әсер-ықпалын жүйелі зерттеу  көп мәселенің басын ашатыны сөзсіз.

Б.Соқпақбаев шығармаларының тақырыптық көкжиегі, суреттеу аймағы зор, көлемі кең. Жазушы прозасының тұтас тұлғасын ұстап тұрған бірнеше үлкен тақырып бар. Олар:  1/ Балалар өмірі; 2/ Ұлы Отан соғысы тұсындағы   тылдағы елдің тыныс-тіршілігі; 3/ Спорт; 4/ Махаббат пен достық т.б. Жазушы бұл тақырыптардың қайсысын алса да жеріне жеткізе шыншылдықпен суреттей білді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер өмірі жазушы шығармаларының негізгі өзегі десе де болғандай. Сондықтан да жазушының қай шығармасын алсақ та олардың негізгі кейіпкерлері жеткіншектер болып келеді. Сонымен қатар жазушы шығармалары ересектерге де ұнамды, әсерлі. Ал «балаларға арналған әдебиет сол балалармен қатар үлкендер оқитын дәрежеге жеткенде ғана қызықты, құнды әдебиет болса керек. Аркадий Гайдардың, Самуил Маршактың шығармалары осыны аңғартады», – деген Ғ.Мұстафин пікірінің бір дәлелі осы Б.Соқпақбаев шығармалары болса керек (1,126).

Балаларға тәрбие берудің негізгі бір саласы – дене тәрбиесі, яғни физкультура мен спорт. Ол жас ұрпақты ұйымшылдық, тәртіптілік, табандылық, төзімділік тәрізді ізгі қасиеттерге баулып, дене құрылысымен бірге рухани байлығын өсіреді. Жас буынға спортты насихаттауда көркем әдебиеттің орны ерекше. Әдебиеттің осындай тәрбиелік маңызын ескеруден барып туындаған жазушының тырнақалды туындысы «16 жасар чемпион» повесі 1951 жылы жарық көрді. Ерінбей еңбектенген адамның әрқашанда көздеген мақсатына жететінін, арманына жету үшін қиындыққа бүгілмеу керектігін автор Мұрат бейнесі арқылы көрсетеді.

Повестің ең бірінші атап айтуға тұрарлық ерекшелігі – оның тақырыбының қазақ әдебиетінде мүлдем тың, жаңа болуында. Елуінші жылдарға дейін әдебиетімізде спорт тақырыбы жеткілікті түрде сөз болмағандығын ескерсек, жазушының спорт өнері тақырыбына алғашқылардың бірі болып қалам тартып, көлемді шығарма жазуы айрықша атап өтуді қажет етеді. Б.Соқпақбаевтың аталмыш туындысына дейін сол тұстағы спорт тақырыбына жазылған көлемді шығармаға  Қ.Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» повесін ғана жатқыза аламыз.

«16 жасар чемпион» 1957 жылы «Чемпион» болып, 1962 жылы тағы да өңделіп «Жекпе-жек» деген атпен жарық көрді. Шығарманың 1951 жылғы нұсқасының сыртқы құрылымына  назар аударсақ, туынды «Аурушаң бала», «Түсінбеймін», «Тұңғыш табыс», «Керісу, келісу» т.б сияқты тақырыпшалары бар 14 тараудан тұрады.  Кейінгі нұсқаларында тақырыпшалар алынып, повесть қысқа-қысқа 55 бөлімге бөлінген.

Сөйтіп, балалар әдебиетінде елуінші жылдарға дейін көріне қоймаған жаңа сипаттағы оқушы немесе спортшы бала образы Б.Соқпақбаевтың күрделі тартысқа құрылған “Жекпе-жек” туындысында бейнеленді. Жас адамның мінез қалыптастыру процесін, азаматтық жетілу жолын көрсетуге арналған  бұл повесте ауыл баласы Мұрат Батырбаевтың жалықпай, қажымай, талмай, табандылықпен жаттығуының нәтижесінде бокстан әлем чемпионы атағын алуы айтылады. Повесть кейіпкері  түрлі жағдайлар, қайшылықтар, күрестер үстінде толысып сомдалады.

Сондай-ақ, шығармадағы физкультура пәнінің мұғалімі,  спортшы, көпшілік мүддесі үшін жан сала қызмет ететін, ізденгіш жастарды әр нәрсеге еліктіргіш Николай Трофимовичтің және педагогика мен спорт дегеннің иісі мұрындарына  бармайтын “Қызыл шекарашы” мектебінің директоры  Тоқмолданың, ефрейтор Байғұлақтың бейнелері  қаламгердің суреткерлік дарынын, өмір ақиқатын дәл, нақты көрсету шеберлігін байқатады.

“Суреткер өз шығармасында не жайлы, қандай өмір шындығы жайлы ой толғағанда да, басты шындықты адам образы арқылы ғана ашып береді” (2,156) дейтін болсақ, шығармадағы Тоқмолда образы  дәуір шындығынан хабар береді. Соғыстан кейінгі  жылдардағы мектептердің мұғалім кадрлары шынында да ойдағыдай емес еді. Педагогикалық білімі мен тәжірибесі мол мұғалімдердің барлығы майданға аттанып, олардың орнын осындай дүмшелер басқаны ақиқат. Тоқмолдадай өте қызықты, тың бейнені сомдай алғаны жазушының сәтті табыстарының қатарында атауымызға болады. Суреткер бұл кейіпкердің мінез диалектикасын жіті талдайды.  Педагогикалық істегі жауапсыздық, шәкіртке тәрбие берер ұстаздың жеке басының надандығы, білімсіздігі Тоқмолда, Байғұлақ бейнелері арқылы әшкереленеді.

Қаламгердің бұл шығармасы туралы сын пікірлер, рецензия түріндегі мақалалар шығарма жарық көрген жылдардан-ақ  республикалық баспасөз бетінде  жариялана бастады.

Бұл шығарманың кезінде көптеген жасөспірімдердің спортпен, әсіресе, бокспен айналысуына септігін тигізгені анық. Сонымен «Жекпе-жек» – үлкенге де, кішіге де тартымды, қызғылықты шығарма. Қырқыншы-елуінші жылдардағы өмірдің кейбір шындықтары, шыншыл, толыққанды адам бейнелерінің көрсетілуі повестің құндылығын арттырады.

Жазушының екінші көлемді шығармасы – 1953 жылы Қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан жарық көрген «Алыстағы ауылда» деп аталатын повесі.

Бұл повесінде Б.Соқпақбаев мектеп оқушыларының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы колхозға тигізген жәрдемін арқау етеді. Балалардың жазғы демалыс кезінде  шөп шауып, колхозға зор қолғабыс тигізуі, Болат, Досан тәрізді икемсіз, қыңыр балалардың шаруаға бастығып жұмысқа араласуы, жасөспірімдердің ұйымшылдығы, олардың арасындағы достық, Отанға деген сүйіспеншілік  тәрізді жайттар ұласа келіп, көз алдымызға алыстағы ауылдың соғыстың қатал жылдарындағы шынайы суретін елестетеді.

Жазушының бұл шығармасы да кезінде оқырмандар назарын аударып, әдеби сын тарапынан тәуір баға алған. Олқылықтары да көрсетілген. Мәселен, Ғ.Мұстафин повесті: «… Соқпақбаевтың кейбір әңгімелері мен «Алыстағы ауылда» атты повесі қазіргі күйінің өзінде кейбір сарыкідір жазушыларымыздың шығармасынан жоғары тұр», – деп бағалады (1,113).

Белгілі ғалым Х.Сүйіншәлиев 1954 жылы «Коммунизм таңы» газетінде  жарияланған «Алыстағы ауылда повесті туралы» деген мақаласында Б.Соқпақбаев шығармасының жетістік, кемшілігіне тоқтала отырып: «Біздіңше Соқпақбаев көп ойланып, ізденіп сөзді ұқыпты қолданып отырса, болашақта үміт күттіретін жастардың бірі болады ғой дейміз. Және оның балалар өмірінен жазуы, балалар әдебиетіне үлес қосуға талаптануы да игілікті бастама.  Жұртшылық автордан осы бастамаларынан үлкен нәтиже шығаруын күтеді», – деп жазды (3).

Балалардың жанына жағар, ойын өрістетер, көркем шығарма жазу – асыл мұрат. С.Бегалин, Ө.Тұрманжанов, С.Омаровтардың шығармаларын бірнеше буын бойына сіңіріп, тағылым алды. Бұл жазушылардың кітаптары халқымыздың өткені мен бүгінінен хабардар етіп, дәстүр, салт-санамыздағы, әдет-ғұрпымыздағы асылдарымызды көркемдік шеберлікпен бере білді. Әсіресе, С.Бегалиннің «Бүгінгі Ыбырай», «Қазақтың Маршагы» атануы тегіннен-тегін емес. Есімдері әлемге аян Том Сойер, Гаврош, Тимур секілді қызық мінезді, қайратты балалардың қатарына С.Бегалин өз кейіпкерлері Сәтжан, Көксеген, Уәш, Ердендерді қосты.

Алдыңғы толқын ағалар тәжірибесі – кейінгі толқынға өнеге. Дүниетаным, білім, білік сипаттары әртүрлі болғанмен де бұл жазушылырдың  дәстүрін Соқпақбаев өзінің ең таңдаулы деген туындылары арқылы жалғастыра білді. Суреткердің атақты Қожасы жоғарыда аталған кейіпкерлердің заңды жалғасы іспетті.

