«БҒМ жұмыстың ақысын төлемеді». Ұлттық аударма бюросы сотқа жүгінді
«Ұлттық аударма бюросының» негізін қалаушы әрі жетекшісі Рауан Кенжеханұлы еңбектерінің ақысы өтелмегенін айтып, сотқа жүгінуге мәжбүр болғанын жария етті.
«Құрметті қауым! «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы мазмұндық жағынан аяқталды. Әлемнің ең жақсы деген 100 оқулығы қазақ тіліне аударылды, әрқайсысы 10 мың данамен басылып, еліміздің барлық жоғары оқу орындарына жеткізілді. Оқулықтардың электронды нұсқаларын OpenU.kz порталынан еркін оқуға болады. Олардың негізінде дайындалған 200 видео курс та аталған порталда ашық тұр.
Бұл жұмыстың қандай жауапкершілікпен, нендей талаппен, қандай зор еңбек арқасында орындалғанын жобаға қатысқан жүздеген әріптесіміз жақсы біледі.
«Ұлттық аударма бюросы» осы жұмысқа жауапты ұйым ретінде мемлекет алдындағы міндетін толық орындады. Аударма мен баспа сапасына, кітаптарды жеткізу мерзіміне қатысты бізге қояр кінә жоқ.
Бұл — ортақ жұмыстың нәтижесі, осы жобаға атсалысқан аудармашылар, ғалымдар мен редактор мамандар, корректорлар мен беттеушілердің, бізбен бірге еңбек еткен баспаханалар мен студия мамандарының қажырлы еңбегінің жемісі. Ол үшін барлық әріптестерімізге алғыс айтамыз, ризашылық білдіреміз.
Алайда, арадағы шарттың талаптарына сәйкес толық орындалып, тапсырылған жұмысты Білім және ғылым министрлігі қабылдап алмады. Жұмыстың ақысы төленбеді. Осыған орай, «Ұлттық аударма бюросы» шартта көрсетілген заңды талаптарын алға тартып, сотқа жүгінді.
«Ұлттық аударма бюросы» ондаған шетелдік автор мен құқық иеленуші баспалар, бірнеше ірі баспахана және бәрінен бұрын жүздеген аудармашы мен редакторларға қаражат берешек. Алғашқы кезекте жұмысқа атсалысқан мамандар алдындағы қарыз төленеді. Оның негізгі бөлігі өтелді. Еліміздегі заңның билігі, соттың адалдығы рас болса, сөзіміз расталып, еңбегіміз өтелуі тиіс. Оған кәміл сенеміз.
Бүкіл қоғам көз тіккен үлкен жұмыс о бастан көпшіліктің назарында. Қазір де әлеуметтік желіде түрлі талқы жүріп жатыр. Шын мәнінде анық-қанығын білгісі келетін адамға ұғынықты жауаптар әлдеқашан берілді. Жұмыстың есеп-қисабы талай рет қаралып, тексерілді. Тәртіп пен заңның бұзылмағаны дәлелденген. Бұл жолы да солай болатынына сенімдіміз. Сондықтан сабыр сақтап, ақ-қарасын ажыратуды сотқа тапсырдық.
Осыған орай, «Ұлттық аударма бюросы» әзірге шығармашылық жұмысын тоқтатып, қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр. Шығармашылық ұжымға, елдік жобаға жанашыр барша қауымға рахмет айтамыз!» — деп жазды қоғам қайраткері Facebook парақшасында жазды.