Сарапшы Тұран одағы қашан құрылатынын айтты
Ыстамбулда Түркі кеңесі мемлекет басшыларының сегізінші саммиті өтеді, деп хабарлайды kznews.kz сайты.
Бүгін министрлер деңгейіндегі жиындар, ертең Президенттердің қатысуымен басқосу болады.
Саммитке тәуелсіз 6 түркі мемлекетінің президенттері И. Әлиев. Г. Бердімұхамедов, Қ. Тоқаев. С. Жапаров, Ш. Мирзиёев, Р. Ердоған және Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан қатысады.
Осы саммитте бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылады деген жоспар бар.
Сарапшы пікірі:
— Алдымен Түркі кеңесі «Түркі ұйымы» деп аталуы мүмкін екен. Бұл дегеніңіз түркі интеграциясының жаңа кезеңі деген сөз.
Әдетте «кеңес» атауының консультативтік сипаты жиі еске түседі. Ал «ұйым» қалыптасқан жүйесі бар құрылым деген мағынаға жақын. Алғашқысы меморандум, екіншісі келісім шарт тәрізді.
Бұл жерде ең маңыздысы — Түркі интеграциясының жаңа деңгейге шығуы. Меніңше «кеңес» «ұйымға» айналса, одан әрі «одақты» көріп қалуымыз мүмкін. Он бір жылда интеграцияның шешуші органын кеңестен ұйымға айналдырсақ, тағы он-онбес жылда одақ құрып қалармыз. Тек байыппен қимылдамақ керек.
Екіншіден осы жолы Түркіменстан кеңеске бақылаушы мүше болып қосылуы мүмкін. Бұл өте маңызды қадам. Саяқ жүретін Ашхабадтың туыстарына жақындасуы отын-энергетика, көлік-логистика, коммуникациядан бастап талай салаларда түрлі жобаларды бірлесе атқаруға мүмкіндік береді.
Үшіншіден осы саммитте Түркі инвестициялық қорын құру мәселесі түбегейлі шешіліп, қор алдағы жылдан бастап жұмысқа кірісуі мүмкін. Бұл кейін Түркі кеңесі даму банкіне айналуы да ғажап емес.
Төртіншіден, Түркі әлемінің 2040 жылға дейінгі vision-ы жобасын президенттер мақұлдауы мүмкін. Бұл жоба 2040 жылға дейінгі Түркі әлемі даму стратегиясын қалыптастыруға негіз болуы ықтимал.
Қысқасы байыппен алға жылжып келе жатқан түркі интеграциясы жаңа белеске көтерілер деп сенемін.