Қазақтың дүниесі Кореяда бақ сынайды

0
88

Қазақстандық «От» фильмі 26-шы Халықаралық Пусан кинофестивалінде бақ сынайды.

Қазан айының 6 мен 15 аралығында Пусан қаласында өтетін Халықаралық фестивальде отандық фильм номинацияға ұсынылды. Бұл туралы «От» фильмінің продюсері Диана Ашимова өз әлеуметтік желісінде хабарлады.

Үлкен қалада өмір сүруге тырысатын қарапайым қазақ отбасы туралы фильмнің басты кейіпкері – Толик. Ол өз тағдырына мойынсынған, орта жастағы адам. Отбасын асырауға тырысады, бірақ күйбең тіршіліктің, тұрмыстық қиындықтардың, шексіз қарыздардың, қазақтың бітпейтін үйлену тойлары мен жерлеу рәсімдерінің отына күйіп жүрген адам, бәріне де ақша керек. Осындай күндердің бірінде ол өзінің кәмелетке толмаған қызының жүкті екенін біледі. Жиналған барлық проблемаларды шешемін деп жүріп, досының өмірін алып кете жаздаған шытырман оқиғаға тап болады. Ол өз басынан өткізген барлық қиындықтар мен жағдайлардан кейін өмірдегі ең басты нәрсені түсінеді. Және де осы түсініктің ұшқыны оның өмір сүруіне үміт отын ұялатады.

Фильм Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Алматы қаласында түсірілді. Фильмнің ұзақтығы – 1 сағат 20 минут.

Фильмнің режиссері Айжан Қасымбекованың айтуынша, фильм бастапқыда толықметражды «Су» мен «Ауа» фильмдерін қамтитын трилогияның соңғы бөлігі ретінде жоспарланған. Бірақ, түсірілім кезінде режиссер отбасы бар және басқалар сияқты проблемалары бар қарапайым нан жеткізушінің тағдыры туралы бөлек фильм түсіруге шешім қабылдаған.

Сценарий авторы Шыңғыс Ескендиров:
«Бұл – авторлық фильм. Комедияның элеметтері бар әлеуметтік драма. Қазақстанда осы жанрдағы алғашқы фильмдердің бірі. Отбасылық проблеманы ашып көрсету қиынға соқты. Өйткені, қазақ қоғамында әкенің рөлі бөлек. Әкенің проблеманы қабылдауын, оны шешуін психологиямен байланыстырдық».