ҚМДБ Құсайыновтың жазғаны шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі kznews.kz сайтында Тұрарбек Құсайыновтың жариялаған «Бас мүфтиіміздің айналасы толған салафиттер» атты мақаласына қатысты келесідей мәлімдейді:
Біріншіден, автордың: «Дінбасының айналасы деструктивті күмәнді адамдарға толып кетті» деген сөзі ешқандай шындыққа жанаспайды. Бұл – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына және барша дін қызметкеріне жабылған жала. Осыған дейін Діни басқарма қызметкеріне, оның діни сенімі мен көзқарасына қатысты мәселе болмаған. ҚМДБ жанындағы Сараптау комиссиясының бағалау сынынан өткен тұлғалар ғана қызметке қабылданады.
Екіншіден, мешіттің садақа жәшігіне түсетін қаражаттың есеп-қисабын бір адам жүргізбейді. Мешітке түскен қаржыны жұмсау және қадағалау жұмысын ҚМДБ және мешіт жанынан құрылған арнайы комиссия мүшелері жүргізеді. Ал ҚМДБ жанындағы Тексеру комиссиясы діни саладағы қаржылық ашықтықты қамтамасыз етеді. Елордада 2020 жылдың 7 ақпанында өткен Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс ІХ құрылтайында делегеттардың дауыс беруімен Тексеру комиссиясы бекітілген болатын. Комиссия міндеті – діни саладағы қаржы ашықтығын қадағалап, есеп-қисап жұмыстарына мониторинг жасау.
Үшіншіден, автор: «2017-2019 жылдары астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде наиб имам болып жүрген Нұрлан Рамазанов өзі секілді наиб имам Марат Бектазиновтың мешітке шешіп қойған су жаңа аяқ киімін ұрлаймын деп масқарасы шыққан» деп жазады. Бұл да шындыққа жанаспайды. Имамдар арасында мұндай «ұрлық оқиғасы» болмаған және мақалада аты аталған азаматтар бұл ақпараттың жалған екенін жариялады.
Төртіншіден, автор өз мақаласында ҚМДБ-ның бір қызметкерін Сауд Арабиясында оқығанын айта келе, оның діни сеніміне күмән келтіреді. Діни басқармаға қызметке қабылданатын тұлғалардың діни сеніміне алдын ала жан-жақты талдау жұмыстары жүргізілетінін және Сараптау комиссиясының оң қорытындысын алған азаматтар ғана Бас мүфти бұйрығына ұсынылатынын жеткіземіз.
Мақалада жазылған жалған ақпараттар мен Діни басқарма, дін қызметкерінің беделіне нұқсан келтірілген мәліметтерді теріске шығаруды талап етеміз және бұл істі автордың ары мен намысына қалдырамыз…
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
баспасөз қызметі