«Соңғы екі жылда Мәсімовтен бәрі қорқа бастады»

0

Ермұхамет Ертісбаев «Ответь Бажкеновой» бағдарламасына сұхбат берді. Онда саясаткер Назарбаев дәуірінің ақырына, назарбаевтар кланы, қанды қаңтар оқиғасына баға берген. Тарихы ретінде қазақтардың әлемдік тарихты жасаушы ұлтқа айналғанын айтты. Ертісбаевтың сұхбатында айтылған тұшымды ойларын ықшамдап жариялауды жөн көріп отырмыз.

Бұл туралы kznews.kz сайты nege.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Назарбаевтың ақыры туралы

«Нақты бір адамға – Назарбаевқа қарсы саяси наразылық акциялары 11 облыс орталығында, 70 шағын қалада, елдімекендерде өтті. Назарбаев елде мұнша қарсылықты электорат бар деп күтпеді. 2 қаңтарда мұнайшылар нарызылық бастады, 3 қаңтарда бұл саяси наразылыққа ұласты. Меніңше, Назарбаев өзінің отбасына деген елдің жеккөрушілігін де күтпеді…

Қарсылықты электорат – бір жарым миллион адам Қосановқа дауыс берді. Сосын Қосановты жұрт неге жек көріп кетті? Электораттың дені Қосановқа президенттікті бәрібір бермейтінін өте жақсы білді. Бірақ одан 9-10 маусымда сайлау қорытындысын мойындамай, жұртты алаңға шақырады деп күтті. Бұл дүрбелең 2019 жылдың жазында болуы тиіс еді. Ол кезде жүздеген мың адам емес, бір жарым миллион адам алаңға шығар еді. Қарсылықты электораттың деңгейі посткеңестік кеңістікте – Ресейде де, Қазақстанда да, Беларусьте де өте жоғары.

Кеңес одағы тарағанына 30 жылдан асты. Құбыжықтай көрінетін әлеуметтік теңсіздігі, жұмыссыздығы, басқа да «еркеліктері» бар мемлекеттік-олигархтық капитализмді қабылдай алмайтын жаңа буын өсіп шықты. Басты себеп – осыда…

Назарбаев 2011 жылы бір доллар 125 теңге болған кезде орнынан кеткенде қазір ол «Ұлы саяси қайраткер» ретінде есте қалар еді. Бірақ оның ақыры керемет саяси мәнсабын шайып кетті. Соңғы он жылда Назарбаевқа саясат керек емес еді. 2011 және 2015 жылдары өткен іш пыстыратын саяси науқан, үш бірдей девальвация төбеден жай түскендей әсер етті. Халықтың ұлттық валютаға деген сенімі жойылды. Ал ұлттық валюта – мемлекеттің маңызды атрибуты.

Ақпараттық вакуум туралы

2019 жылдан бері жалғасқан транзиттің өзіне де күмән көп болды. Мемлекет элитасы да, көпшіліктің де ығырын шығарды. «Бұл не өзі? Елде қожайын кім?» деген сауалдар туды. Дариға (Назарбаев – ред) сенаттың төрайымы болып, Президентпен иық тіресіп тұрды. Мұның бәрі жинақтала келе, соңы осыған жетті…

2007 жылы мамыр айынан бері, Рахат Әлиев шетелге қашқан соң, Назарбаев бір адамға сенуден қалды.

Екіншіден, Президент кеңсесі де, Кітапхана да Назарбаевты кез келген жағымсыз ақпараттан «қорғап» келді. Оның өзі де ешқандай интернетті, әлеуметтік желілерді қолданбады. Оған жағымды дайджесттерді көрсетті. «Бәрі керемет, халық толық қолдап отыр» дегендей.

Фото: youtube.com

Жасырмай-ақ қояйын, мен өз материалдарымды Елбасының көмекшілеріне жіберіп отырдым. Олар маған не деді дейсің бе? «Мынауың тым көп. Бір-екі минутқа қысқартып, жағымды нәрселерді көрсету керек» деп қолқа салды. Ол ақпараттық вакуумда отырды.

Мәсімов туралы

Оның не ойлағанының қазір маңызы жоқ. Өйткені, Назарбаев билікті толық уысынан шығарып алды. Мәсімовтің тұтқындалуына келсек, ҰҚК – саяси барлау. Олар елде толқу болатынын біле тұра «есінеп» отырды. Ешқандай ескерту бермеді.

Екінші себебі – арандатушылық. Шеруге шыққандардың 95 пайызы — саяси наразылар. 5 пайызы – әдеттегідей тонаушылар, содырлар, терроршылар, тікелей кланға қатысы бар күштік құрылымдар. Олардың мақсаты – революция идеясын бүлдіру еді.

5 қаңтардағы Тоқаевтың жағдайы есіңізде ме? Оған «Президент қызметін таста» деген қатты қысым болды. «20 мың террорист» деген ақпаратты Тоқаевқа сол кездегі ҰҚК басшысы берген. Оны қорқытпақ болған. «Наразылықтың көлемі сұмдық, билік құлауға шақ тұр. Иә, астанадан кету керек» деп, қатты қысым көрсетілді.

Кәрім Мәсімов – өте интеллигент адам. Қу, шебер «патша сарайшысы». Жақсы мағынасында айтып отырмын. 2009-2013 жылдар арасындағы Әбіләзовтің сұхбатын қарап шығыңыздаршы. Әблязов: «Мәсімов Назарбаевтың сеніміне кіріп қана қоймай, билікке өзі келу үшін іргетас қалай бастайды» деуден танбай келді. Тоқаев астыртын сөз байласқандар туралы да айтып қалды. Бұл оқиғалар кезінде Мәсімов, сөз жоқ, шешулі рөл атқарды. Назарбаев пен Тоқаев үшін бәрі күтпеген жағдай болды…

Соңғы екі жылда Мәсімовтен бәрі қорқа бастады. Шексіз билігі болды…

«Реакциялық, консерваторлық күштер» туралы

Реакциялық, консерваторлық күштер террористерді тартты, дүрбелең тудырды. Бұған есінен адасқаннан барды. Өйткені, олар уысынан биліктің шығып бара жатқанын көрді. Сондықтан Тоқаевты жаманатты қылуға ұмтылды.

Назарбаев Тоқаевқа таңдау жасаған кезде бұл көп адамға ұнаған жоқ. Дариғаның Тоқаевпен иық тіресіп тұру схемасы бір жыл ғана жұмыс істеді. Дариға амбициясын көрсетіп, сауал тастай бастағанда, триумвират анық көріне бастады.

Назарбаев мұның қауіпті екенін бірден түсінді. Дариғаны сенат төрағалығынан алып тастау Тоқаев пен Назарбаевтың екеуара шешімі болды. Бұл – мемлекеттік элита арасына жік түсіруі мүмкін еді…

Қазақтар – тарихи ұлтқа айналып келеді. Бұдан 35 жыл бұрын Мәскеуге, оның саясатына қарсы кім шықты? Ең алғашқы күшті қарсылық көрсеткен кім? Қазақ жастары! 1986 жылғы желтоқсан. Посткеңестік кеңістікте олигархиялық капитализмге қарсы кім бірінші бас көтерді? Қазақтар! Біз әлемдік тарихты жасап жатырмыз. Тарихшы ретінде, патриот ретінде мені бұл қуантады. Кез келген дағдарыстан алдымызда ашылған мүмкіндіктерді көре білуіміз керек…