Дей тұрғанмен,  шығарма алғаш 1957 жылы «Өзім туралы повесть» деген атпен жарық көргенде әдебиетшілер арасында талас та тудырған еді. Бұзақы Қожаның шәлкес қылықтарымен танысқан балалар бұзылып кетеді деп қорқушылар да болған. Өйткені, елуінші жылдардағы балаларға арналған санаулы повестерді шолып шықсақ, балғын кейіпкерлер негізінен тәртіптілігімен, ересектер алдында инабаттылығымен, социалистік меншікті сақтауға және қорғауға, қоғамдық еңбекке шама-шарқына қарай ұмтылушылығымен ерекшеленетін.  Міне, осы кезеңде бойындағы табиғи болмыс-бітімімен, өзіндік қарама-қайшылықтарымен әдеби аренаға шыға келген Қожа тәрізді бейнені көргенде әдеби қауымның тосылып қалуы түсінікті еді.  Бірақ повесть орыс тіліне аударылуы мұң екен, қазақтың сүйкімді де сотқар баласы дүние жүзін аралап кете барды. Туынды украин, өзбек, молдаван, литван, латыш тілдерінде бірінен соң бірі басылып шықты. Француз тілінде де жарық көрді. Талантты режиссер Абдолла Қарсақбаевтың  повесть бойынша түсірілген кинокартинасы 1967 жылы Францияның Канн қаласында өткізілген балалар мен жасөспірімдер көркем фильмдерінің дүниежүзілік фестиваліне қатысып, жүлделі орынға ие болды. Бұндай творчество бақыты тек талантты, санаулы суреткерлердің еншісіне ғана бұйыратыны мәлім.

“Образ жасаудағы ең жауапты буын – таптаурын сүрлеуге түсуден, бір шиырды айналсоқтаудан сақтану болса керек» (4,307). Осы таптаурын жолға түспей, көркем бейненің кілең ұнамды сипаттардан тұрмайтынын, өмірдің өзі сияқты оның да табиғаты күрделі екенін көрсететін, әрқилы сәттерде сынап-талдап, оның да өзіндік бітім-болмысы бар  «адам-азамат» екенін кестелеген де  Б.Соқпақбаевтың аталмыш  повесі. Қожа өмірден үйренеді, қате басады, сабақ алады. Образ диалектикасы дегеніміз осы. Қожа мінезінің даралануына септігін тигізген жазушының түрлі ұтымды, психологиялық ситуацияларды молынан пайдалануы дер едік. Шығармадағы шырғалаң оқиғалар мен соны туғызған жағдайлар повестің орталық тұлғасы – Қожа характерінің алуан сырлы психологиялық күймен ашылуына әсерін тигізген деп тұжырым жасауымызға болады.

Осы уақытқа дейінгі жарияланған шығармалардағы кейіпкерлер бойынан табылатын ұстамдылық, үгітшілдік оған жат.  Бұл шығарма арқылы бой көрсеткен осындай сипаттар  балалар прозасының басты белгісіне, жетекші бағытына айнала бастады. Бұл – Б.Соқпақбаевтың үйреншікті дағдыдан бойын аулақ салып, суреткер есебінде өсіп, қалыптасқанының белгісі.

Повесть шынайылығымен, балалар психологиясындағы ерекшеліктерді юморлық тілмен тартымды суреттеуімен, олардың ой-қиялын шыншылдықпен, реалистік дәлдікпен жеткізуімен, соны характерлер сомдау шеберлігімен балғын оқырмандар үшін айрықша қымбат. Мұндағы әр кейіпкер характер дерлік. Елгезек, әрі істеген әрекеттері  сәтсіз аяқтала беретін Қожа, сері жігіт болуға еліктеген Сұлтан,  жалаң белсенді Жантас, үнемі күлімсіреп жүретін, сүйкімді Жанар, ақылшы аға Ахметов… т.б. – Б.Соқпақбаевтың сөз болып отырған повесіндегі жазушылық үлкен шеберлікпен сомдалып шыққан шоқтықты образдар.

“Менің атым Қожа» повесінің ерекшелігі, табыс көзі жазушының бала психологиясын, жан сарайын шынайы бейнелеуінде деп айтуға толық негіз бар. Ұлы жазушы М.Әуезовті”: “…Орыс жазушыларынан анық сүйетінім: Толстой, Достоевский. Адам жанын соларша қойма ақтарғандай ақтармаған соң, жазушылықтың мәні де жоқ. Прозаға психология араласпаса, өзгенің бәрі сылдыр су, жабайының тақ-тақ жолы” (5,129) деген пікірі бар. Б.Соқпақбаев та өз шығармасында адам болмысының қатпар-қатпар қалтарыстарына үңіле біліп, прозада психологизмді алдыңғы орынға шығарады. Ол үшін қаламгер психологиялық талдау тәсілдерін молынан пайдаланады. Ал көркемдік тәсілдің қай-қайсысы да кейіпкер табиғатының жұмбақ сырларын ашу, сол арқылы шығарманың идеялық-көркемдік салмағын арттыру мақсатында қолданылатыны белгілі. Повестегі кейіпкерлердің психологиясын талдау олардың сөйлеген сөздері арқылы да, іс-әрекеттері арқылы да, монолог тәсілі арқылы да жүзеге асып жатады. Осы тәсілдердің қайсысын қолданса да Б.Соқпақбаев артық-кемі жоқ табиғи өлшемнің шегінен шықпайды. Суреткердің таңдаулы туындысында аталмыш көркемдік құралдардың ішінде монологтың қызметі ерекше. Қаламгер өзі сомдаған кейіпкерінің сезім құбылыстарын суреттейтін күрделі психологиялық мезеттерде ішкі монологты ұдайы пайдаланады. Бас кейіпкер Қожаның жан-дүниесі, ой-толғаныстары, көңіл-күйі, характер сыры осы тәсіл арқылы кеңінен ашыла түседі.

Жас жеткіншектің шалдуар мінезіне құрылған повестің өзіндік көтерген проблемасы да бар.  Қожаның тентектігі белгілі бір логикадан туындайды. Болашақта ақын-жазушы болуды армандайтын Қожаның бойына жағымсыз мінез, ұнамсыз қылық қайдан келді?! Тәртіпсіздігінің себебі неде? Оның атышулы іс-әрекеттеріне кінәлі оспадар Сұлтан ғана ма? Әлде немересінің бетінен қақпайтын қарт әжесі ме?  Әлі де баланың нәзік жанын түсіне бермейтін тәжірибесіз педагог  Майқанованың пионер лагеріне Қожадан үлгерімі төмен Жантасқа жолдама беруінің әсері ме? Ұстаздың шәкіртті  дұрыс бағаламауының да бала тәрбиесіне тигізетін әсері мол екен. Дер кезінде дұрыс бағыт бере білген болса, Сұлтан да теріс жолға түспес пе еді!? Осындай  сан алуан  сұрақтар сырын ашу үшін  жазушының  әдеби жағдайға  ерекше  мән бергенін көреміз.

«Менің атым Қожаның» көркемдік ерекшелігіне тоқталғанда, алдымен назар аударатынымыз құрылымының тосындығы, өзгешелігі. Көркем шығарма құрылымы сөз болғанда, әңгіме сюжет пен композиция туралы болатыны  белгілі. «Дүниеге келген әрбір туындының көркемдігі мен құндылығы осы екеуінің бірлігі арқылы анықталады» (6,114).

Сонымен қатар, бұл шығарманың жазылу әдісі, батыс әдебиетіндегі романның әрбір тарауына айдар ретінде көне қағидалардан үзінді беріп, оқушы үмітіне үкі тағып жетектейтін тәсілді  еріксіз еске түсіреді. Мәселен, В.Скоттың «Айвенгосын» қараңыз. Немесе Ж.Верннің «Дәрігер Окстың тәжірибесіндегі» әрбір тараудың басындағы мазмұнның қысқаша баяндалып кету нұсқасы өз дәрежесінде шығарманы өте ұтымды және қызғылықты етіп көрсеткені анық. Бұл да «Менің атым Қожаның» жазылу нұсқасына өз әсерін тигізгені байқалады. Осы орайда жазушының  «Сіз қалай жазасыз?» деген оқырмандар сауалына жауап ретінде жазылған «Мыңнан біреу» мақаласынан үзінді келтіре кетейік.

«…Дүниежүзілік әдебиеттің анау көрінген асқаралы шыңдарына көз тастай отырып, өзім туралы, өзімнің творчестволық лабораториям дейтіндерім туралы сөз қозғаудан кәдімгідей жүрексінем. Диккенс, Шекспир, Абай, М.Твен, Толстой, Горький, Гогольдар тұрғанда… Нағыз әдебиет дейтіннің  не екенін мен де әлгі аталған алыптарды оқып білгенмін. Шамамның келгенінше солардан үйренуге тырысқанмын. Менің кейбір жұртшылыққа азды-көпті танымал болған шығармаларымда өзім табысып, өзім аса сүйіп оқыған алыптардың әсер-ықпалы жіті көзді оқушыға сезіліп, байқалып та тұрады ғой деп ойлаймын» (7).

Жазушының өзі көрсеткеніндей «Менің атым Қожа»  мен М.Твеннің «Том Сойерін» салыстырып қарай бастасақ, тараулардың қысқалығы, оқырманды баурап алатын тартымдылығы, автордың айтайын деген ойын тым ауырлатпай, жеңіл елгезек тілмен алып кетуі сияқты ұқсастықтарды табуға болады. Оған  қоса  жағдайлардың  мінезді айқындау үшін  құрылғанының  ұқсастығын көреміз.  М.Твеннің Том Сойері мен Геккельбери Фин атты кейіпкерлерінің бойынан Сұлтан мен Қожаға тән мінездерді кездестіруге болады. Мәселен, жоғарыда айтып кеткендей Сұлтан мен Қожа кішкене Дәулетті алдап қымызын ішіп кетсе, Том Сойер үй алдындағы қақпаны басқа біреуге бояттырып, сол үшін ақша да ала біледі. Қожа мен Сұлтан қалың тоғайда қол алысып, шынашақ ілмелестіріп, қызыл ошақ сызып, қарақшылардай өмір сүруге серттессе, М.Твен кейіпкерлерінің де осындай әрекетке баратыны белгілі. Осы орайда  Б.Соқпақбаев кейіпкерлерінің де бойларындағы бар ұлттық мінез, ұлттық болмысымен-ақ М.Твен шығармасындағы  көркем бейнелерден бірде-бір кем түспейтіні, мінез-құлқы, ойлау өресі, іс-әрекеті жағынан шын өмірдің көрінісіндей нанымды жасалуы   жазушы шеберлігін байқататын фактор деп ойлаймыз.

