Алматыда 20 мыңнан астам бюллетень жарамсыз болып шыққан

0
30
Сурет: Newtimes.kz

Қазақстанның ең үлкен қаласы – Алматыда мәжіліс сайлауында жәшіктерге салынған 10 280 бюллетень, мәслихат сайлауында берілген 10 364 бюллетень жарамсыз деп танылған. Бұл жөнінде Алматы аумақтық сайлау комиссиясы хабарлады.

Ресми органдар берген мәліметке қарағанда, 10 қаңтарда парламенттің төменгі палатасына және жергілікті өкілетті органға депутат сайлау барысында сайлаушыларға берілген жалпы бюллетеньдердің үш пайыздайы жарамсыз болы шыққан.

«Бүлінген бюллетень деген – сайлаушының таңдауын анықтау мүмкін болмаған бюллетень. Бұл [кандидаттар сызып тасталған, сайлаушы басқа сөз жазған бюллетень] ғана емес. Вариант әртүрлі. Бос бюллетень болуы мүмкін. Сайлаушының нақты кімге дауыс бергенін анықтау мүмкін емес бюллетень жарамсыз, яғни бүлінген бюллетень қатарына жатқызылады», — деді Алматы аумақтық сайлау комиссиясының (АСК) төрағасы Жанна Асанова.

Жарамсыз бюллетень статистикасы қорытынды хаттамаға бөлек енгізіледі. Асанованың айтуынша, хаттамада тек сайлаушы алып кеткен бюллетень ғана көрсетілмейді. Қолға берілген бюллетень мен жәшікке салынған бюллетень арасындағы айырмашылыққа қарап сайлаушылардың қанша бюллетеньді алып кеткенін анықтауға болады.

Алматыда мәжіліс депутаттарын сайлау үшін тұрғындардың қолына 342 564 бюллетень берілсе, 331 602 бюллетень жәшікке салынған (айырма — 10 962) делінген АСК хаттамасында.

Мәслихат сайлауында сайлаушыларға 341 431 бюллетень берілген, ал жәшікке 330 446 бюллетень салынған (айырма — 10 985). Алматыда 1 миллион 132 мың сайлаушы тіркелген.

10 қаңтарда өткен мәжіліс және мәслихат сайлауы қарсаңында оппозициялық көзқарастағы біраз белсенді «әділетсіз өтіп жатқан» сайлауға наразылық ретінде бюллетеньдегі партиялардың бәрін сызып тастауға немесе қағазды басқа әдіспен бүлдіруге үндеген. Дауыс беру күні жұрт партиялар сызып тасталған, басқа «кандидаттар», ұрандар жазылған бюллетеньдердің суретін жариялады. Арасында АҚШ президенті Дональд Трампты жазып қойғандар бар.

Жалпы Қазақстан бойынша қанша бюллетеньнің жарамсыз болып шыққаны белгісіз. Орталық сайлау комиссиясы партияларға берілген дауыс санын ғана жариялайды, бүлінген бюллетень бойынша мәлімет бермейді.

Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы бойынша, бұрынғы президенттің елдің саяси өмірінде үстемдік жүргізіп отырған «Нұр Отан» партиясы 71 пайыздай дауыс жинап, мәжілістегі 76 орынды иеленді. Парламенттің төменгі палатасына билікті қолдайтын «Ақ жол» және Қазақстан халық партиясы өтті. Олар алдыңғы парламентте де болған еді.

Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, Алматыда қалалық мәслихат сайлауында «Нұр Отан» 68 пайыз дауыс жинап, 29 орын алған. Мәслихатта төрт орын «Ақ жолға», үш орыннан Қазақстан халық партиясы «Ауылға» бұйырған.

Қазақстан бойынша жүздеген сайлау учаскесінде дауыс беру барысын қадағалаған тәуелсіз бақылаушылар өздері жинаған хаттамалардағы нәтиже мен ресми нәтиженің арасы сәйкес келмейтінін айтты. Бақылаушылар сайлау қарсаңында және дауыс беру күні көп қысымға ұшырағанын хабарлады. Олардың біразын дауыс санау кезінде түрлі себеппен сайлау учаскесінен шығарып жіберген.

2011 жылдан бері Қазақстанда сайлау бюллетеньдерінен «бәріне қарсы дауыс беремін» деген нұсқа алынып тасталған.

15 қаңтарда жетінші шақырылған парламент мәжілісі сессиясының ашылуында сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі сайлауларда бюллетеньге «барлығына қарсымын» деген нұсқаны енгізуді ұсынды. «Таңдаудың жоқтығын ресми түрде көрсетудің өзі – таңдау» деді президент.

Қазақстан билігі жексенбіде өткен сайлауды әділ әрі таза сайлау деп бағалады. ЕҚЫҰ-ның бақылаушылар миссиясы сайлаудың бәсекесіз өткенін, конституция кепілдік берген еркіндіктерге жүйелі түрде шектеу қойылғандықтан, сайлаушылардың шынайы таңдау мүмкіндігі болмағанын мәлімдеді. ЕҚЫҰ демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының миссиясы сайлау күні наразылыққа шыққандарды ұстау әрекетін де сынға алды. Еуроодақ бұл сайлауда президент Тоқаев уәде берген реформаларды жүзеге асыру мүмкіндігі болмады деп санайды.