«Дикий Арман» қолдан жасалған қаһарман ба?
Полиция «Дикий Арман» туралы ақпарат беруден бас тартты, деп хабарлайды kznews.kz сайты ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап.
Арман Жұмагелдинов жайлы қызу әңгіме Белградта бокстан өткен әлем чемпионатында қайта өрбіді. Оның жеңілген боксшыларға ақша таратуы едәуір талқыланып жатыр. Әрекетін даттап та, мақтап та жатқандар бар.
«Оған тіпті үкімет те, билік те белгілі бір дәрежеде мүдделі болды деп өз басым ойлаймын. Өйткені ол туралы ақпаратты билікке қарайтын бұқаралық ақпарат құралдарының өздері де еш қымсынбай тарата береді. Осы кезге дейін қылмыс әлемінің бірде-бір серкесіне ондай жарнама жасалған жоқ. Сөздің тура мағынасында айтып отырмын – бұл жүріп жатқан жарнама! Оның ешқандай қылмысқа қатысы жоқ болса, онда ішкі істер министрлігі «ол адамның қылмыс әлеміне ешқандай қатысының бары туралы бізде мағлұмат жоқ» деген жауапты беруге міндетті деп есептеймін», — дейді заңгер Абзал Құспан.
Заңгердің мәлімдеуінше, «Жабайы Арман» — қылмыс әлемінің серкесі ретінде танылған тұлға. Оны ешкім жоққа шығара алмайды.
Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, әлеуметтік желілерде Арман Жұмагелдиновты «биліктің қолшоқпары» деген ақпараттар да бар.
«Сол кезде ауыз жаластық болды ма? Шын мәнінде мұның артында не тұр? Ресми биліктің қылмыстық топтың серкесін пайдаланғаны — барып тұрған шындық. Менің ойымша, бұған сол кезде де саяси баға берілген жоқ. Қазір де сол. Кезіндегі ауыз жаластық қазір қалды ма, әлде қалмады ма? Меніңше, осындай күдікті сейілту үшін кезінде сондай жағдайлар болды немесе болмады деп нақты жауап беру керек. Кезінде оны арам пиғылдарында пайдаланғандар қазір де пайдалануы мүмкін ғой. Ондай жағдайлар басқа елдерде бар. Өкінішке қарай, Ресейде, Украинада «титушка» деп аталатындарды білесіз. Қарапайым азаматтарға дөкейлерді, спортшыларды пайдалану көрші елдерде бар тәжірибе», — дейді Расул Жұмалы.
Оның айтуынша, «Жабайы Арманды», оның тобын биліктің кейбір жандайшаптары кезінде қолданған. Президент сайлауы алдында оппозициялық әрекет ретінде пайдаланған.
Айта кететіні, саясаттанушы Арман Жұмагелдиновтан ақша алған спортшыларды еш кінәлауға болмайтынын айтады. Себебі жас спортшылар Арманның кім екенін білмеуі де мүмкін.