Қысқасы, жазушының шынайы өмірден алынған қызықты хикаялары жоғарыдағыдай өмірі өлмес нұсқалармен әбзелденген. Алайда бұл – еліктеу дәрежесінде  қалып қоймаған, қазақ топырағының шындығынан барып туындаған  талантты шығарма. «Осындай шығарма қазақ балаларына да керек» деген мақсаттан барып туындаған дүние болса керек. Қаламгер стилін М.Твен, Ж.Верн. Ч.Диккенс т.б тәрізді әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің стильдік шеберліктерімен  салыстыра қарауға болады.

Қорыта айтқанда, жеке автордың ғана таңдаулы шығармасы емес, бүкіл қазақ әдебиетінің жетістігі болған “Менің атым Қожа” повесін әлем әдебиетінің осы бағытта жазылған /балалар тақырыбына/ шығармалар санатында бағалауға лайық, әлемдік рухани қазынаға үлес болып қосылған туынды ретінде қарауға болады. Б.Соқпақбаев балалар бейнесін жасауға арналған осы повесть арқылы шығармашылықтың биік шыңына көтерілді. Ол “Менің атым Қожа”  повесінде  Қожа, Сұлтан тәрізді кейіпкерлер бейнесін сомдай отырып, қазақ балалар әдебиетіне, қазақ прозасына  өзіндік өрнек, өзіндік стиль қалыптастырып, жаңа идеялық бағыт әкелді.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                 Өнер адамы өзінің балалық шағынан нәр алады. Өмір бойы сол қыр астында қалған жастықтың жасыл белесінен келісті сурет, көркем бояу тауып, соны қайыра көз алдына елестетіп, жаны байып, жаңғырып отырады. Б.Соқпақбаев та өзінің балалық, жастық шағынан мол қазына жинаған. Сол қазынаның келісті көрінісін «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді»  туындыларынан көруге болады. Жазушы бұл шығармаларына өзі өмір сүрген кезеңнің нақты тарихи шындығын,  өз замандастарының тыныс-тіршілігін арқау еткен. Енді осы шығармалардағы өмір шындығы қай деңгейде  көркемдік шешімін тапты деген мәселе де суреткер қолтаңбасының  даралығын айқындайды.

Соқпақбаев повестерінің ішіндегі көлемдісі де, мазмұн жағынан ерекше тұрғаны да – “Балалық шаққа саяхат”.  Бұл шығармасында автордың өзіндік қолтаңбасы кеңірек танылған деуге болады. Б.Соқпақбаевтың туындыларына тән терең шыншылдық, өмірдің өз өрнегін бұзбай әсерлі, жатық,  әрі нақтылы айта білетіндік мұнда толығырақ көрінген.

Жазушы алыстан материал жинап әуре болмайды, өз басынан кешкендерін, көңілге тоқып, түйгендерін жазады. Қабырғасы қатпаған қаршадай кезінен-ақ тағдырдың сан қилы теперішіне төзе біледі. «Сегіз жасымда, бірінші класта оқып жүріп, шешем өліп жетім қалдым. Колхоздасудың алғашқы жылдары, ең бір қиын кез. Содан соңғы басымнан кешкендерді ойлай бастасам, осы күннің өзінде жүрегім қарс айырыла жаздайды. Япырау, қалай тірі қалдым, осы өмірге қалай жеттім? Нағыз ит жандының өзі екенмін-ау деп таңданам. Балалық шаққа саяхат повесі, міне, осы толғаныстан туған дүние. Ондағының бәрі де шын, бәрі де болған»,- деп тебіренеді қаламгер (7).

Осы ретте ұлы суреткер Ф.М.Достоевскийдің: «И запомните мой завет: никогда не выдумывайте ни фабулы, ни интриг. Берите то, что дает сама жизнь. Жизнь куда богаче всех наших выдумок! Никакие воображение придуманное вами не стоит того, что дает иногда самая обыкновенная, заурядная жизнь, уважайте жизнь!»- деген көреген пікірі еске түседі (8,367). Шындығында, материалды өмірдің өзінен алу дегеніңіздің өзі де оңай шаруа емес. Көрген-білген өмір құбылысына құл болып қалмай, оны типтендіріп, таразылап өнерлік құбылысқа айналдыру кез келген суреткерден айрықша шеберлікті қажет етеді.

Қоғамдық ғылымдардың ешбір саласының адам мен қоғам, адам мен оның жан-дүниесінің араларында жүріп жататын жай көзге көрінбейтін байланыстарының диалектикасын дәл көркем әдебиетке тән нәзіктікпен, дәл соған лайық жан-жақтылықпен суреттеуді өз мойнына ала алмайтыны рас. Демек, белгілі бір қоғамдағы тарихи-әлеуметтік шындықтарды тануда көркем сөз өнеріне ештеңенің тең келе бермейтіні ақиқат. “Балалық шаққа саяхат”  повесі де өз заманындағы қоғамдық шындықтың бет-пердесін ашқан әдебиетіміздегі кесек туындылардың бірегейі болды.

Ерекше атап көрсетерлік жайт – жазушының қазақ халқының трагедиясына айналған отызыншы жылдардың бас кезіндегі ауылдағы түрлі қайшылықтарды  «тігісін жатқызбай»  суреттей білгендігі. Адамға деген сенімсіздікке, жалған ғайбатшылар мен мансапқорлардың лаңына толы сонау бір қиын кезеңнің ауыр оқиғалары қазақ әдебиетінде азды-көпті әңгімеленгені мәлім. Мысалы, Ғ.Мүсіреповтың  «Сөз жоқ соның іздерінде», С.Шаймерденовтың «Мезгілінде», С.Жүнісовтың «Жапандағы жалғыз үй» романында, тағы басқа шығармаларда кінәсіз адамдардың нақақ жапа шегулері сөз болады.

Жазушы С.Шаймерденов “Мезгіл” атты повесінде жас бала Мезгілдің көзімен, сезінуімен қазақ жеріндегі отызыншы жылдардың  басындағы аштық оқиғаларын көрсетіп, халықты сондай күйге душар еткен белсенді өкілдің бейнесін жасайды. С.Жүнісовтің “Жапандағы жалғыз үй” романында да аталған жылдар шындығы нанымды елес береді. Мұнда болған оқиғаларды тың өлкесінің қадірлі еңбек адамы, колхоз құрыла бастағаннан қазірге дейінгі істердің жанды куәсі Күргерей қарт баяндайды. Шығармада елдегі әлеуметтік өзгерістер бір отбасының тағдырына байланысты көрсетіледі.  Осы орайда бұл романның Б.Соқпақбаевтың шығармасымен жақындықтары да көрініс береді. “Балалық шаққа саяхат” повесінде де автор бір отбасының тыныс-тіршілігі арқылы үлкен бір дәуірдің тұтас бейнесін көз алдымызға әкеледі.  Ал, Ғ.Мүсіреповтың  «Сөз жоқ, соның іздерінде»   жеке адамға табынушылықтың асқынған кезінде туған сорақылықтардың ізі көрсетілген. Кешегі адал адамдарды нақақтан кінәлаған заманда өмір сүрген, әңгіменің бас кейіпкерінің бірі – Жангөбек сол әділетсіздіктерді көзімен көрген, басынан кешірген кісі. Суреткер-жазушы әңгімеде жер бетін кіршіксіз тазалыққа бөлеген алғашқы қарды былапыттай басып, оның бетінде содырлы ізін қалдырып бара жатқан Айдарбектің ізін суреттеу арқылы дәуір сырын, заман ізін аңғартады.

Дегенмен, халық өміріндегі бұл трагедиялық кезеңнің көп қалтарыстары, халықтың ақиқат ахуалы осы кезге дейін әдебиетімізде жүйелі сөз бола қойған жоқ еді. Б.Соқпақбаев бұл повесінде, белгілі дәрежеде осы олқылықтың орнын толықтырған.  Ол шығарманың орталық кейіпкерінің көзімен аталған дәуірдің мол белгілерін жан-жақты бейнелей алған.

Халық азабын тартқан ашаршылық пен ауыл белсенділерінің асыра сілтеген әпербақандығы, қоғамдағы қиғаштықтарды батыл сөз еткен мақалалар, сыни пікірлер сексенінші жылдардың соңына қарай ғана айтыла бастады. Осының бәрін Соқпақбаев  «Балалық шаққа саяхатында» әлдеқашан айтып кеткен. Бұл повесть дәуірді, тарихты бала көзімен бағалау. Бектас өмірінің ащысы мен тұщысы, қуанышы мен сұмдығы кезеңмен үндесіп жатыр.

Повесте жазушы суреткерлігі таң қалдырады. Шығармада белгілі бір тұтастық, өрбіп отыратын желі жоқ секілді. Бірде сауатсыздықпен күрес, бірде конфискация, бірде жеке тіршілік суреттері көрсетіледі. Бірақ повесті оқып шыққаннан кейін оның толық  тұтастығын сезесің. Бастан-аяқ белгілі бір адамдар тобының бет-бейнелері сипатталып, әрі барлығы бір адамны” атынан баяндалғанына қарамастан бұл туынды новеллалар немесе шағын-шағын әңгімелер жиынтығына келіңкірейді. Бұдан автор ұтылмаған, қайта әр оқиғаға әр қырынан қарап, молырақ қамтуға мүмкіндік алған. Ат қойылған әрбір тараудың да өз композициясы сақталған. Оқиғаның басталу, даму, шарықтау шегі, шешілу тұстары бар. Қарап отырсаңыз, бұл жеке тараулардағы оқиғалардың әрқайсысы жеке-жеке сюжеттік өріс туғызарлық. Бірақ жазушы негізгі нысанасынан, бас геройынан жырақтамайды.

