Тоқаевтың мүмкіндігі

0

Ресейлік сарапшы Андрей Колесников «Қасым-Жомарт Тоқаев өзін мықты көшбасшы етіп көрсеткісі келеді, бірақ биліктен айырылып қалу қаупі әлі де жоғары» деп есептейді, деп хабарлайды kznews.kz сайты azattyq порталына сілтеме жасап.

Азаттық осы және өзге де маңызды сұрақтарға жауап алу үшін Мәскеудегі Карнеги орталығы «Ресейдің ішкі саясаты және саяси институттары» бағдарламасының жетекшісі Андрей Колесниковпен сұхбаттасып көрді.

ҚАЗАҚСТАНДА НЕ БОЛДЫ?

Азаттық: Қазақстандағы жағдай туралы не ойлайсыз: бұл біреулер айтып жүргендей мемлекеттік төңкеріс пе, әлде президент Тоқаев мәлімдегендей Таяу шығыстан, Ауғанстан мен Орталық Азия мемлекеттерінен келген содырлардың билікті басып алуға талпынысы ма? Қазақстандағы соңғы оқиғаларға қандай баға бересіз?

Андрей Колесников: Қазір Тоқаевқа «әлдекімдер алдын-ала сөз байласып, ұйымдасқан шабуыл ұйымдастырды» деп айтқан тиімді. Сырт көзге шабуылшылар әрекетінде аяқ асты қабылданған шешімдер көп болғаны байқалады, сондықтан президенттің сөзіне сену қиын. Қазақстанда болған наразылық Чилидегі қарсылық акциясына ұқсайды. [Онда наразылық] жолақының қымбаттауы сияқты болмашы себептен туып, бүкіл елді қамтыды.

Мемлекет басындағылар мен биліктің сойылын соғатын сарапшылар осындай оқиғалар кезінде халық деп аталатын субъектіні назарға ілмейді. Элита халық өзі көтерілді, бір облыста ғана емес, бірнеше өңірде ұшқыннан өрт шығып кетті дегенге сене алмай отыр. Олар бәрі аяқ астынан болды деген нұсқаны мойындауға дайын емес.

Тоқаевтың орнында постсоветтік мемлекеттің кез келген авторитар басшысы дәл осылай айтар еді. Бірақ бұл сөздердің оның өз өмірін және билігін сақтап қалу үшін қолданған қатаң шараларын ақтау үшін айтылғаны көрініп тұр.

Күтпеген жерден бүкіл елді қамтыған наразылық басталса, әрине, мародерлер де, басқалар да шығады. Бұл – табиғи процесс, революция ережесі сондай. Ол бүлікті тоқтатып, өзін ірі көшбасшының қолындағы қуыршақ қана емес, саяси қабілеті бар тұлға ретінде көрсетті. Бірақ оның ары қарай қалай әрекет ететінін қарау керек.

Азаттық: Тоқаев 11 қаңтарда парламентте сөйлеген сөзінде «Назарбаевтың арқасында» елде табысы мол компаниялар мен өте дәулетті адамдар тобы пайда болғанын айтты. Тоқаев Назарбаевтың туыстары мен оның айналасындағы адамдарға тиесілі делінген салаларды біртіндеп сынап шыққандай көрінді. Ел ішіндегі бақылаушылар наразылық басылғаннан кейін Тоқаев билігін күшейтіп, Назарбаевтың саяси мұрасын қайта қарап жатыр деп санайды. Бұл мәселеге қатысты ресейліктер не ойлайды?

Андрей Колесников: Жалпы ресейліктер туралы айтсақ, әзірге бұл тақырыпта жүргізілген әлеуметтік зерттеулер жоқ. Сондықтан Ресей халқының реакциясы туралы айту қиын.

Әлеуметтік желілердегі (бұл нақты құралға жатпайды) жазбаларға қарасақ, пікірлер әр алуан: біреу қолдап, екінші адам сүйсініп, үшінші қолданушы керісінше, сынап жатыр. Элитаға келсек, олар болған оқиғадан [Ресей президенті] Владимир Путин билікті басқа адамға тапсырса не болатынын түсінді. Елді ұзақ жыл басқарған басшының өз орнына басқа адамды қойса да, биліктен ұзамай, ұлт көшбасшысы болып қалуы ақталмайтыны белгілі болды. Қазақстан мұндай сценарийдің осал тұстары көп екенін көрсетті.

