Бір баррель мұнайға бір шелек су айырбастаймыз ба: Қытайдан келетін өзендер трагедияға айналды

0
1357

Соңғы кезде трансшекаралық өзендер мәселесі тағы да өткір түрде алға қойылып отыр. Ресми дерек бойынша, Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл және Шу секілді елдің бас өзендері көрші мемлекеттерден бастау алады. Бұл Қазақстан су ресурстарының 40%-ы, яғни осынша мөлшерде іргедегі елдерге тәуелдіміз деген сөз. Бұның ішінде біз үшін аса маңызы бар Ертіс және Іле өзендері Қытайдан келеді. Қазақстан мен Қытай арасындағы шекараны кесіп өтетін өзендердің ұзын саны 25-ке жетеді. Қытайдың бұл өзендердің суын бұрмалауы мен жырмалауы соңғы кезде құпия болудан қалған. Ертіс суының Үрімжі қаласын ауызсумен қамтамасыз ете бастағанына он жылдан асты. Ертіс суын ШҰАР-дың шығыс қақпасы аталатын Құмылға жеткізу бойынша да құрылыс жұмыстар жүріп жатыр. Іле өзенінің жағдайы да мәз емес, Балқаш болашақта Аралдың кебін құшуы мүмкін деп экологтардың дабыл қағып отырғаны бекер емес.

Қытай сонша суды бұрып алып не істемек?

Қытай жылнамаларында Сиюй, батыстық дереккөздерде Шығыс Түркістан аталатын, ресми атауы Синьцзян (Шынжаң) дейтін қазіргі ШҰАР аумағын қытайлар өз тарихында бес дүркін басып алды. АҚШ ғылымы Латтимордың пікірінше, «қытайлардың Орталық Азиядағы тарихы – империялық басқыншылық тарихы. Қытайлар бұл жерді дамыту үшін келмеген, Янцзы өзенінің бойындағы және оның оңтүстігіндегі аймақтарды аса үлкен біріңғай аймаққа қосып алғанындай емес, олар тек алыстан бағындырып, бақылап қана отырды. Оның үстіне, далалық империялармен бәсеке толастамады. Шын мәнінде, олардың бұл аймақтағы тұрақты үстемдігі тұтас 2000 жыл бедерінде тек қана 425 жылды құрайды. Мұның өзін де бірнеше кезеңге бөлуге болады. Қытайдың бүгінгі Шынжаңдағы үстемдігі соның бесінші кезеңіне жатады».

Айтса айтқандай, қытайлардың бұл өлкедегі билігінің үзіліп-жалғануының басты себебі олар бұл аймақты солтүстіктегі көшпенді ұлыстарға қарсы күрес алаңы ретінде ғана пайдаланды, сондықтан, солтүстіктегі қауіп сейілісімен, бұл аймақтағы басқаруын босаңсытып отырды. Бұдан бөлек бір себеп, қытайлар аймақта демографиялық үстемдікке қол жеткізе алмады, өйткені, өңірдің экологиялық жағдайы көлемді суармалы егіншілікті дамытуға ыңғайлы емес еді, осыған байланысты қарапайым қытайлардың бұл өлкеде тұрақтауы қиынға соқты. Олардың басты қолданған тәсілі тың игеруші әскерлерді тұрғызу болды. Басқаша айтқанда, суармалы егіншілікті шектеулі көлемде ғана дамытып, әскердің өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз етуіне қол жеткізу еді. Қытай коммунистері Шыңжаңды өз билігіне қаратқаннан кейін, осы жүйені дамытып, Өндіріс-құрылыс корпусын құруының сыры да осында.

Дегенмен, өлкедегі мазасыз жағдайларға байланысты Ханьцзу (этникалық қытайлар) халқының үлесін кеңейтудің зәрулігін Қытай үкіметі білмей отырған жоқ, өткен ғасырдың 50-60 жылдарынан кейін Ішкі Қытайдан миллиондаған халықтың жоспарлы түрде көшірілуі осы сөзімізге айғақ. Дегенмен, Қытай билігі бір мәселені шеше алған жоқ, кіндігі жерге байланған этникалық қытайлардың өлкедегі үлесін арттыру мәселесі. Басқаша айтқанда, мыңдаған жылдық аграрлық тарихы бар қария халық ретінде, аймақтағы ауыл шаруашылығымен айналысатын халықтың басым көпшілігін қытайларға айналдырмай, өздерін шын мәнінде жердің иесі сезінетін қытайлардың демографиялық үстемдігіне қол жеткізудің мүмкін еместігін Қытай билігі білді. 1982 жылы Кеңестер одағымен соғыс болады деген дақпырт шыққанда, ШҰАР-дағы ханьцзулардың Ішкі Қытайға түп қотарыла көшуі оларды ойландырса керек, Сол жылы Өндіріс-құрылыс корпусы қайта құрылды.

Қытай билігі өзен суларын бұрмалау, асыра пайдалану арқылы өңірдің экологиялық келбетін өзгертіп, суармалы егіншілікті дамытып, өлкеде ауыл шаруашылығымен айналысатын ханьцзулардың халық санындағы демографиялық үстемдігіне қол жеткізуді мақсат тұтып отыр. Қарапайым қытайлардың жерге махаббатын оятып, олардың суармалы егіншілікпен айналысуына тиімді жағдай әзірленсе, «қуаласа да кетпейтін» ханьцзулар көп ұзамай өздерін жердің нағыз иесі ретінде сезіне бастайды. Бұл өлкедегі демографиялық жағдайға түбегейлі бетбұрыс әкеледі. Шығыстағы көршімізден бізге түсетін қысым да ұлғая бермек.

Сондықтан, трансшекаралық өзендер мәселесінің артында экологиялық проблема ғана емес, геосаяси жағдайға түбегейлі өзгеріс әкелуі мүмкін қауіпсіздік мәселесі де тұр. Ең бастысы, су мәселесінде көршілерге толықтай тәуелді болып қалуға жол берілмеуі керек. Әйтпесе, бір баррел мұнайға бір шелек су айырбастап күн көретін жағдайға жетуіміз мүмкін.

Ерлан Мазан