Зерттеуші М.Ыбырайұлы «Халықтық мінез хақында» атты мақаласында: «Қазақ халқының ұлттық мінезі  өзінің өмір кешкен кең байтақ  далалық,  қырлық  фонында  қалыптасты. Сондықтан қазақ халқына  тән негізгі белгілер: кеңпейілділік, жомарттық, салғырттық, қонақжайлық, көпшілдік,  жайбасарлық, кешірімділік, еріншектік, бауырмалдық,  намысқойлық,  төзімділік т.б», –  деп анықтама береді (9,96).  Повестегі  кейіпкерлердің бойынан аталмыш қасиеттердің барлығын кездестіреміз.

Жазушы шеберлігінің бір парасы – осы қиын кез, таршылық заман суреттерін   тек трагедиялық емес, юморлық бояудың молдығымен ерекшелеуінде дер едік. Жеңіл юмор, ащы мысқыл арқылы жазушы трагедиялық көріністің өзін лиризмге жеңілдіреді. Мәселен, повестегі басты кейіпкердің мектепке аяғына автомашинаның доңғалағынан жонып жасаған резеңке табан пимамен баруы қандай ауыр кезеңді суреттесе, ал жазушы оны жеңіл күлкі шақыра отырып, оқырмандарға қызғылықты түрде баяндап береді.  «…смех не только глубоко задевает чувство человека, но и формирует, воспитывает его» (10,119) – деп белгілі әдебиет зерттеушісі Ю.Борев айтқандай, Б.Соқпақбаев күлкімен әшкерелеудің тиімділігін ескерген деп айта аламыз. Оның шығармаларында көркемдік әдіс, көркемдік жүйе арасында сатира мен юморға аса маңызды орын беріледі. Қазақ әдебиетінде юморлық дәстүрді одан әрі дамытуда  жемісті еңбек еткен Б.Соқпақбаев творчествосының басты қасиеті осы юморлық әдіспен жазуында дер едік.

Қорыта келгенде, повесте  кейіпкерлер  бейнесі, сюжет және эпизод, кейіпкерлер шиеленісі бір-біріне әдеби  заңдылықпен  байланысып, шығарманың шарықтау  шегіне  жетуіне  мүмкіндік  берген. Повесть, сонымен бірге балалар әдебиетінің ең  үздік  үлгісі  болып  табылады. Жазушының  осы  еңбегі әр кезеңдегі әр жылдардағы  жас ұрпаққа  рухани  тәрбие беріп,  эстетикалық  сезім ұялататынына дау жоқ.

Бердібек Соқпақбаев шығармаларында үлкен бір дәуірдің бедерін жасағанын жоғарыда айтып кеттік. Жазушы осы тақырыпты одан әрі өрбітіп повестен де күрделі жанрға бет бұрды. Сөйтіп, соғыс жылдарындағы ауыл адамдарының тыныс-тіршілігін, соғыс зардаптарынан жүректері жараланған жас пен кәрі өмірін бүкпесіз баяндайтын «Өлгендер қайтып келмейді» (1967) романы жарыққа шықты.

Ұлы Отан соғысы кезіндегі күйзеліс, күйініші мол ел тіршілігі, арқаны аяздай қарыған тағдыр тауқыметі, ұлардай шулаған жетім-жесір зары, олардың сағыныш-мұңы, арман-аңсары, киесі мен соры қоса әдіптелген жазықсыз махаббаты, қабырға қайыстыратын қат-қабат ауырлық қиындықтар, бірақ бұған еңсесін түсірмей төзімділік танытып, адамгершіліктің ақ босағасына кір шалдырмаған ауыл адамдарының іс-әрекеттері, бірінен бірі қоздайтын  түрлі  қайшылықтар әлемі  60-80 жылдарғы прозаның терең сезіммен, үлкен тебіреніс-толғаныспен суреттеген өрісті тақырыбы болды.  Жазушылар соғыстың саяси мәніне емес, осы бір қиын уақыттағы адамдар бойындағы сапа дәрежесіне көңіл бөлді.

Біз бұл тарауымызда Б.Соқпақбаевтың балаларға арнап жазған көлемді шығармаларына тоқталып өттік.  Жазушы әрбір  кезекті шығармасында соны композициялық форма пайдаланып, жаңа образдар тудырып, ерекше көркемдік әлем ашады. Жазушының аталмыш туындыларындағы  балалардың типтік образдары  арқылы Соқпақбаев творчествосының жаңашылдығы, көркемдік шеберлігі, идеялық-эстетикалық мәні, ұлттық ерекшелігі айқын ашылып, әсерлі көрінеді.  Аталған шығармалардың барлығы да қазақ прозасының тыңына түрен салды. Басты өзегі – балалар өмірі бола тұра, бұл шығармалардың  бір-біріне ұқсамайтындығы дарынды жазушыны” үнемі шығармашылық ізденіс үстінде, өсу үстінде болғандығын айқындайды. Тарауды түйіндей айтсақ, мынандай қорытындыларға келуге  болады:

а/ Б.Соқпақбаев қазақ балалар әдебиетін жаңа белеске көтеріп, классикалық үлгі танытты;

ә/ Тек қазақ әдебиеті ғана емес,  әлемдік әдебиеттің таңдаулы туындыларының  санатында кейіпкерлерінің бойында ұлттық болмыс сипаты бар Б.Соқпақбаев шығармалары да  келер ұрпақтың рухани әлемін  байытуға үлес қосары сөзсіз.

ІІ ТАРАУ

ЖАЗУШЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ОРЫСША ТӘРЖІМАСЫ.

Жазушының әлем оқырмандарына танылуы – М.Балыкин, К.Семенов, С.Соқпақбаева, Ю.Домбровский, И.Щеголихин т.б. аудармалары арқылы жүзеге асты.  Ендігі сөз – К.Семеновтың аударуындағы «Менің атым Қожа»  мен М.Балыкиннің аудармасындағы «Балалық шаққа саяхат» повесі төңірегінде.

Аудармашының ешқашан  адастырмайтын темірқазық  жұлдыздай айнымас бағдары – автордың стилі.  Осы бағытты дұрыс ұстаса, ол әрқашан көркемдік дүниесіне  жол тауып шығады.  Стиль дегеніміз  мазмұн мен түрдің белгілі бір жарасымды тұтастығы, ой мен оның образдық бейнесінің  әлдеқандай бір баламасы, ақырында, ол ой мен сезімді бейнелеудің  белгілі бір мәнері, салты,  әдіс-тәсілі, ал көркем шығарманың стилі, суреткердің жүрегіндегі үздіксіз үн беріп тұратын сезімге байланысты.  Шығарманың мазмұнынан барып оның түрі туады. Мазмұн мен түрдің арасында әрқашан диалектикалық  біртұтастық жатуға тиіс.

Сонымен шығарманың мазмұнын неғұрлым дұрыс және дәл беремін дейтін болсақ, оның түріне елеусіз қарай алмаймыз. Әсіресе, көркем прозаның аудармасында мазмұн дәлдігіне оның түрін сақтау арқылы барады.

Түрді сақтау дегеннің  өзін де дұрыс түсіну керек Сөзді сөз күйінше аударып, тұрғанын тұрған жеріне бұлжытпай қоя салудан дәлдік шықпайды, одан сөзбе-сөз сіреспе аудармалар шығады.

Түпнұсқаның шеңберінен шықпай отырып-ақ сөз тіркестерінің ішкі сырларын аша білу, олардың ұғымдық және образдық мәндерін аударылып отырған тілдің жүйесімен дұрыс қиыстырып шығару аудармашы тарапынан үлкен зейінділікті,  шеберлікті тілейді.

Б.Соқпақбаев  шығармаларын аударудың ерекшеліктерін сөз етуден бұрын, әрине, оның өз стилінің ерекшеліктерін қарастыруымыз керек. Б.Соқпақбаев көркем сөздің асқан шебері.  Оның шеберлігі жоғарыда тоқталып өткеніміздей өмір шындығын жан-жақты кеңінен суреттеп  көрсете білгендігі болса, екінші жағынан  сөз өнерін шыңға көтерген тамаша суреткерлігінде. Оның шығармаларының мазмұны, оның бейнелеп отырған көріністері  мен кейіпкерлері  өмірдің нақ өзіндегідей  нақтылы да айқын болғанмен,  бейнелеу құралдары, сөйлемдерінің құрылымы  күрделі  келеді.  Ол өмір көріністерін, кейіпкерлерінің жан толғаныстарын суреттегенде, болмашы бір астарлы емеурінмен-ақ сөйлемдерінің бояуын құлпыртып жібереді. Мәселен, шығармаларында автор қолданған  ауыспалы мағынадағы сөздер сонылықтарымен есте қалады.

» Тажал тапжылар емес. Ежелгі дағдысы бойынша біздің босағаны иіскеп, мелшиіпті де қалыпты» (11,11).

Тажал дегенге жаны бар жауыз деп қалмаңыз. Бұл Қожаның жек көретін мотоциклы.  Аудармашы  Семенов бұл үзіндіні былай тәржімалаған.

» Опять принесло сюда эту нечистую силу! Торчит, как лошадь на привязи, и нюхает наши косяки» (12, 11).

Орысшаға аударғанда айрықша қиындық туғызатын да Соқпақбаев стилінің осы жағы. Мұнда неше алуан  нақыш-өрнектермен келетін  ой кестесін жазушының өзінше әдемі қойып шығу деген, әрине, тек шебердің қолынан ғана келеді. Соқпақбаев шығармаларын  аударудағы олқылықтардың көбі нақ осы тұстан көрінеді десек, қателеспейміз.

Аудармашылар М.Балыкин мен К.Семенов  аталған повестерді аударуда экспрессивтік құралдардың қолданылуы мен  автордың стильдік ерекшелігін дәл жеткізе білген. Түпнұсқаның ұлттық колоритін,  көркемдік ерекшелігін бере алуы, аудармашылардың Соқпақбаевтың сөз қолданудағы мәнерін, тілдің ерекшелігін жақсы білетіндігін аңғартады. Аударманың тілі көркем, жатық. Сапалы аударма нәтижесінде оқырман повестердің бас кейіпкерлері – Қожа мен бала Бектастың   ішкі жан дүниесінің қатпарларына бойлай енеді.

