«Бұл суицид емес»: Грузияда көз жұмған Әселдің анасы мәлімдеме жасады

Марқұмның туыстары Тоқаевтан көмек сұрады

0
1133

Грузияда жұмбақ жағдайда көз жұмған қазақстандық Әсел Айтбаеваның денесі елге жеткізіледі. Мәйітті тануға және қылмыстық іспен танысуға барған бойжеткеннің анасы оның денесінде зорлық-зомбылық белгілері бар деп отыр. Бұл туралы КТК хабарлайды.

Аталмыш қылмысқа қатысы бар делінген күдікті Бесо Турдик қазір қамауда. Дегенмен марқұмның жақындары Грузияның бұл азаматынан бөлек, тағы бірнеше ер адамды кінәлайды. Олар кімдер?

Нұр-Сұлтан маңындағы Қабанбай батыр ауылы – Әсел Айтбаеваның туып-өскен жері. Туғандары үйінен Грузияға аман-есен кеткен қызының енді денесін қарсы алғалы отыр. Қайғыдан қан жұтқан әкесі төсек тартып қалыпты. Туыстары Әселдің Қазақстанға оралғысы келгенін өлгеннен соң бір-ақ білген.

«Біз Мұрад Мейірбековтің екі күн зорлағанын, үйінде қамап ұстағанын білдік. Ал анау Бесо деген үлкен кісі туралы Әсел «ол жақсы адам» деп мақтап айтып келді. Әсел не істерін білмегендіктен, Бесоның көмегіне жүгінген сияқты. Ол ең жаман болып шықты. Біздің білуімізше, Әсел 2 мамырда досына хабарласып, ақша сұраған. Қазақстанға қайтқысы келіпті. 100 мың теңге ғана. Көлемі өте аз сома, сұраса өзіміз де берер едік. Көмек сұрамады ғой», – дейді марқұмның әпкесі Айна Айтбаева.

Марқұмның анасы Грузияға барып, қызының мәйітін таныған. Айсұлу Айтбаеваның айтуынша, баласының денесінде зорлық-зомбылық іздері бар. Қылмыстық іспен танысқан әйел Әселдің өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейді.

«Мен оны өлтірген деп ойлаймын. Аудиохабарламаға сүйеніп айтып отырмын, онда бәрі анық айтылған. Бұл суицид емес. Ол ондай өз-өзіне қол жұмсайтын адам емес. Бұл қылмыстық іске Бесо, Тео, Айдос Шаймердинов, Мұрад Мейірбековтің қатысы бар деп есептеймін. Бүгін кешке қызымның денесін Қазақстанға алып кетемін», – дейді марқұмның анасы Айсұлу Айтбаева.

Жантүршігерлік оқиғаны жан-жақты тергеуге қазір Әсел Айтбаеваның құрбысына жіберген аудиожазбасы сүйеу. Басты күдікті ретінде қамауға алынған Бесо Турдик құқық қорғау органдарына берген түсініктемесінде қызбен жақын қарым-қатынасқа түскеннен кейін жуыну бөлмесіне кіріп кеткенін, шыққан кезде қыздың жоғын байқапты. Бұған адвокаты да сенімді. Тек сол Бесо мен оның қорғаушысының сөздері бір-бірімен тоғыспайды.

«Мен қорғап жатқан азамат қызды өлтірмеген, ол өзі секіріп кеткен. Бесо бұл жағдай болғанда ұйықтап жатыпты. Ол араларында төсек қатынасы келісіммен болғанын жасырмайды. Бесоның айтуынша, Мұрад қызды зорлағаннан кейін оны елден қуып жіберіп, өзі қызды қорғап, көмектескісі келіп, үйіне тұруға шақырған. Қыздың Қазақстандағы өмірі қиын болғанын айтты, өйткені қолында жарақат бар екен», – дейді күдікті Б.Турдиктің адвокаты Лаша Шукакидзе.

26 жастағы Әсел Айтбаева екі күн ішінде құжаттарын дайындап, шетелге аттанған. Грузияға туысқаны Мұрад Мейірбеков «пысық қызсың, орысша сөйлейсің ғой» деп шақырыпты. Рустави қаласында тегін баспана, тегін тамақпен қамтамасыз етеміз, 500 АҚШ доллары көлемінде жалақы береміз деген уәде де берген.

Жұмбақ жағдайда көз жұмған Әсел Айтбаеваның туыстары қылмыстық істің дұрыс жүргізілуіне президент Тоқаев та араласса екен дейді. Сондай-ақ қызды Грузияға көлік тасымалдау компаниясына жұмысқа шақырып, зорлады деген күдіктегі Мұрад Мейірбековті қылмыс болған жерге депортациялауды сұрайды. Қазақстандық полицейлер Мұрадты тергеуге шақырған, бірақ қамауға алмады деп күйінеді марқұмның жақындары.