Бұл – Кремльге болашақ туралы ойлануға жақсы себеп. Бірақ ол болашақ әлі алыс. Өйткені 2024 жылы Путин қайта сайланып, тағы бір не екі мерзім президент қызметінде қалады деп ойлаймын. Сондықтан билік транзитінің моделі туралы ойлануға әлі уақыт бар. Мүмкін, көп жыл өтсе де, Кремль Қазақстандағы оқиғалардан сабақ алмай, дәл осы модельді қайталайтын шығар. Бірінші және басты реакция – осы.

Екінші реакция ҰҚШҰ әскерінің Варшава келісімі күштері сияқты көмекке келуінен көрінді. Ресей бұл көмектен біраз артықшылық көріп отыр. Бұл «империяны қалпына келтіру» құралы болмаса да, Орталық Азия бағытындағы бақылауды күшейтіп, квазиимперия құру талпынысы деп ойлаймын.

Қазақстан бойынша сарапшы емеспін, бірақ Ресейдің елдегі жағдайларға көп араласуы Тоқаевтың беделі мен ел экономикасына кері әсер етуі мүмкін. Қазақстан экономикасы Ресейдікіне қарағанда шетелдік инвестицияларға әлдеқайда ашық. Сондықтан Ресей Қазақстандағы белсенділігін арттыруға бел байлаған күннің өзінде бұл нарықтағы эксклюзив ойыншы бола алмайды.

Ресей Тоқаев бізге міндетті, ол шетелдік әскердің арқасында билігін сақтап қалғаны үшін қарымта қайтаруы керек деп ойлауы мүмкін. Тоқаев бұл көмектің қайтарымы үлкен болғанын қаламайтын сияқты. Ол қазір өзін айналасындағы қарсыластарын тас-талқан етіп жеңіп, популистік мәлімдемелер жасап жүрген мықты басшы етіп көрсетуге тырысып жатыр.

Азаттық: Тарихта автократ әлсіз саясаткерді таңдап, кейін ол автократтың өзін шаң қаптырып кеткен кездер болған ба?

Андрей Колесников: Ондай оқиғалар өте көп. Совет одағының тарихына үңілсек, Сталиннің орнына таласқан үш басшыны: Берия, Хрущев пен Маленковты атауға болады. Бұл үштіктегі ең әлсізі Хрущев болса да, соңында ол бәрін басып озып, бірінші нөмірлі тұлғаға айналды.

Брежнев те билікке мемлекеттік төңкеріс арқасында келді. Ол ел тізгінін уақытша ғана ұстайтын тұлға болып көрінді. Өйткені 1964 жылғы астыртын әрекеттердің бас ұйымдастырушысы Шелепин болды. Бірақ әлсіз, қорқақ саясаткер болып көрінген Брежнев сақтығы, ішкі түйсігі мен тактикалық немесе стратегиялық көрегендігінің арқасында бәрінің алдын орап кетті.

Мұндай жағдайларда ресми құзырет пен қызмет маңызды. Бәрібір президенттің аты – президент. 2011 жылы Дмитрий Медведев Путинді «сатып кетсе», ел мұны қалыпты жағдай деп қабылдар еді. Медведевте Путинді қызметінен түсіріп немесе биліктен шеттетіп, қолынан келгеннің бәрін жасауға мүмкіндік болды. Өйткені элита үнемі мықтының жағына шығады. Кейде қолында ресми билігі, жоғары шені бар адам «мықты» саналады. Не дегенмен, Тоқаев президент қой. Билік үшін күресте Тоқаевтың осындай бір басымдығы болды, ол осы басымдықты пайдалана білді.

Азаттық: Назарбаев та ойыннан шыққан жоқ, жүйені жоғарыдан бақылайтын ойыншы – Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде оған әлем елдерінің басшылары, оның ішінде Путин де құрметпен қарап келді. Тоқаев билік тетігін қалай өз қолына алды? Бұл Путиннің қолдауымен жүзеге асты ма?

Андрей Колесников: Путиннің қолдауы кештеу келді деп ойлаймын. Кремль алғашқы екі тәулік бойы өзін қалай ұстарын, Қазақстандағы жағдайды қалай бағаларын білмей дағдарып қалған сияқты. Мұны объективті түрде түсіну қиын болды. Тоқаев жылдам әрекет еткенге ұқсайды. Бірақ Путин элитасы үшін Қазақстандағы Кремльге адал билікті сақтап қалу маңызды болды. Бейберекетсіздік кезінде Тоқаевтан артық лайық адам болмады. Сондықтан ҰҚШҰ күштері қолданылды. [Ресейге] басымдыққа ие тұлғаны таңдауға тура келді.