Жалпы балалар әдебиетінің аудармашысына жүктелетін  жауапкершілік аса айрықша.  Біріншіден, ол жеткіншектердің  нәзік әлемін күрделендірмей бере білуі керек. Екіншіден, жас ұрпақты басқа халықтың ұлттық мәдениетімен таныстыра отырып,  олардың дүниетанымының қалыптасуына әсер етуі керек.

Аударма мен түпнұсқаны салыстырмалы талдау барысында  аталған аудармашылардың балалар әдебиетінің  аудармасына қойылатын талаптарға  аса мұқият екенін байқаймыз. Олар Соқпақбаев сөйлемдерінің синтаксистік құрылымын бұзбауға тырысқан. Түпнұсқа тілінің бояуын соғындатпаған, ұзақ-сонар баяндаулар кездеспейді, тілі анық, түсінікті.

Көркем шығарма дегеніміз мазмұны мен формасы  біртұтас бүтін жатқан дүние. Оның идеясын, мазмұны мен ой тереңдігін немесе идея мен формасын  бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Демек, әр қайсысын әр түрлі әдіспен бөлек–бөлек аударуға да болмайды. Көркем шығарма дегеніміздің өзі болмыстың образды түрде бейнеленген нақты көрінісі. Әрбір көркем шығармадан  өмірді реалистік тұрғыда ұғынып, шынайы түрде дәл бейнелеу талап етіледі.  Көркем аударманы да біз ең алдымен көркем шығарма деп білеміз.   «Демек аударма – шығармада суреттелген  обьективтік болмысты  түпнұсқаның тілі арқылы реалистік тұрғыда ұға отырып, екінші тілдің образдық жүйесі арқылы  шынайы бейнеленген нұсқасы «(13,56). Олай болса, обьективтік болмысты суреттеуде түпнұсқаға қандай талап қойылса, оның аудармасына да дәл сондай талап қойылады.  Демек өмірдің белгілі бір құбылысына  реалистік көзбен қарап, оны шынайы суреттеу үшін  автор қандай құрал, нендей тәсіл қолданған болса, соның бәрі аудармашы үшін де заң.

Біз бұл пікірге қосыла отырып, аудармашылардың шығармадағы көркемдік компоненттерді қалай тәржімалағанына назар аударайық.

«Балалық шаққа саяхат» повесінен үзінді:

«Таулы аймақта ауа-райы құбылмалы. Текес бойының қысы бірде қатаң, бірде жұмсақ. Қар кейде қалың түседі, кейде жұқа түседі. Үскірік суық бола қалса, онша ұзаққа созылмайды. Төрт-бес күн қысып-қысып алады да ашуы тез тарқап, маужыраған қалыбына келеді» (14,240).

Енді осы үзіндінің орыс тіліндегі нұсқасын оқып көрейік.

» В горной местности погода переменчива, и зимы в долине реки Текес случаются то слишком суровые, то, наоборот, мягкие.

В иную зиму снег выпадает по колено, а случается, что еле прикрывают замлю. Наведываются сюда и трескучие морозы, но не надолго. Дней пять постучат они под окнами, а потом смягчаются» (12,166).

Аударма сәтті шыққан. Міне, аударма көп жерде нақ осы сияқты болып, Б.Соқпақбаев бейнелеген көрініс жанды қалпында көз алдыңа келеді де, бүкіл бояуымен, динамикалық екпін –ырғағымен, өз үні, өз тынысымен  санаңа, сезіміңе еркін жетіп жатады. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп», оқушыны  еліктіре баурап алып кетіп отырады.  «Менің атым Қожадан» үзінді:

«Құла дөненді желе аяңдатып отырып, түс ауа тау ішіне келіп кірдік. Бұл араның ауа-райы мен жер келбеті төменгі жазыққа еш ұқсамайды. Ызың еткен шыбын жоқ, сап-салқын.  Бет алдымыздағы тау аңғары жақтан қоңыржай самал жел есіп қоя берді. Құбылып жайқалған жасыл шалғын, гүл-бәйшешек» (11,35).

Аудармасы: «Мы ехали то шагом, то рысцой и к полудню добрались до гор. Воздух здесь был гораздо чище и прохладней, чем на равнине, а местность во много раз красивее. Исчезла и противная мошкара. От вершин тянуло ласковым, свежим ветерком. Вокруг колыхался плотный, сочный ковер из трав» (12,33).

Мінез жасау, кейіпкер тұлғасын сомдау ерекшелігі туралы айтар болсақ, жазушы шығармаларындағы кейіпкер мінезін қызық даралайды. Шығарма композициясында кездесетін  пейзаж, монолог, диалогтар суреткердің стильдік ерекшелігін айқындайды және характердің даралығын танытады. Әсіресе, диалогқа көбірек жүгіну  – жазушы қаламына тән ерекшеліктердің бірі. Ал енді осы  диалогтардың қалай аударылғанын қарастырайық.

Түпнұсқа:

«– Бұзақы боп ол не істепті. Ел тонап, кісі өлтіріп пе? – деді әжем.

… – Бақа әкел деген өздері көрінеді ғой. Бір Қожа емес, осында өзге балалар да  мұғалім әкел деді, соямыз деп, көлшіктен бақа ұстап алып жүрген Енді соның бәріне баяғы атышулы Қожа кінәлі.

  • Сонда әкелген бақаны оған мұғалімнің сумкасына салып қой деп пе?
  • Әдейі салды деймісің, тарбаңдаған неме өзі кіріп кетті де» (11,82).

Аудармасы:

» – Ну, уж и побаловаться мальчишке нельзя, –  вступилась бабушка. – Столько шума… Можно подумать, что он поджигает дома или грабит людей…

 

…– Они же сами велели  принести лягушку, – не соглашалась бабушка. – И не один Кожа, все ребята ходили на пруд за лягушками.  Теперь всю вину на него взвалили.

  • Да, но никому в голову не пришло положить лягушку в сумку учительницы…
  • А он ее туда клал? Может быть эта косолапая тварь сама туда прыгнула?» (12,81).

Аударма түпнұсқаға жақын. Диалогта балаларының ыстық-суығына  күйіп жүрген әженің типтік бейнесі көрінген. Аудармашы қазақ әжесінің сөйлеу мәнерін тәржімалауға айрықша назар аударған.

Қазіргі таңда көркем аудармаға деген талаптар  өсті. Оқырман аудармадан  автордың өзін, оның шығармасын әлемге әйгілі етіп, ұлылық дәрежеге көтерген  қасиеттерінің бәрін іздейтін болды.  Аудармашы түпнұсқаның бар стилін – интонациясын, үн-ырғағын, образдылық жүйесін, ұлттық ерекшеліктері мен тарихи сипатын, синонимдердің, идиомалардың, мақал-мәтелдердің, афоризмдердің түрліше астарларын  айнытпай бере білу керек.  Жеке бір сөздердің мағыналық, образдық орны ғана емес, болмашы екпіні мен емеурінін де  жеткізу керек.  Бұл аудармашыларға қойылып отырған заман талабы.

Енді осы талаптың тұрғысынан  сол «Менің атым Қожа»  повесінен тағы бір мысал алып талдап көрейікші.

«Топтың сыртына шыққаннан кейін, шоқша сақалы ашудан дір-дір етіп, тістеніп, әлгі мені алқымнан қылғындыра ұстап сілкіп-сілкіп жіберді.

  • Мойныңды үзейін бе! Баламды алдап қымызымызды рәсуа етіп

ішкендеріңмен қоймай, қаракөлімді неге ұрлайсыңдар?

Арқамнан тасбақа  сырғанап түскендей, дір ете қалдым. Көзінен ашу

шатынап тұрған  ақ қалпақтыны енді таныдым. Бұл анада бізден шылым тұтатып тартатын, жол үстінде кездескен қойшы еді.

  • Ақсақал, қаракөліңізді мен алған жоқпын, – дедім жалынышты үнмен (11,46 ).

Аудармасы:

» Человек этот был, видимо, не на шутку разозлен. Он стиснул зубы. Пучок его черненькой бородки подпрыгивал от ярости.

  • Он еще спрашивает ? – протянул человек. – Оторву тебе голову,

если она такая, что ничего не помнит!.. Это ты выпил кумыс в моей юрте и украл каракулевую шкурку!

Да, теперь я признал этого человека. Тот самый пастух, что просил у нас

с Султаном  спички.

– Не брал я вашего каракуля, – буркнул я краснея

– Наверно,  шайтан незримо посетил мое скромное жилище и унес шкурку. До вашего прихода она лежала на месте. Исчезли вы – не стало и шкурки » (12,44 ).

Аудармадағы қойшының соңғы репликасы түпнұсқада жоқ болғанмен, аудармашы Семенов автордың айтқан ойын қамтуға тырысқан. Бірақ манағы талап етілген интонация, ырғақ, яғни түпнұсқаға тән стиль қайда? Олар жоқ. Суреттің бояуы шашырап, баяндау екпіні босап, бір түрлі кібіртік пайда болған.

Сайып келгенде бұл ұтылыс па? Әрине ұтылыс. Мұндай ұтылыс еркін аударманың бәріне де тән. Онда не сөз қалып қояды, не түпнұсқаның жалпы табиғатына лайық келмейтін басы артық сөздер қосылады.  Мұның екеуі де шығарманың көркемдік бояуын, суреттің тұтастығын бұзады.  Сол бояуды, сол тұтастықты мүмкіндігі болғанша бұзбай, түпнұсқаға неғұрлым жақын етіп, әрі орысша жатық етіп аударуға бола ма? Болады! Олай етуге болатынын кейінгі дәуірдегі көркем аударма тәжірибесі дәлелдеп отыр.

