Кремль жеңіс күнін атап өтуді сынаған әншіні қуғындап жатыр (ВИДЕО)
Ресейдің белгілі рэп әншісі Әлішер Моргенштерннің Ксения Собчакқа берген сұхбатындағы Жеңіс күнін тойлауға қатысты пікірі үлкен дау тудырды, деп хабарлайды kznews.kz сайты bbc.com сілтеме жасап.
Оның сөзі тіпті ресми Кремльдің де назарын аударды. Арада көп өтпей жас әнші ет қызуымен айтқан сөзі үшін көпшіліктен кешірім сұрағанымен оны «шулы мәлімдемесі» үшін Ресейдің тергеу комитеті тексеріп жатыр.
«Мен 76 жыл бұрынғы Жеңіс күнін тойлау дегенді түсінбеймін. Жыл сайын дәл осы мейрамға миллиондап қаржы жұмсалады. Нені тойлап жатқанымыз, кімге нені дәлелдеуге тырысып жатқанымыз түсініксіз. Мүмкін мақтанатын түк те жоқ шығар. 1 ғасырға жуық уақыттан бері сіздердің бір кездегі жеңістеріңізді еске түсіре беруден не шығады?.. Ұлы Отан соғысындағы жеңіске сөз жоқ. Жарайсыңдар. Бірақ ары қарай қимылдау керек. Ақпараттық технологияда, ғарыштық технологияда жеңіске жетіп, соны тойлайық. Бірақ әлі күнгі 70 жылдан бұрынғы нәрсені тойлап келеміз», деген әнші даулы сұхбатында.
Кейін Ресей ардагерлер ұйымы рэпердің сөзіне қатысты Бас прокуратура мен Тергеу комитетіне шағым түсірді. Ресейдің тергеу комитеттің баспасөз қызметі ведомсто басшысы Александр Бастрыкин Мәскеудің тергеу басқармасының бастығына Моргенштерннің мәлімдемесіне қатысты тексеру жүргізуді тапсырғанын хабарлады. Оған ардагерлер ұйымының шағымы негіз болған көрінеді. Қазіргі таңда тергеушілер Моргенштерннің айтқан сөзі Ұлы Отан соғысына қатысқан, майданда шейіт болғандардың абыройына нұқсан келтірді деген фактіні алға тартуда. Оның қаншалықты негізі бар екендігі тергеу жұмыстарынан кейін белгілі болады.
Ал жас әншінің қорғаушысы Сергей Жорин Моргенштерннің өз «мәлімдемесіне» қатысты тергеушілердің барлық сұрақтарына жауап беруге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ ол бұл сөзде дау тудыратындай ешнәрсе жоқтығын айтты.
Бұл мәселеге қатысты пікір білдірген РФ Президентінің Баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жастарға күн санап қатары сиреген ардагерлермен сөйлесуге, олардан Жеңіс күні не үшін соншалықты маңызды екенін сұрап білуге кеңес берді.
Өзінің «мәлімдемесі» ақпараттық кеңістікте үлкен шу тудырған соң
Моргенштерн көпшіліктен кешірім сұрады. Ол бұған БАҚ-тың рейтинг үшін өз сөзін бұрмалағаны себеп екенін айтып, сұхбатта соғыс ардагерлері үшін қосымша қаржы бөлу туралы айтқан ойларын сұхбатта жарияламағанында ашына айтты.