Тоқаев Тұрсынбек Қабатовтың ұсынысына қатысты өз ойын білдірді

0

Қазақстан президенті танымал сатира актері Қабатовтың елорданың аулаларын қардан тазарту жайлы ұсынысы волонтер жылына сай бастама екенін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 24 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі шоумен Тұрсынбек Қабатовтың қазақстандықтарға жасаған үндеуіне қолдау білдірді.

«Белгілі әртіс Тұрсынбек Қабатовтың астанамыздың аулаларын қардан тазартып, #БізБіргеміз хештегімен видео жариялау туралы ұсынысын қолдаймын. Волонтер жылына сай бастама», — деп жазды президент Twitter-дегі парақшасына.

Айта кетейік, астаналық жастар әлеуметтік желіде қар тазалау челленджін бастады. Қала тұрғындарына аулаларын тазартып, видеоны #Бізбіргеміз хэштегімен жариялау ұсынылып отыр.

Нұр-Сұлтан әкімдігі ресми сайтының мәліметінше, мұндай идеяны волонтерлер ұсынған. Бастаманы Тұрсынбек Қабатов, журналист Асхат Садырбай және «Назар аудар» театрының қатысушылары қолдады.

«Біздің қаламыз, еліміз — ол біздің үлкен үйіміз. Әр азамат қала тазалығына, тәртібіне өз үлесін қосу керек. Біз коммуналдық қызметкерлерге осылай көмектескіміз келеді. Бүгін біраз қалың қар түсті. Біз бұл бастаманы қолдаймыз және де басқа әріптестерімізді бізді қолдауға шақырамыз», — деді қолына күрек алып, қар тазалауға кіріскен Тұрсынбек Қабатов. 

Еске сала кетсек, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2020 жыл «Волонтер жылы» болып жарияланған болатын.