Әдебиеттің бірінші элементі сөз болғандықтан, көркем аудармада әрбір сөзге мән бермесе болмайды.  Жазушының суреткерлік өнері де тек сөз арқылы ашылады.  Көркем шығармадағы әрбір сөз бүтін денедегі табиғи мүше сияқты. Оның әрқайсысының  алатын орны, атқаратын міндеті бар. Түпнұсқада белгілі бір мағыналық міндет атқармастан бос тұратын бірде-бір сөздің  табылуы да мүмкін емес. Ондай сөздер, әсіресе, Б.Соқпақбаевта табылмайды. Ол әрбір сөзді жеріне жеткізіп пайдалана білген жазушы.  Осы орайда  атақты жазушы Л.Н.Толстойдың мынандай бір пікірін  келтіре кету артық болмас дейміз. » В разговорной речи, – дейді ол, – мало будет разницы, каким способом мы выскажем  свою мысль, но в художественном произведении мы должны высказать ее идеальным способом. Мысль высказана в художественном произведении только тогда,  когда ни одного слова к сказанному нельзя ни прибавить, ни убавить,  ни изменить без того, чтобы не испорить произведения. К этому должен стремиться писатель».

Көркем аудармадан да біз осыны талап етуіміз керек.  Онда да әрбір сөзді  шегіне жеткізіп айтып, қосып- аларлықтай ешбір олқылық қалдырмау – аудармашы суреткер үшін асыл мұрат.

Сол себепті аудармада әрбір сөздің мағынасын қуып оны қалдырмай жеткізуге тырысуды «әріпқойлық» деп жариялау дұрыс емес деп ойлаймыз. Әріпқойлық дегеннің мәнісі аударғанда әрбір сөздің мән-мағынасын қалдырмай жеткізуге тырысуда емес, сөйлем құрып, ой өрнегін сызу үстінде сол сөздің лайықты да  қисынды орнын тауып қоя білмеуде.

Біз түпнұсқадағы  сөйлемдерді, оның ішінде күрделі сөйлемді де бөліп-жармастан дәл аударуды  қолдаймыз. Бұлай етпейінше автордың  стилін шын мәнісінде толық жеткізу де  мүмкін емес.

Аудармашының  автордың стилі мен шығармашылық түпкі ойына  немқұрайлы қарым-қатынасы  аударма сапасына, оның балама деңгейіне  үлкен зиянын тигізетіні белгілі.   Бұл аудармашының түпнұсқаға  қалауынша өзгерістер енгізуінен  немесе амплификациялардан көрініс табады. Иә, «… аударманың белгілі дәрежеде еркіндікке де правосы бар. Бірақ, сол еркіндіктің өзі түпнұсқада бейнеленген  мазмұн мен түрді, яғни нақтылы өмір көріністерін  дәл суреттеу мақсатынан туып жатуға тиіс.  Сонда ол еркіндік дегеніміздің өзі дәлдікке жетудің  жолы ғана болып қалады. Жай сөзбен айтқанда аудармашы түпнұсқаны тастап ешуақытта  ауа жайылып еркін кете алмайды (15,51).  Ал  «Менің атым Қожа» мен «Балалық шаққа саяхат» повестерінің   аудармаларында осындай еркін сілтеушіліктерді  жиі кездестіреміз.

Тағы да аудармадан мысалдар келтірейік.

» – У Каратая умерла жена и он хочет жениться на моей помощнице Эмине.  Но человек он стеснительный, робкий и просил меня поговорить  с ней, намекнуть словом, разведать, как она к нему относиться…  В тот самый день, когда он ушел таким расстроенным, я сообщила Каратаю, что Эмине ждет, когда вернется из армии ее Ботпол. Я думала что ты уже знаешь. Каратай женился на дочери Асланбека. Недавно у них была свадьба.

Так вот куда  вез зефир Асланбек. Значит я сам того не подозревая, содействовал женитьбе Каратая, вернув зефир! Недаром говориться, что всякое доброе дело, в конце концов, вознаграждается. Я сделал «стойку» и прошелся по траве колесом» (88 б).

Бұл үзінділер түгелдей аудармашы қиялының жемісі. К.Семенов  түпнұсқаға өз бетімен өзгерістер енгізуге тырысқан. Бұндай мысалды повестің  соңында да кездестіруге болады. Аудармашының шығармаға бұндай қызықты диалогтар қосып, Сұлтанды келтіріп,  кейіпкердің толғаныстарын суреттеуін қалай түсінуге болады. Түпнұсқа мен аударманы салыстырып қарай бастасақ, аудармашының өз қалауынша  жекелеген үзінділер қосып, мәтіннің көлемін ұлғайтқанын көреміз. Мәселен, аталған повестің оныншы тарауында малшылар күніне арналған ұлан-асыр той болады. Ал аудармашы бұл Смағұл деген қойшының тойы еді дейді. Аталған тараудың аударма нұсқасында Бекболат деген жаңа кейіпкер бар. Сондай-ақ аударманың он бірінші тарауында түпнұсқада жоқ  глобус туралы әңгіме бар. Бұндай жайттарға аударма тәжірибесінде жол берілмейді.  Аудармашының шығармаға екінші өмір сыйлайтынын, автор мен оқырман арасындағы дәнекер екенін ескерсек, ол жазушы шығармаларының  өзіндік ерекшеліктеріне селқос қарамауы керек еді.  Мұндай мысалдарды «Балалық шаққа саяхат» повесінен де  кездестіруімізге болады.

Түпнұсқа мен аударманың  эстетикалық жағынан сәйкестігі  көркем аударманың өзекті мәселесі  болып қала береді.  Бұл мәселені шешу үшін  аудару барысында сөзбе-сөзділіктен, мәтін қысқартушылықтан  немесе асыра сілтеушіліктен  аулақ болуды  аудармашының үнемі есте ұстағаны жөн деп ойлаймыз.

Тіпті аудармашы К.Семенов повестің басындағы төмендегідей  үзіндіні тастап кеткен.

» Өмірде осы сияқты әділетсіздіктер толып жатыр. Жуырда мен газеттен оқыдым: қытайлардың ат қоюы  қызық болады екен. Бала бес-алты  жасқа толғанша, оның тәуелді аты болмайды. «ортаншым», «кенжем», «сүйіктім», «жұпарым» деген шартты атаумен жүреді.  Ал есі кіріп, бес-алты жасқа толғаннан кейін, бала өзіне қандай есім ұнаса, соны таңдап алады.  Міне, әділеттік деген. Осы дұрыс емес пе?!».  Аталған  үзінді аудармада мүлдем жоқ. Бұл аудармашының немқұрайлы көзқарасы немесе оның тырнақшаға алынған  сөздерді аудара алмағандығы деп түсінеміз.

Шығарманың сырын тек сөзден іздеу ғана жеткіліксіз.  Оның көркемдік –эстетикалық ләззаты, ең алдымен,  мағыналық және қисындық тұтастығында, тек өзіне ғана тән ырғақ-үнінде. Мұның бәрін, жоғарыда айтылғандай автордың стилін бұзбай аударғанда ғана жеткізуге болады.

«Менің атым Қожадағы» мына үзіндіге назар аударайық:

«– Бұл кім?

  • Мен ғой ата.
  • Менің кім?
  • Мен, Қожамын.
  • Мұнда неғып отырсың?
  • Педсоветке келдім.
  • Онда сенің не шаруаң бар?
  • Мен жөнінде мәселе қарап жатыр.
  • Мәселе. Қандай мәселе? Сені мұғалім етеміз дей ме?
  • Директор етеміз дейді.
  • Онда тіптен жақсы. Жалақың көп болады» (88 б).

Аудармасы:

«– Кто это?

  • Я, дедушка.
  • Ты дедушка? – засмеялся старик. – Это я дедушка, а ты, кажется, Кожа?
  • Да.
  • В гости ко мне пришел?
  • Нет. На педсовет…
  • На педсовет? Что же это у тебя за дела на педсовете…
  • Обсуждают меня.
  • Обсуждают? Наверно, хотят поставить тебя учителем?…»(85 б).

Көріп отырғанымыздай  түпнұсқаның негізгі қасиеттері  түгел сақталғанын көреміз. Мұнда автордың ойы ғана емес, сол ойды жеткізу үлгісі де  едәуір дұрыс берілген. Аңғарып оқыған адамға  Соқпақбаевтың өзіне тән ырғақ, үн сезіледі. Ал аударма жағдайында проза ырғағының сақталуы маңызды шарттардың бірі. Проза ырғағындағы нәзіктік пен күрделілік,  маңыздылық пен сан қырлылық  тұтаса келіп ой өзегі – идеяға тіреледі. «Проза ырғағы – шығарманың тілдік-көркемдік  құрылымының үндестігі, оның тыныс-тіршілігі, өмір бейнесінің  көркем шындыққа айналуындағы  ерекшеліктердің түп қазығы, көркем шығарма эстетикалық  сапасының өзегі. Проза ырғағының жасалуында: сөздер, сөз тіркестері, синтагмалар, пауза-кідірістер, инверсия, интонация, ой екпіні, ассонанс, аллитерациялар үлкен роль атқарады»(16,158).    Сондай –ақ аудармада одағайлар мен қыстырма сөздер  қолданылысына айрықша назар аударылу қажет.

Көркем шығарма ырғағының  аударма нұсқада сақталуына орай оның сюжет пен композицияға қатыстылығы, сөздің, сөз тіркесінің, сөйлемнің, абзацтың, бөлімнің де өзіндік ырғақтары барлығы, автор тілі мен кейіпкерлер тілі ырғақтарының бөлектігі, образдар ырғағы мен пейзажға, уақытқа қатысты ырғақтардың болуына ерекше назар аударған тәржімашылар Семенов пен Балыкин көркем проза ырғағын сақтауда ішкі ұйқас, ой екпіні,  сөздер қайталамалығы мен қосарламалығы, одағайлар, қыстырмалар, қаратпа сөздер қолданысының да, тіпті тіл дыбыстарының да  өзіндік әсері барын  өз тәжірибелері арқылы анық көрсетеді. Әрине, олқылықтары да бар.

