Герман Мелвилл | өмірбаяны

0

Герман Мелвилл (ағылш. Herman Melville; 1 тамыз 1819 — 28 қыркүйек 1891) — америкалық жазушы, әрі теңізші.

Америка Құрама Штатының әдебиеті тарихында Герман Мелвилл (1819-1891) шығармашылығы – образды және аса көрнекті құбылыс болып саналады. Ол әлем әдебиетінің аса құнды шығармаларының бірі болып танылатын «Моби Дик немесе Ақ Кит» туындысы арқылы американың классик жазушыларының қатарынан өзіндік орнын алды.

Герман Мелвилл 1819 жылдың 1 тамызында Нью-Йоркте Америка жеріне ертеде келіп қоныстанған ағылшын колониясының ұрпағы, америка революциясына қатысушы, ұсақ коммерсант, импортты-экспортты операциялармен айналысатын саудагердің отбасында дүниеге келді. Әкесі қайтыс болғаннан кейін Мелвиллдар отбасының жағдайы нашарлайды. Әкесінің өлімі бала Мелвиллдың өміріндегі ең қасіретті жағдай болады. Ол әлі 12 жаста еді, алайда осы жасында ол балалық шағымен қош айтысады. Ол мектепті тастап, банк конторасына жұмысқа тұрады. Сосын өзінің Томас атты ағасының фермасында жұмыс істейді. Крестьяндық ауыр еңбек оған өте қиын тиіп, ол мұғалім болуға шешім қабылдайды. Теңіз сапарын Мелвилл 1839 жылы, Нью-Йорк пен Ливерпульге жиі қатынайтын «Қасиетті Лаврентий» атты пассажирлі-жүк кемесіне юнга ретінде бастады. Біржарым жылдан соң келешек жазушының төрт жылға созылған теңіздегі «ұлы сапары» басталды. 

1841 жылы кит аулайтын «Акушнет» атты кемемен Оңтүстік теңіздеріне аттанады. Герман Мелвилл «Акушнетте» бір жарым жыл жүзіп, теңізші өмірінің қыр-сырын білді. Герман Мелвилл 1891 жылы 28 қыркүйекте Нью-Йоркте көз жұмады. Оның шығармашылығына деген қызығушылық Бірінші Дүниежүзілік Соғыстан кейін басталды. Мелвиллдың өмірі, шығармалары, жазбалары, күнделіктері толық зерттелген. Кейбір зерттеуші ғалымдар Мелвиллдың аз уақытта көп мәліметті тез қабылдайтын дарыны болған деген болжам айтады. 

Мелвилл әдеби шығармашылық жолын роман мен повесть жазудан бастап, артынан әңгімелер жазып, шығармашылығын ақын ретінде аяқтады. Және оның ең алғашқы «Тайпи» атты кітабы Америкада, Англия, Франция, Германия секілді еуропалық елдерде үлкен сұранысқа ие болды. Мелвилл өзінің «Тайпи, немесе полинезиялық өмірге қысқаша көз жүгірту» атты кітабының 1845 жылдың 3 желтоқсанында ағылшындық «Тайпи» нұсқасын басып шығарды. «Адамжегіштер арасында өмір сүрген адам» ретінде Мелвиллдың атағы әлемге жайылды. Оның кітабын оқып, ол туралы әңгімелер айтылып, ағылшындық және американдық журналдар «Тайпидың» рецензияларын шығара бастады. Кітап шетел тілдеріне аударыла бастады. Осы уақытта Мелвилл «Ому: Оңтүстік теңіздегі оқиғалар туралы повесть» атты екінші кітабын жаза бастады. Автор «Омуды» 1846 жылдың соңында аяқтап, Англия мен Америка баспаларына өткізді. Аталған роман авторға бірден атақ-даңқ әкелді. Мұнан соң үшінші еңбегі «Марди немесе сол жаққа саяхат» атты, «Абсолюттың философиялық ізденістері» сияқты жүзу жөніндегі аллегориялық романын жазды (1849). Аталған шығармалары арқылы Мелвилл профессионалды әдебиет өкілдерінің қатарына енді. Мелвиллдың соңғы шыққан «Марди» шығармасы үлкен сұранысқа ие болған жоқ. Мұнан соң ол «Ақ Бушлат, немесе әскери кеме әлемі» және «Редберн: оның бірінші саяхаты» шығармаларын жазды. Мелвиллдың барлық дерлік романдары «Марди», «Редберн», «Ақ Бушлат», «Моби Дик», «Израиль Поттер», кейбір повестері «Бенито Серено», «Энкантадас», «Билли Бадд» және бірнеше өлеңдері «Джон Марр және басқа да теңізшілер» өлеңдер жинағы теңіз өмірі тақырыбына арналған. Бұл түсінікті де. Теңізде жүзу, теңіз өмірі – Мелвиллдың жақсы білетін сферасы болатын. Мелвилл әдебиет туралы трактаттар жазған жоқ, бірақ оның кітап, жазушылық еңбек жөніндегі ойлары, хаттары мен статьяларында айтылған сөздері Америка эстетикалық ойының дамуына қосылған зор үлес болып табылады. Бұл қатарға оның Готорнның «Ескі үйден шыққан тақуа» атты әңгімелер кітабына берген бағасы жөнінде жазылған «Готорн мен оның тақуалығы» (1850) атты статьясын жатқызуға болады. 50-жылдарда оның шығармашылығы гүлдене бастайды. Дәл осы уақытта оның ең үздік романы «Моби Дик» жазылды. Мелвилл әдебиеттен қол үзбей, «Соғыс сюжетті сценалар мен соғыстың кейбір жақтары» (1865), «Джон Марр және басқа да теңізшілер» (1888) атты әңгімелер жинағы мен «Тимолеон» (1891) атты поэтикалық жинағын жарыққа шығарды.