Бас мүфтиіміздің айналасы толған салафиттер
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасындағы (ҚМДБ) былық, Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпеновтің сауатсыздығы мен оның төңірегіне білімі күмәнді имамдарды жинап алуы мәселенің беті ғана. Дінбасының айналасы деструктивті күмәнді адамдарға толып кетті. Оның кейбіріне Өтпенов көзсіз сенім артып отыр. Бұл оның әлдебір күштердің ықпалында қалғанын, олардың айтқанынан шыға алмайтын, өзі басшылық жасап отырған саланың тізгінінен айырылып қалғанын көрсетеді.
Бас мүфтидің бейберекет әрекеті мен құпиясын білетін жымысқы күштер Өтпеновтың басы қисая қалған жағдайда, бүткіл компроматты жариялап, табалап шығатыны анық. «Құлан құдыққа құласа, құлағында бақа ойнайдының» кері келеді.
Бас мүфтидің жанында жүретін ең сенімді серіктеріне тоқталайық. Оның ішінде ауызға ең алдымен «Нұр-Астана» мешітінің бас имамы Нұрлан Рамазанов (суретте) ілігеді. Бұл имам Өтпеновтің өте сенімді адамы. Бас мүфти Рамазановқа елдегі барлық мешіттердің садақа жәшігіне түсетін ақшаның есеп-қисабын тексеріп тұруды сеніп тапсырып қойған. Бір облыстың бюджетіне пара пар ақшаны қадағалайтын Рамазановқа Бас мүфтидің қаншалықты байланып қалғаны байқауға болады.
Дәл осы адамға байланысты мынандай сорақы жағдай бар. 2017-2019 жылдары астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде наиб имам болып жүрген Нұрлан Рамазанов өзі секілді наиб имам Марат Бектазиновтың мешітке шешіп қойған су жаңа аяқ киімін ұрлаймын деп масқарасы шыққан. Бұл оқиға мешіттегі бейнекамераға жазылып қалған екен. Осы дауды мүфтият дер кезінде ушықтырмай басып тастаған көрінеді. Себебі, аяқ киім ұрлығы ҚМДБ-ның беделін түсіретін болды. Сонымен қатар, Н.Рамазанов та, Марат Бектазинов та «Тайба» қазақ-араб колледжінің түлегі. Осы әріптестік те мешіттегі ұрлықты жылы жаба салуға әсер етсе керек.
Нұрлан Рамазанов пен Марат Бектазиновтың (суретте) саудиялық салафизмнің ықпалындағы «Тайба» қазақ-араб колледжінің түлегі болуы, олардың Бас мүфтидің сеніміне кіріп алуы да ҚМДБ-ға абыройы әкелмейді. Мысалы, Н.Рамазанов деструктивті діни ағым өкілдерімен идеологиялық түсіндірме жұмысын жүргізу қызметімен белгілі. Ол 2014-2019 жылдары ҚМДБ-ның Елордадағы өкілдігінің жат ағыммен жұмыс жүргізу бағытында үйлестіруші имамы болды. Деструктивті жат ағым өкілдерінің «бетін бері қайтаратын» «Әт-Тәуил: оған қатысты аһлу сүннеттің ұстанымы» атты әдістемелік құралдың авторы да – Н.Рамазанов. Бұл енді «қасқырға қой бақтырып қою» секілді жағдай.
1996 жылы ашылған «Тайба» қазақ-араб колледжі Алматы қаласындағы салафиттердің ордасы ретінде танымал. Бұл оқу орны 2005 жылдың 17 наурызында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «теріс діни ағымды уағыздады» деп жабылған. Тергеу барысында осы колледж шәкірттерінің 2004 жылы Ташкентте болған лаңкестік шабуылға қатысқаны анықталған. Ресейдің танымал дінтанушысы Э.Шарафутдинов «Тайба» халықаралық қайырымдылық көмек қауымдастығының Сауд Арабиясындағы салафизмнің күшті ықпалында екенін, «тайбашылардың» Шешенстандағы жарылыстарға қатысы бар екенін жазды. Міне, біздің қазіргі біраз имамдарымыз салафизммен улайтын әрі лаңкестік ұйымдармен тығыз байланысты осындай мекемелерде білім алған.
Мешітте «аяқ киімін ұрлатып алған» Марат Бектазинов былтырдан бері Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтың бұйрығымен ҚМДБ-ның «Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімін» басқарып отыр. Ол қоғамнан өзінің өмірбаянындағы бір нәрсені — салафизмді ресми идеологиясына айналдырған Сауд Арабиясының Медина қаласында оқығанын жасырады. Мединада оқығандардың көбі діни радикалды көзқарасымен танымал, оларға жұрт үрке қарайды.Сондықтан М.Бектазинов өмірбаянынан Мединада оқығанын жазбай отыр.
ҚМДБ-ның тексеру комиссиясы дейтін бар. Комиссия елдегі барлық мешіттің кіріс-шығысын, шаруашылығын тексереді. Бас мүфти Өтпеновтың бұйрығымен осы комиссияның төрағалығына «Нұр Мүбәрак» университетінің доценті, А.Әлмұхамедов дейтін ұлты ұйғыр азаматы тағайындалды. Бұл адам да діндар арасында салафилік ұстанымымен танымал. Ол да «Тайба» қазақ-араб колледжін тәмамдаған.
«Нұр Мүбәрак» университетінде исламтану кафедрасының меңгерушісі болып отырған Нұрлан Анарбаев — Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтің туған күйеу баласы. Нұрлан Анарбаевтың гүленші екенін, оның апта сайын гүленшілердің жасырын пәтерлеріндегі құпия отырыстарға баратынын діндарлар қауымы да, қайынатасы да біледі. Рас па өтірік пе, ол жағын бір Құдай біледі, Бас мүфти адасқан күйеу баласын гүленшіліктен қайтара алмай жүр екен. Бұл жағдай да Қазақстанның Түркиямен достық қарым қатынасына сына қаққандай әрекетсіздік секілді. Сенбебі Түркия билігі гүленшілерді «АҚШ-тың Орталық Барлау орталығына қызмет ететін тыңшылар» деп санайды.
Бұл Бас мүфтидің төңірегіне күмәнді адамдарды жинап алып, оларға жоғары діни лауазымға тағайындап қоюы ҚМДБ-ны халық алдында беделден жұрдай етіп қана қоймады, зайырлы мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіре бастады, Қазақстанды тағы бір халықаралық дауға киліктіруге апара жатыр.
Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВ.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасын білдірмейді. Қарсы тараптың да пікірін жариялауға әзірміз.