Қытай COVID-19 вирусының пайда болуын зерттеуге барған ДССҰ маманын кіргізбеді

0

Қытай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) эксперттеріне еліне кіруге рұқсат бермеді. Осыған дейін Бейжің мен ДДСҰ COVID-19 вирусының пайда болуын зерттеу үшін халықаралық миссияны қабылдауға келіскен болатын.

Келісімге сәйкес, қаңтар айының басында ДДСҰ-ның халықаралық сарапшылары Қытайдың Ухань қаласына коронавирустың шығуын зерттеу үшін баруы керек болған. 16 желтоқсанда ДДСҰ басшысы Бейжің рұқсат бергенін мәлімдеген.

ДДСҰ-ның төтенше жағдайлар бойынша бағдарлама директоры Майкл Райан екі эксперттің Қытайға кіріп үлгергенін, ал қалғандарына рұқсат бермегенін айтты. Ол бұл мәселе таяуда шешімін табады деп үміттенеді.

Ухань қаласында коронавирустың пайда болуы Бейжің адресіне көптеген сындар айтылды. АҚШ президенті Дональд Трамп COVID-19 вирусын өзге елдерге таралуына жол берді деп Қытайды бірнеше рет айыптаған.

Былтыр желтоқсан айында CNN телеканалы Қытайдағы Хубэй провинциясындағы індеттің алдын алу орталығының 117 беттік құжаты редакцияға түскенін мәлімдеген. Онда Қытай үкіметінің вирустан адамдардың өліп жатқанын жасырғаны айтылған. Егер бұл мәлімет сол кезде жарияланғанда, вирустың әлемге таралуына жол берілмеуші еді дейді сарапшылар.

Пандемия басталғаннан бүгінгі күнге дейін Жер бетінде 1,8 миллион адам қайтыс болған. 86 миллионнан астам адам вирус жұқтырған.