Журналист Бақытгүл Мәкімбай өмірден өтті
17 қыркүйек, жұма күні Қазақстандағы санаулы тәуелсіз басылымдардың бірі «DАТ» газеттер жобасының шығарушы редакторы, журналист Бақытгүл Мәкімбай 59 жасқа қараған шағында өмірден озды. Бұл ақпаратты Азаттыққа газеттің бас редакторы Ермұрат Бапи хабарлады.
«Қазаның себебі – коронавирус. Бір айға жуық ауруханада жатты. Соңғы 10 күн жан сақтау бөлімінде болды. Оның қант диабеті бар еді. Дәрігерлер сөзінше, осы дерт ауруды ушықтырып жіберген, – деді Бапи.
Журналистің қазасына байланысты әлеуметтік желіде көңіл айтқан саясаткер Зәуреш Батталова: «Жан жолдасым, Бақытгүлім! Жазыласың деп үміттеніп едім. Оралмас сапарға аттанып кеттің ғой… Иманды бол, қазақтың батыр қызы!» деп жазды.
Ермұрат Бапи Бақытгүл Мәкімбаймен «DАТ» газеттер жобасын 23 жылдан бері бірге шығарып келгенін айтты. Ол: «Қиын сәттерде, басымызға қиын іс түскен кезде көп әріптесіміз шыдамай, жұмыстан кетіп қалды. Бірақ Бақытгүл олай істемеді. Осы күнге дейін табан аудармай жанымда бірге қызмет етті» деді.
Бақытгүл Мәкімбай журналистік қызметіне байланысты бірнеше мәрте соққыға жығылды. 2002 жылы мамырдың 21-і түн мезгілінде редакцияға шабуыл жасағандар Бақытгүл Мәкімбай мен әріптесін ұрып кеткен. Бас сүйегіне зақым келіп, миы шайқалған журналист біраз уақыт ауруханада емделген. 2007 жылы «Тасжарған» газетін басқарып отырған шағында оның үстінен «Қазақстан президентінің ар-намысына тию» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, екі жыл өткен соң іс жабылған. Одан кейін де Бақытгүл Мәкімбай мен Ермұрат Бапи басқарған «DАТ» газеттер жобасы талай рет сот шешімімен жабылып, атауын өзгерткен.
Журналист Бақытгүл Мәкімбай Қазақстан журналистер одағы сыйлығының, осы одақтың «Алтын медалінің» иегері. Қазақстан патриоттарының «Алмас қылыш» сыйлығының лауреаты. Оған Сорос қорының журналистика саласындағы «Батылдығы мен табандылығы үшін» сыйлығы да берілген.
Азаттық радиосы марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтады.