Династиядағы тартыс: Қазақстанда 10 жыл дайындалған билік транзиті болмай қалды
«Қазақстандағы соңғы жылдардағы ішкі саяси оқиғаларды саралай келгенде, елде билік транзитінің династиялық вариантын іске асырып жіберуге жан-жақты дайындық осыдан он жыл бұрын басталғаны аңғарылады. Бұл жоспар, негізі, 2020 жылы жүзеге асуы тиіс еді», – деп пайымдайды әлеуметтік желіде қазақ билігінің соңғы 10 жылдағы тарихына үңілген сарапшы Қазбек Бейсебаев.
Он жыл бұрын жағдай қандай еді? «Алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деген принцип ұстанған елімізде тоқшылық болатын. Экономикада өсім байқалып, шикізаттың әлемдік бағалары жоғары боп тұрған. Жағдайымыздың жақсы болғаны сонша – 2022 жылғы қысқы олимпиада өткізуге таласып, өтініш бердік. Сарапшының сөзінше, сондай жайлы кезде биліктің династиялық транзитін іске асыру жоспары туған. «Сол 2022 жылға қарай сайлау өткізбей-ақ, тұңғыш президенттің өкілеттігі ұзартылуы тиіс еді. Шамасы, жоспарлы транзитке дайындық жолында сайлау өткізуді қажетсіз деп тапса керек», – деп тұспалдайды ол.
2010 жылдың сәуір айында Семейдегі университеттің ректоры «сайлау өткізбей-ақ, тұңғыш президенттің өкілеттігін ұзарту туралы референдум өткізейік» деген бастама көтерген болатын. Бірақ бұл бастамаға АҚШ қарсы болып, ондай референдум ұйымдастырылмай қалды. Әйтпесе тұңғыш президенттің өкілеттігін сайлаусыз созуға сол кезде бәрі дайын тұрған еді. Нәтижесінде ойлана-толғана келе, тұңғыш президент референдум туралы бастаманы қабылдамай, 2011 жылдың сәуірінде президент сайлауы өтті.Дәл осы кезеңде, 2011 және 2012 жылдары түрлі қоғамдық бірлестіктер мен танымал тұлғалар ядролық қарудан бас тартқаны мен бейбітшілікті нығайту жолындағы жетістіктері үшін тұңғыш президентті Нобель сыйлығына жарыса ұсынған болатын. Бірақ бұл сыйлық та бұйыра қоймады. Одан кейінгі, келесі президент сайлауы 2015 жылдың сәуірінде өтіп, онда тұңғыш президент 97,7 пайыз дауыс жинап, өз билігін тағы да толығымен растап берген еді. – Династиялық транзит 2015 жылғы президент сайлауынан кейін белсенді жүргізіле бастады. Сол жылы мамырда бес институционалдық реформа жарияланды (заманауи мемлекеттік аппарат, заң үстемдігі, индустрияландыру, біртұтас ұлт, есеп беретін мемлекет). Бірақ ол ешқандай тың өзгеріс әкелмейтін кезекті көзбояушылық маневр болатын. 2015 жылдың күзінде Қазақстанның тұңғыш президенті Ұлыбританияға сапар жасап, қасына премьер-министрдің орынбасары және өзінің үлкен қызын ертіп барды. Одан бері талай уақыт өтті ғой, енді сол оқиғаларға қарап отырып байқағанымыздай, сол сапар династиялық транзитке даярлап отырған басты кандидатты шетелге таныта берудің алғашқы нақты қадамы болған сияқты. 2016 жылдың қыркүйегінде премьер-министрдің орынбасары сенатқа барып, алдымен жай сенатор атанады, ал 2019 жылы сенат спикері, елдегі екінші адам болып шыға келеді.
