Тоқаев Мәскеуде оқыды, Назарбаев Теміртауда жұмыс істеген адам – Асқар Жұмаділдаев

0

Академик, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев «Қасқа жол» ютуб арнасына сұхбат беріп, ұлттық құрылтай, латын әліпбиі, балалардың діни тәрбиесі туралы пікір білдірді.

– Қасекең газетті оқып, өзі қорытынды шығарады. Нұрекең өзі оқыған жоқ. Ақпаратты айналасындағы жағымпаздар жеткізді. Сөйлеген сөзінен де көрдік. Ол соған сеніп қалды. Қазақ деген қызық халық. Біреуді мақтап айға жеткізеді, бес минутта жерге түсіре салады. Адамда ішкі бағдаршам болу керек. Ол тектен келеді. Тоқаев Мәскеуде оқыған адам, Назарбаев техникум бітіріп, Теміртауда жұмыс істеген адам. Негізгі фундаменті жемқорлықпен күрес еді, оны аттап өтті, – деді Жұмаділдаев.

Академик қазақ-түрік лицейлері мен Назарбаев мектептері туралы ойын айтты. Оның пікірінше, ауылдық жердегі мектептер мен орта мектептерді Назарбаев мектебінің дәрежесіне жеткізу керек.

– Мен қазақ-түрік лицейлерінің құрылтайшысы болғанмын. Түріктермен жақсы араластым. СДУ-ға қазақтың балалары ауылдан келеді. Адал, ұмтылыстары жоғары. Соңғы кезде саясаткер сымақтар жұрттың бәрі бірдей болу керек дейді. Назарбаев мектебіне алты есе көп ақша шығатынын айтады. Бұл рас. Бұндайды жабу керек дейді. Үзілді-кесілді қарсымын. Мұндай тәжірибе Совет одағыы кезінде болған. Босқа таратып бергеннен ештеңе өзгермейді екен. Біз жақсымен теңесейік. Бұл қазақтың философиясында бар, – деді ол.