– Біріншіден, мен жер мәселесінен бастар едім. Өйткені, халқымыздың тең жартысы ауылда тұрып жатыр. Ауылдың күнкөрісі өте ауыр. «Қанды қаңтар» оқиғасы ең наразы, күнкөрісі төмен жастар ауылда тұрып жатқанын көрсетті. Сол үшін шаруаны ауылдан бастау керек. Оған жер қажет. Үкіметте, мемлекетте бұл мәселені толық шешуге мүмкіндік бар. Мен космомониторинг пен цифрлы мониторингті айтып отырмын. Ниет қана жетпейді. Неге? Былтыр сапархан Омаров мырза, одан кейін Ербол Қарашөкеев мырза космомониторинг пен цифрлы мониторингке қасақана кедергі жасап, жайылымдарды босатпады. Соның салдарынан былтыр бірде бір гектар жер босатылған жоқ. Бұл – ауыл халқына қиянат. Қазақстанда жайылым жеткілікті. Өркениетті технологиялар бізде 40 миллион гектардан астам жайылымдардың бос тұрғанын көрсетіп отыр. Осы көктемде кем дегенде осы көлемнің жарты бөлігін босатып, ауыл халқына қолжетімді қылар едік. Жайылым пайдалы болса, ауылдағы миллиондаған халық малдың арқасында жақсы өмір сүрер еді, – дейді ол.

Мұхтар Тайжан премьер-министр болса, өзінің екінші миссиясы ретінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорын жоюды атады. Ол әл-ауқат қорының құрамындағы монополистік әрекетке барып отырған ұлттық компанияларды профильді министрліктерге бағынысты етуді дұрыс деп санайды.