Вице-министр қаза тапқан полицейдің төріне аяқ киіммен шықты (Фото)

0
33643

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасымен министрдің орынбасары Мұрат Баймұқашев қаза болған полиция қызметкерлері Дархан Сүлеев пен Нұрбол Байғазиевтің отбасыларына барып қайтты, деп хабарлайды kznews.kz ведмостоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ІІМ басшылығы, ішкі істер органдарының жеке құрамы атынан қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Ішкі істер министрінің қолдау хаты бойынша Алматы қаласының Әкімдігі қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасыларына тұрғын үй береді.

Сонымен қатар, Ішкі істер министрінің бұйрығымен тәртіп пен заңдылықты соңына дейін күзеткен учаскелік инспекторлар “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге косқан үлесі үшін” медальдарымен марапатталды.

Алатау аудандық ПБ ЖПҚБ учаскелік инспекторы, полиция майоры Сүлеев Дархан Дауылбайұлы, 1982 жылы туған, ҚР ІІМ Алматы Академиясының Магистратурасын бітіргеннен кейін 2003 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет етті. 2021 жылдың тамызында учаскелік инспектор лауазымына тағайындалған еді. ІІО қызмет еткен жылдар ішінде ол 6 марапатқа ие болды, оның ішінде “Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін” 3-дәрежелі медалімен, сондай-ақ, “Қазақстан полициясына 25 жыл” төсбелгісімен марапатталды. Үйленген, кәмелетке толмаған бес баласы бар.

Алатау аудандық ПБ ЖПҚБ учаскелік инспекторы, полиция капитаны Байғазиев Нұрбол Назарбайұлы, 1988 жылы туған, ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері қызмет еткен. Ол 13 марапатқа ие болды, оның ішінде “Үздік құтқарушы жауынгер” және “Қазақстан полициясына 25 жыл” төсбелгілерімен марапатталды. Үйленген, кәмелетке толмаған екі баласы бар.

ҚР Ішкі істер министрлігінің марқұм болған полиция қызметкерінің отбасына барып, көңіл айтып жатқаны құптарлық дүние. Алайда вице-министр Мұрат Баймұқашевтың аяқ киімін шешпестен, марқұмның төріне аяқ киіммен баруы өз қызметкерін сыйламау екені анық.

Бұл туралы әлеуметтік желіде Алдаберген Кемпірбаев «Ішкі істер министрінің орынбасары аяқ киіммен кіріп барған мына үй қаза тапқан учаскелік полицейдің баспанасы болып тұр ғой(. Тәртіп сақшыларына Президент бұйырған тұрғын үй өтемақысының өзі төленбей жатса, басқа не айтуға болады…» деп жазды

Жалпы елімізде жоғары шенді басшылар қарапайым халықтың үйіне аяқ киіммен баратын жаман әдет бар. Бұл айналып келгенде қарапайым халықтың сыйламайтын «Мен, мендік» болса керек. Әйтпесе есі дұрыс әрі сыпайы азамат қарашаның үйіне аяқ киімін шешіп кірмес пе еді?

Серғали Асланбек