Наразылықтың басында Қазақстандағы мәселелерге елбасы кінәлі («ұлт көшбасшысы» – Назарбаевқа берілген, жеке басқа табынушылық белгісі саналатын титул. – Ред.) деген ұрандар айтылды. Билік бір адамның қолына шоғырланған кезде осылай болуы заңды нәрсе. Жұрт жақсыны да, жаманды да елді ұзақ жыл басқарған басшының образымен байланыстырады. Путинді де осы нәрсе күтіп тұр. Ол қазірдің өзінде осының жемісін көріп жатыр: жетістіктер ғана емес, жеккөрініш, наразылық пен «еліміз дұрыс дамымай жатыр» деген айыптаулар да – бәрі-бәрі Путиннің еншісіне тиеді. Автократтардың бәрі осы қақпанға түсіп қалады.

Азаттық: Назарбаев Тоқаевты элитаға немесе олигархтар тобына қатысы жоқ, бейтарап саясаткер болғаны үшін таңдаған сияқты. Мұндай мықты байланыстары болмаса да, Тоқаев өз билігін қалай сақтап қалды?

Андрей Колесников: Тарихи тәжірибеге сүйенсек, президент құзыреті бар адамның қолынан көп нәрсе келеді. Әсіресе, жедел әрі сенімді әрекет еткен басшының алмайтын асуы жоқ. Ол үшін халық емес, бюрократия мен күш құрылымдарының аз ғана бөлігі қолдаса да жетіп жатыр.

Тоқаевтың одақтасы кім болғанын, бұл жоспарын қалай құрғанын білмеймін. Ары қарай не болады, жағдай тұрақталғаннан кейін Тоқаев билігін сақтап қала ма – ол да белгісіз. Бірақ ол өз қолындағы құралдарды жылдам әрі сенімді түрде пайдаланды. Мүмкін президент бірінші кезекте, саяси билігін емес, өз өмірін сақтап қалу үшін жанталасқан шығар. Ол қолынан келгеннің бәрін жасады. Нәтижесінде, қазір елді басқа адам емес, Тоқаев басқарып отыр.

Азаттық: Тоқаев билігінен айырылып қалуы мүмкін деген қауіп бар ма?

Андрей Колесников: Бар. Оқиға әлі аяқталған жоқ. Әзірге президенттің қолындағы билікті пайдаланып, барлық мемлекеттік құрылым мен қаржы ағындарын жедел өзгертуден өткізуге мүмкіндігі бар. Бірақ бұл оңай шаруа емес, ол үшін өте көп ойыншымен келісуге тура келеді.

НАЗАРБАЕВ ҚАЙДА ЖӘНЕ ОНЫ НЕ КҮТІП ТҰР?

Азаттық: Бұрынғы президент өткен жылдың соңынан бастап ел алдына шықпады. Оның баспасөз хатшысы 7 қаңтарда «Назарбаев – астанада, ол қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін Тоқаевқа өз еркімен тапсырды» деп мәлімдеді. Назарбаевтың біраз уақыттан бері көптің көзіне түспеуінің сыры неде деп ойлайсыз?

Андрей Колесников: Бұл – спекуляциялық тақырып, мұндай болжам айтудың кофе қалдығына қарап, бал ашудан еш айырмашылығы жоғын бәріміз түсініп отырмыз. Бірақ қазір Тоқаевқа Назарбаевтың көзін жою тиімді деп ойламаймын. Қазақстан халқы Назарбаевты ықпалды тұлға көрмейтіні түсінікті. Тоқаев 11 қаңтарда жасаған мәлімдемесінде елбасыны атағанына қарағанда, Назарбаевқа физикалық қауіп төніп тұрмағанға ұқсайды. Бірақ «Қазір Назарбаев қайда?» деген сұрақ туады. Рублево-Успенский күре жолының бойындағы мемлекеттік саяжайлардың бірінде ме? Олай болуы да мүмкін. «Назарбаев Қытайға кетіп қалыпты, жоқ, әлі Қазақстанда екен» деген сыбыс та тарады. Бірақ елде болса, неге әлі күнге халық алдына шықпады?

Жалғасын желідегі Azattyq сайтынан оқи аласыздар…