Ерназар Ыбыраев | өмірбаяны

0

Белгілі қобызшы, журналист, сатирик-жазушы Ерназар Советұлы Ыбыраев 1959 жылы 8 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданы, Аралағаш ауылында өмірге келген. 1976 жылы сол ауылда орта мектепті тәмамдап, 1980 жылы Әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтының қазақ ұлт аспаптары бөлімін бітірген. 1981-1982 жылдар аралығында Совет Армиясы қатарында Отан алдындағы әскери борышын өтеген. Одан кейін жолдамамен барып, 1985 жылға дейін Торғай облыстық мәдениет басқармасында қызмет істеп, елімізге, шет елдерге кеңінен танымал болған «Шертер» ансамблінде қобызшы болған. 1985-1991 жылдары туған ауылы – Аралағашта музыка мектебінің директоры қызметін атқарған. 1991 жылы Көкшетауға қоныс аударып, Көкшетау облыстық мәдениет басқармасында, Ақмола облыстық филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрінде қобызшы, облыстық телерадиокомпаниясында, кейін республикалық «Алаш үні» газетінде журналист, бас редактордың орынбасары болып қызмет істеді. Ерназар алуан түрлі аспаптарда ойнай беретін орындаушы музыкант, асқан талантты қобызшы, сан қырлы талант иесі болатын. Бірнеше республикалық жыршы-термешілер сайысына қатысып, жүлдегер атанды. «Көкше» атты фольклорлық-этнографиялық ансамблдің құрамында 1992 жылдың жаңа жылы қарсаңында Алматыға «Тамаша» ойын-сауық отауында, 1994 жылы Польшада фольклорлық ансамблдердің халықаралық фестивалінде өнер көрсетті. Ал 2006 жылы ұлттық өнерімізді насихаттау мақсатымен ол екі рет АҚШ-тың Голливуд, Аризона қалаларында гастрольде болып, олардың оқу орындары, мәдени орталықтары залдарында қазақтың қасиетті қара қобызын тартып, таң-тамаша қалдырды.Қастерлі ұлттық аспабымыз ─ қыл қобызды американдықтарға алғаш таныстырған осы Ерназар болды. Әзіл әңгімелері «Қазақ әдебиеті», «Ара-КZ», «Алаш үні», «Арқа ажары», «Бұқпа» сияқты газет-журналдарда жарияланып, өзі өмірден өтсе де, әлі күнге шейін оның скетч-интермедиялары «Тамаша», «Бауыржан-шоу» әзіл-сықақ театрларында сахналанып жүр… 2006 жылы белгілі сатирик-жазушы Сейіт Кенжеахметовтың алғысөзімен «Сүйіскің келе ме?» атты алғашқы кітабы жарық көрді. Ерекше дарынды сықақшы Е.Ыбыраев кемелденген шағында, «Қисық кітап» атты екінші кітабын тергізіп-қаттатып, баспаға дайындап жүрген кезінде 2007 жылы 48 жасында кісі қолынан мерт болды…