Мысалы:

«Бір күн өтті, тыныш. Екінші күн өтті, тыныш» (182 б). М.Балыкин бұны былай аударған: «Прошел день, другой, тихо» ( 158 б). Түпнұсқаның ырғағы аудармаға қарағанда ұзағырақ. Бұл сөйлемді: » Прошел день, тихо. Другой, тихо» деп аударса да болар еді дегіміз келеді.

Синтаксистің бұзылуына байланысты  тағы бір мысал.

«Үһ! Жүрегім орнына түсті» (95 б).

Аудармада бұл сөйлем былай берілген: » И только после этого я успокоился».  М.Балыкин сөйлемдегі одағайды алып тастау арқылы  баланың  толқуларын дұрыс жеткізе алмаған.

«Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» повестерінің  көркемдік ерекшелігіне тоқталғанда, алдымен назар аударатынымыз олардың құрылымының өзгешелігі. Мысалы, «Менің атым Қожа» повесі әрқайсысына тақырып  қойылған 27 тараудан тұрады. Б.Соқпақбаевтың  аталған шығармасына осылай тақырып қойып жазуының өзіндік себептері де бар сияқты. Біздің ойымызша оның ең басты себептері: біріншіден, оқиғаның оқырманға түсінікті, әрі жеңіл болуын көздегендіктен, екіншіден тақырыптардың барлығы дерлік оқушыны күн ілгері  алдағы болатын оқиғаларға қызықтыру мақсатынан туындаған. Повестің жазылу әдісі, батыс әдебиетіндегі  романның әрбір тарауына айдар ретінде көне қағидалардан үзінді келтіріп, оқушы үмітіне үкі тағып жетектейтін тәсілді еріксіз еске түсіреді. Ал аудармашы К.Семенов шығарманы 22 тарауға бөледі. Тарауларға өзінше атау береді немесе екі тарауды қосып, бір тарауға айналдырады. Ал М.Балыкин болса шығарманың осындай композициялық ерекшелігін ескермеген. Аударма тарауларға бөлінбеген және тарауларға атаулар қойылмаған. Бұны автор стилінің бұзылуы деп білеміз.

Ендігі сөз мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестерінің аудармасы туралы.  Бұлардың аударылу принциптері орыс әдебиетінде де, біздің қазақ әдебиетінде де көркем аударманың неғұрлым  көбірек зерттелген саласы Аударма теориясын сөз еткендердің қай-қайсысы да бұл мәселе жайында  азды-көпті пікір айтпай өткен емес. Осылардың бәрінің пікірлерін қорытып айтқанда, идиомалардың –  мақал-мәтелдердің, қанатты сөздердің, афоризмдердің, тағы басқа тұрақты сөз тіркестерінің  бір тілден екінші тілге аударуға келмейтіндері жоқ. Оларды аударылу тәртібіне қарай, бірнеше жікке бөлуге болады.

«Біріншісі – екі тілде де бар идиомалар. Мұндайларды аударудың керегі жоқ, тек ана тілінің қазынасынан тауып алып, орнына қоя білу керек. Олар кейде мазмұны жағынан да, формасы жағынан да дәл келіп отырады. Мәселен, «волки сыты  и овцы целы» – «қасқыр да тоқ, қой да аман», «что посеешь, то и пожнешь» – » не ексең, соны орарсың» деген сияқты. Кейде форма жағынан дәл келмесе де, мазмұны бойынша сол мақалдың толық баламасы бола алатындары бар. «Тише воды, ниже травы» – «бетегеден биік, жусаннан аласа», «из мухи делает слона» – «түймедейді түйедей етеді»,  «на нет и суда нет» – «жоққа жүйрік жетпейді» деген сияқтылар.  Мұндайлардың бәрі соншалық әдемі ауыстырылады да, шығарманың екінші тілдегі нұсқасына жарасымды түрде кірігіп тұра қалады.

Екіншісі – қазақ тілінде ондай дайын үлгілері жоқ идиомалар. Оларды, мазмұны мен формасын дәл сақтай отырып, еркін аударуға тура келеді. Бірақ аударғанда мақал мен мәтелдің  барлық ерекшеліктері сақталуға тиіс. Яғни, ұйқасы, үндесуі, ұтқырлығы, әсерлілігі толық беріліп, оқушыға бірден ой салатындай болуға тиіс. «Кто не работает, тот не ест» – «еңбек етпеген ішіп-жемейді»; » лучше меньше, да лучше» – «аз болса да саз болсын»; «лучше поздно, чем никогда» – «ештен кеш жақсы» ; Взялся за гуж – неговори что дюж» – «ауыр жүкке жегілме, жегіле қалсаң, егілме» деген тәрізді. Бұл аудармаларда жалпы формасы да,  ішкі ырғағы мен үндестілігі де, бүкіл мазмұны да дәл келген. Сондықтан да олардың көбі қазақтың өз мақалы сияқты болып, тұрмысқа еніп кеткен. Аударманың көздейтін мақсаты да сол.

Үшіншісі – халықаралық аңыз болып, дүние жүзіне тарап кеткен ұғымдар» (17,251).

Б.Соқпақбаев шығармаларының орысша аудармаларында  мақалдар мен мәтелдер өте аз ұшырайды.  Барларының көбін аудармашы кейіпкерлерінің образына қарай бейімдеп, ептеген өзгеріспен алған. Сондықтан аудармашылар  олардың кейбіреулерін дұрыс ұғып, мақалдар мен мәтелдерге тән сипат беріп аударса, кейбіреулер ондай қасиетін  жойып жіберген де,  көп сөзбен  қарадүрсін баяндау етіп шығарған.

Мағынасын сақтамай сөзбе-сөз аударылған мақал-мәтелдерге «Балалық шаққа саяхат» повесінен мысал келтірейік.

  1. Ағасы бардың жағасы бар.

У кого есть брат, у того есть и воротник.

  1. Дүмше молда дін бұзар.

Мулла-начетчик может извратить веру.

Орыс тілді оқырман  бұл мақалдардың аудармасын түсінбесі белгілі. Сондықтан да аудармашыға бұлардың орыс тіліндегі баламасын іздестіруі керек еді.  Аталған мысалдар  аудармашының түпнұсқаның мағынасын  түсінбегендігінен немесе жіті назар аударып оқымағандығынан  туған қателіктер деп ойлаймыз.

Ал кей  тұстарда  осындай мақал-мәтелдер сөзбе-сөз аударылғанда мағынасын сақтайды. Сондықтан олардың орыс тіліндегі баламасын қажеті де жоқ сияқты.

  1. Мешкей деген жақсы ат емес.

Обжора – это самое позорное у нас прозвище.

  1. Мысыққа ойын, тышқанға өлім.

Кошке – игрушки,  мышке – слезки.

Көріп отырғанымыздай аудармашылар   түпнұсқадан ауытқып шалғай кетпей, мәтелдерді сөзбе-сөз аударған. Кейбір фразеологиялық тіркестер де сөзбе-сөз аударғанда ұлттық ерекшелікті көрсете отырып, мағынасын   сақтайды.   Аудармашы  сонымен қатар көптеген фразеологизмдердің орыс тіліндегі баламасын таба білген.  Аталған шығармадан мысал:

» Әйел мен еркек қосылғанда бір-біріне дүниедегі  ең асыл сөздерді тауып айтса, ажырасқан кезде небір адам құлағы төзбейтін  лас сөздерді түйдек-түйдегімен боратады екен» (162 б).

Аудармасы:

» Когда люди сходятся, они находят друг для друга самые драгоценные слова, но когда расходятся – из их уст взаимно льется такой поток грязных слов, что уши вянут (143 б).

Немесе: «Жұрт лезде біліп алады да екеуін де ағаш аттың үстіне мінгізіп қояды. Бұдан соң өмір сүргеннен де сүрмеген артық» (113 б).

Аудармасы: » У казахов это такой же позор, как у русских, когда ворота мажут дегтем. После этого уж лучше не жить» (94 б).

Орыс тілді оқырманға мәтіннің мағынасы түсінікті болу үшін  аудармашы «ағаш аттың үстіне мінгізіп қою» тіркесін  орыстың мағыналық жағынан ұқсас » ворота мажут дегтем»  деген фразеологиялық бірлігімен алмастырған.

Ұлттық ерекшелікті  есіне ұстаған М.Балыкин  бар мүмкіндігінше Соқпақбаевтың өзіндік стилін, бейнелі сөз қолдану тәсілдерін сақтай алған.

Аудармашылар осылайша  бейнелі сөздердің кейбірін дәлме-дәл, ал оралымға келе бермейтіндердің «Почти всегда сильное, локоническое место становится непонятным на русском, потому что он не в духе русского языка и тогда лучше  десятью словами определить всю обширность его, нежели вскрыть его» – деп Гоголь айтпақшы толық мағынасын беруге тырысқан.

Әрине қазақ мақал-мәтелдерін, фразеологиялық бірліктерін аударудың өзіндік қиындықтары бар екені белгілі. Бұл аудармашыдан түпнұсқа тілінің  ұлттық рухына терең бойлауды, ұлттық ерекшеліктерді жете түсінуді, нәзік көркемдік талғамды керек етеді. Сонымен қатар орыс тіліндегі  балама түпнұсқадағы  мағынасымен сәйкес келу керек.  Әр халықтың тарихи-мәдени дәстүрлері әртүрлі болғандықтан  бұл өте қиынға соғады.

Енді теңеулердің қалай аударылғанына тоқталайық. Соқпақбаев теңеулеріне келсек, суреткердің соншалық тапқырлығына риза болып, шеберлігіне бас иесіз. Мысалы:

» Сол кезде Жанар шытына қарап:– Қожа, бөгет жасамашы, дегені бар емес пе. Мәссаған керек болса. Мен оның аузынан ондай сөз естимін деп ойлап па едім.  Төбемнен ыстық су құйып жібергендей жидіп түстім». Соңғы сөйлемнің әсерілігі сұмдық. Жазушы Қожаның бір сәттік көңіл-күйін бір ғана теңеумен  суреттеп берді де қойды.