Оның арасында, 2017 жылдың наурызында жекелеген депутаттардың бастамасымен тұңғыш президент туралы нақты қағидалар Конституцияға енгізілді. Осылайша династиялық билік транзитіне заңдық негіз қаланған болатын. Бұл жоспарды жүзеге асыру жолында Қазақстан билігінің сыртқы саясаттағы жетістіктері қажет болған: нақ сол тұста Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес болса да, мүше атанды. БҰҰ мен басқа да халықаралық трибуналардан Қазақстан қарусыздандыру туралы жаһандық бастамалар туралы сайрады. 2018 жылдың қаңтарында сенатор және тұңғыш президенттің қызы АҚШ-тағы Ақ үйде өткен келіссөздерде әкесінің жанында жүрді. Бұл да династиялық транзитке лайықты деп таңдалған кандидатты көрсету еді. Сол сапар қорытындысы бойынша Қазақстан АҚШ-пен әскери ынтымақтастық туралы келісімдерге қол жеткізді. Алайда бұл Мәскеу тарапынан наразылық шақырды.
2018 жылдың мамырындағы Сочидегі ЕАЭО саммиті алдында тұңғыш президент Владимир Путинмен бейресми кездесу өткізеді, одан кейін бұл екеуінің ресми кездесуі болған жоқ. Одан соң тұңғыш президент өзге де мемлекет басшыларымен бірге 2018 жылдың жазында Мәскеуде футболдан әлем чемпионатының ресми ашылуында болады. Сол жерден Қазанға ұшып, Татарстанның бұрынғы басшысымен кездеседі. Сол кездесулерден кейін династиялық транзит деген бастапқы жоспарға үлкен өзгерістер енгізіліп, ол жоспардың орнына басқа шаралар қабылданған сықылды. 2018 жылдың желтоқсанында әлі мемлекет басшысы лауазымындағы тұңғыш президент «Самұрық-Қазына» кеңесінің төрағасы болып сайланады.
Ал 2019 жылдың наурызында өзінің президенттік өкілеттігін тоқтатып, елде екінші президент пайда болды. Мерзімінен тыс президенттік сайлауда оппозиция атынан түскен бас кандидат Қосанов сайлаудың қорытынды нәтижелерін күтпей-ақ, өзінің жеңілгенін мойындай салды. Ал кей деректер бойынша Қосанов қашпағанда президент сайлауының екінші туры болуы бек мүмкін еді. Одан кейін тұңғыш президенттің қызы сенат спикері атанды. Сол кезде династиялық билік транзитін іске асыру басталды деген қауесет желдей есті. 2019 жылдың қазанында сенат спикері Мәскеуге барып, Федерация кеңесі және премьер-министрмен кездеседі. 2020 жылдың 5 наурызында Ресейдің бұрынғы президенті Қазақстанға келіп, Қазақстанның бірінші президентімен де, қазіргі президентімен де кездеседі. Бес күннен кейін тұңғыш президент Мәскеуге аттанып, Ресей президентіне кіріп-шығады. Күтпеген жерден Мәскеуге аттануы Қазақстандағы келіссөздерде транзиттік мәселе шешімін таппағанын білдіреді.
Сонымен, 2020 жылдың мамырында сенат төрағасы қызметінен кетті. Династиялық билік транзиті жоспары күйрегенінің алғашқы белгісі еді бұл. 2020 жылдың қарашасында бұрынғы сенат спикері биліктегі «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тізіміне енді. Династиялық транзит енді мәжіліс пен билік формасын өзгерту арқылы жүзеге асырыла ма деген болжам қайта пайда болды. «Ақ жол» партиясының басшысы сайлауалды съезінде сайлаудан кейін билікті парламенттік жүйеге ауыстырамыз деген уәде берді. Ал парламенттік жүйеде билік премьер-министрдің қолында болады. Ол сайлау тым күрделі өтті, оған бөтен ешкімді жолатпады, жалғыз ресми оппозициялық партия сайлауға түсуден өз еркімен бас тартты. Бірақ бұл жолы да транзитке бір нәрсе кедергі болды. Сайлаудан кейін үкімет бұрынғы құрамында қалды, ал парламенттік жүйе деп елді шулатқан «Ақ жолдың» басшысы қазір ол туралы жақ ашпайды. Сонымен, қорыта келгенде, ендігі Қазақстанда династиялық билік транзиті болмайды. Әу бастағы жоспарға сәйкес, 2020 жылы болуы тиіс дүние болмады, – деп пайымдайды сарапшы.
Дереккөз: «Жас Алаш»