Әкім әйелдің алғашқы әңгімесі
Елімізде облыс әкімі лауазымындағы жалғыз әйел адам — Гүлшара Әбдіқалықова ұлттық арнадағы «Әйел әлемі» бағдарламасының кейіпкері болды. Бағдарламада Гүлшара ханымның саяси өмірінен бөлек, балалық шағы, отбасы туралы толығырақ айтылады. Саясаттағы сұлулық тақырыбында басталған сұхбат, туған жер, отбасы, ауыл өмірі туралы ойларға көшті.
Түсірілім тобының айтуынша әкімнің уақытының тығыз болғаны сонша, сұхбат жазып үлгере алмай жүрді. Олар облыс аумағында орналасқан бірнеше нысанды ашу барысында әкімнің ерекше қасиетін байқаған. Айнұр Омардың сөзінше, Гүлшара Әбдіқалықова кешіккенді ұнатпайды. «Мен оны елбасынан үйрендім. Біраз жыл Елбасының қасында істедік. Министрлікте істегенде іс-шаралар болып тұратын. Сонда ешқашан бір-екі минут кешігу болмайтын. Ақордада да, ассамблеяның жиналыстары, аудан-ауылдардағы жиналыстар да дәл уақытында басталатын», — дейді бағдарлама кейіпкері Гүлшара Әбдіқалықова.
Гүлшара Әбдіқалықова сұхбатта облысқа әкім болу туралы ұсынысты қалай қабылдағанын айтып берді. «Кез келген жоғары лауазымға ұсынғанда ойланасың, бұны қалай істеуге болады, қиыншылығын да білесің. Енді бұл жерде қорқыныш әрине болды. Бір жағынан қиын кезеңге тап болдық. Мен осы лауазымға келген уақыт — төтенше жағдай жарияланып, пандемияның нағыз басталған кезі. Бірақ жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді ғой. Әріптестермен, халық болып, ел болып… Туған жеріме сендім. Туған жер өзі қолдайды ғой… Осы жердегі ел, халық рух берді», — дейді әйел әкім.
Гүлшара Әбдіқалықова ата-анасы туралы да сырын ақтарды. Бағдарлама барысында әкесі туралы айтқанда әкімнің көңілі босаған. «Әкем соғысқа қатысқан, ардагер, көп жараланған. Кейін 50 жыл орман шаруашылығында жұмыс істеді. Қазір о дүниелік болып кетті. Өте сыпайы, мәдениеті жоғары кісі еді. Бізді кітап оқуға, жан-жақты болуға үйреткен. Әкеміздің берген тәрбиесі өте зор. Ал анам қазір менің жанымда, көп көмектеседі. Ол кісі де бала тәрбиесіне көп мән берді. Анам өте мейірімді бір жағынан өте талапшыл. Менің рухани қолдаушым», — деді ол.