Қытайда тараған вирустың қазақстандықтарға қандай қауіпі бар? – мамандар жауабы

0

Қытай билігі қазіргі уақытта 18 адамның өмірін қиған қауіпті вирустың таралуын тоқтатуға тырысып, вирус эпицентрі Хубэй провинциясына жолды жапқан. Ресми ақпаратқа сәйкес тыныс алу жолдарына әсер ететін, адамнан адамға берілетін коронавирусты 600-ден астам адам жұқтырған. Ал қазақстандық маман вирустан жапа шеккендер саны одан да көп болуы мүмкін екенін айтса, денсаулық сақтау министрлігі оның қазақстандықтарға да қаупі бар екенін растады. Қазақстан , қазақстандықтарға қандай қауіп төніп тұр осы және өзге де сұрақтарды мамандарға қойып көрдік.

Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің Эпидемиология, дәлелді медицина және биостатистика кафедрасының доценті, Ғалымжан Тұрсынұлының пікірінше, жаппай эпидемия болған жағдайға Қазақстан дайын емес. 

“Көзбен көрмеген соң, естіген ақпаратқа сену дұрыс емес. Вирустан жапа шеккен адамдар саны ресми мәліметте көрсетілгеннен көп болуы мүмкін»,-дейді ол.

Маман вирустың таралуын маңызды әрі қауіпті мәселе екенін айтады.

“Қазіргі уақытта санитарлық-эпидемиологиялық станциялар бақылау мен қадағалау тұрғысынан қиналып жатыр деуге болады. Короновирус болғандықтан біздің дайындықпен оған төтеп беру қиынға соғуы мүмкін”,-дейді эпидемиолог.

Алматы қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті де вирустың қазақстандықтарға қаупі бар екенін растап отыр. 

Эпидемиология тұрғысынан қазіргі уақытта белең алып жатқан Қытайдан келген вирус қаншалықты қауіпті?

– Табиғатта вирустың мутациясы жүреді. Бұрын ол жануарлар мен теңіз моллюскалары арасында таралған. Бұл өте қауіпті. Осылайша, вирус өмір сүрудің жолын іздейді. Өлмеу үшін енді ол адам ағзасына бейімделіп алып таралып жатыр. Қазір әуе тамшыларымен адамнан адамға беріледі.  Қазір бұл өте өзекті әрі маңызды мәселеге айналып отыр.

Вирус жұқтыру қаупі қазақстандықтарға төнуі мүмкін бе?

– Ия, қауіп бар. Вирус Қытайдан тыс жерлерде де таралуда, жұқтыру жағдайлары Оңтүстік Кореяда, Жапонияда, АҚШ-та және Таиландта тіркелді, Сингапур, Гонконг және Австралияда инфекцияның күдікті жағдайлары анықталды.

Қазір басқа көрші елдерде вирусты жұқтыру оқиғалары тіркеліп жатыр. Біз Қытаймен шекараласамыз, вирус жұқтырған адамдар бізге де келе алады. Осы орайда, вирус бізге келмейді деп кесіп айта алмаймыз.

Бұл вирусты жұқтыру қаупін қалай алдын алуға болады?

– Қытайға, Жапонияға, Шанхайға, Таиландқа, Сингапурға, Оңтүстік Кореяға немесе Оңтүстік-Шығыс Азияға сапарға шықпаған абзал. Маска киіп, мұрынға оксолинді жақпа жағып жүруге кеңес береміз.

Вирус қазіргі уақытта не себепті тез таралып жатыр? 

– Бұған вирустың жоғары вируленттілігі себеп болады. Яғни ол адамнан адамға өте тез жұғады және әуе арқылы жоғары жылдамдықта таралады. Жаңа қытайлық коронавирустың қауіптілігі, H1N1 (шошқа тұмауы-авт.) сияқты, аурудың өте тез, таралуында, реактивтілігі, яғни ауырып жатқан кездегі әрекеттілігі басым.

Қазақстанда короновирус диагнозын қалай анықтауға болады және біздің қан анализ зертханаларында бұған жағдай жасалған ба?

– Бүгінгі таңда коронавирус генінің шифры белгілі болды. Ол Таяу Шығыстағы респираторлық синдром вирусына 20%-ға ұқсас. Бұл отандық зертханаларға өз өндірісіндегі коронавирусты сынау жүйесін әзірлеуге және қолдануға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта екі қаланың зертханалары дайын: олар Нұр-Сұлтан мен Алматыда орналасқан. Сондай-ақ, дүние жүзіндегі ғалымдардың да бұл мәселемен айналысып жатқандығын айта кеткен жөн.

Қазақстан мұндай биологиялық қауіптерге қаншалықты дайын?

– Алматылық медициналық ұйымдар жаңа коронавирус ауруы туындаған жағдайда симптоматикалық емдеуді бастауға дайын – тиісті дәрі-дәрмектер бар. Сондай-ақ, бүгінгі күні короновирусты емдеудің нақты тәсілі әлі де іздестірілу үстінде.

Біздің барлық медициналық мекемелеріміз қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, тұмауға қарсы арнайы вирусқа қарсы препараттар бар, асқынған жағдайда медициналық мекемелердегі дәрі-дәрмектер, соның ішінде антибиотиктер жеткілікті мөлшерде қол жетімді,-дейді департамент басшысының орынбасары Асель Калыкова.

Ал, эпедемиолог Ғалымжан Тұрсынұлы елдің төтенше жағдайға қаншалықты дайын екендігін болжау қиын дейді.

“Жалпы алғанда эпидемиология мәселесімен айналысатын обаға қарсы күрес мекемелері, инфекцияға қарсы препараттар институты бар, ғылыми тұрғыда осы мәселемен айналысатын ұйымдар да бар бола тұра, елдің мұндай төтенше жағдайда қаншалықты дайын екендігін болжау қиын”-дейді ол.

Алматыға Қытайдың бес қаласынан және үш қаладан Нұр-Сұлтанға рейстер келеді екен.

Еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, Қытаймен шекарада бақылау, сондай-ақ осы елден келгендердің барлығын қашықтықтан термометриялық бақылау күшейтілді.

 

Дайындаған: Назерке МҰСА

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз