Гүлнара Каримованың қолы көгергені анықталды
Өзбекстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Феруза Эшматова елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы, қазір Ташкент облысындағы №21 жалпы режимдегі әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан Гүлнара Каримовамен кездескенін хабарлады, деп жазады Азаттық.
«Онымен кездестім. Бәрі қалыпты болды. Біз әлі де [мониторинг] жасаймыз, мониторингтен кейін қайта тексереміз» деді 8 қазанда журналистерге Феруза Эшматова.
Омбудсменнің бұл мәлімдемесі Гүлнара Каримованың қызы Иманның «анаммен кездесуіме рұқсат бермей жатыр» деген хабарынан кейін шықты. Иман мен анасының адвокаты Гүлнара Каримовамен биыл шілдеде кездеспек болған.
«Өзбекстанға келіп, онымен [анаммен] кездеспекші болған едім, үкімет оның адвокатымен кездестіру, телефон шалу, хат алмасуына тыйым салу арқылы әлеммен байланыссыз қалдыру мақсатында үнемі түрлі сылтау айтады» деп жазды Иман Каримова Instagram парақшасында.
Бұдан кейін Гүлнара Каримованың адвокаты Фанни Маргайраз 2019 жылғы шілдеден бері биыл қыркүйектің 7-8 аралығында алғаш рет Каримовамен кездескенін Le Temps басылымына хабарлаған.
«Бұл жолы біз онымен [Гүлнара Каримовамен] өзбекстандық адвокат және аудармашының қатысуымен кездесе алдық. Оның қолында бірнеше көгерген із болды» — деген Маргайраз.
Феруза Эшматова Гүлнара Каримова жазасын өтеп жатқан колонияда қайта мониторинг жасалатынын хабарлады.
«Гүлнара Каримованың жағдайы жақсы ма?» деген журналистер сұрағына омбудсмен: «иә» деп қысқа жауап берді.
Ташкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты 2020 жылғы 18 наурызда 13 жыл төрт айға соттаған Гүлнара Каримова қазір Ташкент маңындағы №21 әйелдер колониясында жазасын өтеп жатыр.
Сот бұрынғы президенттің үлкен қызын қылмыстық топ ұйымдастырды, алаяқтық жасады, өзгенің мүлкін тартып алды, оны талан-таражға салды деп соттады. Сонымен бірге билік Гүлнара Каримова қылмыспен келген табысты заңдастырған дейді.