Соқпақбаевтың теңеулері бірінен –бірі өтеді және сонылығымен бағалы. Мысалы, Қожаның жирен  қасқа тепкен кездегі  жағдайына байланысты  айтылған мына теңеуді  бұрын-соңды естімеген  де шығармыз. » Жирен ат жалт беріп кеп, қосаяқтап бірді тепті. Мына оң жақ саныма сақ ете түсті тұяғы.  Шоқ басқан күшіктей  қаңсылап, дөңгеледім де қалдым». Шоқ басқан күшікті көрсеңіздер, ат тепкен Қожа естеріңізге түсер. Ал енді осы теңеуді аудармашы былай береді.

» … он остановился, нахально повернулся ко мне задом и лягнул копытами прямо по моему правому боку. Я завизжал, как шенок, которому прищемили хвост дверью».

Теңеу балама тәсілмен аударылған. Түпнұсқадағы ой, мағына  дәл берілген.

Повесте Қожаның  тәртіпсіздік қылықтары үшін педсоветке шақырылатыны оқырман есінде болар. Осы кезеңді автор былай суреттейді:

» –Берірек кел, – деді ол  қолындағы автоқаламымен  бөлменің ортасын нұсқап.  Алдымда қақпан  құрулы тұрғандай жыбырлап бір-екі аттадым».  Талқылауға түсейін деп отырған оқушы кейпі  мұнан артық  қанық берілмес.

Аудармасы: » – Подойди поближе, – велел директор и показал авторучкой на середину комнаты.

Я сделал несколько шагов, таких мелких и осторожных, будто боялся угодить в капкан».

Мұнда аудармашы түпнұсқаға  тіпті жақындай түсіп, оның көркемдік әсерін жақсы жеткізеді. Сонымен қатар жеке сөздерді аударуда  және сөйлемнің мағыналық  жіктерін қиыстыруда  нағыз творчестволық тапқырлықтар жасап отырғанын көреміз.

Тәржімашының шығармашылық даралығы  – көркем аудармадағы  шеберліктің түп қазығы.  Бұл аудармашының  маңызды әлеуметтік – психологиялық  ерекшеліктерге қатысты және бір тілдегі көркем шындықты , көркем өмірді екінші бір тілге жеткізудегі жеке тұлғасы, қоғамның эстетикалық сұранымына  жауап беруі, шығармашы ретіндегі өзіндік үні.

Көрнекті жазушының  барлық шығармаларын өз үнімен, өз бояуымен, өзіне тән көрік-келбетімен жеткізе білу – көркем аударманың алдында тұрған үлкен мәселе

Қ О Р Ы Т Ы Н Д Ы

Қазақ сөз өнерінің бай тарихы, қалыптасу, даму жолдары бар. Өзінің даму барысында талай-талай аумалы-төкпелі замандарды қызығы мен шаттығы, қиямет-қайымы көп ғасырларды бастан кешкен қазақ халқы, оның тілі мен мәдениеті үздіксіз даму мен толысу үстінде болған. Сондықтан да қазақ тілі дүние жүзіндегі ең көркем тілдердің қатарына жатады. Олай дейтініміз қазіргі дүние жүзіндегі қай халықтың болмасын қоғамдық-саяси, терең философиялық ғылыми еңбектерін, қиыннан қиысқан көркем әдебиет мұраларын қазақ тіліне емін-еркін аударып шығуға болады. Қазақстан республикасы дүние жүзіндегі іргелі елдердің санында алға ашындай қадам басып келе жатқан шақта жалпы аударма, оның ішінде көркем аударма жұмысының зәрулігі байқалып, беделі өсіп келеді.

Бір халықпен екінші халық жақындасып араласа бастағанда, өзінде жоқты көрші елден алады. Осы ауысудың тиянақты тірегі аударма, өйткені «аудармашылар-мәдениетті бір елден екінші елге тасымалдап жеткізетін почта аттарың,-деп А.С.Пушкиы тегін айтпаса керек.(18,23)

Мемлекеттер, ұлттар, халықтар арасындағы рухани-мәдени, әлеуметтік-саяси, экономикалық сауда қарым-қатынастарының ең қажетті құралы, дәнекері болған аударма жұмысы бұрын да зор роль атқарған және өмір тынысының барлық жақтарын қамтитын іс-әрекеттің өзіндік теориялық негізі, ғылыми дәйекті тірегі болуға тиіс.

Аудармашы екі ел мәдениеті мен әдебиетінің уәкілі, ол өзінің шығармашылық шеберлігінің жемісі-аударма арқылы өзге ұлт пен халықта, бөгде ортада туған әдеби шығарманы туған топырағына әкеп, ана тілінде сөйлету жолымен рухани жаңалық ашады, оқырманының дүниетаным шеңберін, сана-сезімін ұлғайтуға себепші болады.

Аударма және аудармашыға қойылатын талаптарды сараптай келіп, академик-жазушы М.Әуезов: «әдебиет шығармаларын аударғанда, аудармашы оны қалай да оқушыға түсінікті етемін деп қолдан оңайлатпауы керек. Аудармашы түпнұсқаның мағынасын дәл, әрі түсінікті, әрі стилін сақтай отырып, аударуға тиіс. Жазушының түпнұсқадағы мәнері, сөз қолданысы, абстракциялық күрделі ойлары дұрыс жеткізілмесе-аударманың мұрат таппағаның дейді. (19,343)

Біздің аударматану ғылымында қазақ әдебиетін шетел тілдеріне  аударуға қатысты көптеген мәселелер толып жатыр. Аударылған шығармаларды сарапқа салып көрсек, аударманың өз дәрежесінде емес екенін байқауымызға болады. Осы орайда  көрнекті жазушы Б.Соқпақбаев шығармаларының орыс тіліне аударылу деңгейі қандай, сапасы көңіл толарлық па деген сауалдар туындайды. Біз бұл жұмысымызда осы мәселеге тоқталдық.

Бітіру жұмысының бірінші тарауында Б.Соқпақбаев шығармаларының идеялық-көркемдік ерекшеліктеріне назар аудардық. Жазушының әрбір шығармасында соны композициялық форма пайдаланып, жаңа образдар тудырып, ерекше көркемдік әлем ашады. Жазушы туындыларындағы  балалардың типтік образдары арқылы  Соқпақбаев творчествосының  жаңашылдығы, көркемдігі, идеялық-эстетикалық мәні көрінеді. Оның шығармаларын тек қазақ әдебиеті ғана емес, әлемдік рухани қазынаға қосылған туындылар деп қарауымызға болады.

Ал екінші тарауда  біз осы  Б.Соқпақбаевтың атын ерекше жайған шығармалары » Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» повестерін орыс тіліндегі  жарық көрген аудармасымен  салыстыра отырып, олардың аударманың қай түріне жататынын анықтай отырып, аудармашылардың осы шығармаларды тәржімалаудағы ерекшеліктерін, қолданған әдіс-тәсілдерін көрсетуге тырыстық.  Аудармаларда қазақ халқына тән кейбір психологиялық ерекшеліктер қамтылмай қалғанын практика жүзінде көрсете отырып, аудармашылар жіберген кемшіліктерге де назар аудардық.

Қорыта айтқанда, біз Б.Соқпақбаевтың екі повесінің ғана аударылу сапасын талдауға тырыстық. Ал жазушының басқа да туындыларының аударылу деңгейі туралы кеңінен сөз қозғау болашақтың ісі.

Пайдаланылған  әдебиеттер  тізімі

  1. 6. Ғ.Мұстафин. Ой әуендері. –Алматы: Жазушы, 1978. -126 б.
  2. Ж.Дәдебаев. Шымырлап бойға жайылған. –Алматы: Жазушы, 1988. -156 б.
  3. Х.Сүйіншәлиев. Алыстағы ауылда повестісі туралы. //Коммунизм таңы, 1954, 9 апрель.
  4. Дәстүр және жаңашылдық. –Алматы: Қазақ ССР-нің Ғылым баспасы, 1980. -179 б.
  5. М.Әуезов. Анкетаға жауап //Жұлдыз, 1991, № 10, -129 б.
  6. М.Атымов. Қазақ романдарының поэтикасы. –Алматы: Ғылым, 1975. -114 б.
  7. Б.Соқпақбаев. Жазып та көрдім… Қазақ совет балалар жазушылары. –Алматы: Жалын, 1982. -49 б.
  8. А.Г.Цейтлин. Труд писателя. –Москва: Сов.Писатель, 1968. – 367 с.
  9. М.Ыбырайұлы. Халықтық мінез хақында //Абай журналы. 1996, №2, -96 б.
  10. Ю.Борев. О комическом. –Москва: Искусство, 1957. -с 119.
  11. Б.Соқпақбаев. Менің атым Қожа. –Астана: Елорда, 1999.- 379 б.
  12. Б.Сокпакбаев . Меня зовут Кожа. – Алма-Ата: Жалын, 1980. – с 495
  13. В.Комиссаров. Теория перевода. – Москва: Высшая школа, 1990. – с 220.
  14. Б.Соқпақбаев. Балалық шаққа саяхат. – Алматы: Жазушы, 1996. – 365 б.
  15. Қ.Алпысбаев, Қазыбек Г. Қазақ аудармасының теориясы мен тәжірибесі. – Алматы: қазақ университеті, 2001.
  16. Левый И. Искусство перевода. –М. Прогресс, 1974. – 397 с.
  17. Сатыбалдиев Ә. Рухани қазына. – Алматы: Жазушы, 1987. – 232 б.
  18. Пушкин А.С. Собрание сочинений. –М. Правда, 1987, т.5. – 446 с.
  19. Әуезов М. Көркем аударманың кейбір теориялық мәселелері//Уақыт және әдебиет. – Алматы, 1962.
  20. Федоров А. Искусство перевода и жизнь литературы. –Л. Советский писатель, 1983. – 352 с.
  21. Г.Гачечиладзе. Художественный перевод и литературные взаимосвязи. Москва: Советский писатель, 1972.