«Абай» шахтасындағы апат: Қаза болғандар мен зардап шеккендердің есімдері белгілі болды
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек «Абай» шахтасында кеңес өткізді. Жағдай туралы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Андрей Черномаз және басқа да жауапты тұлғалар баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жедел штаб құрылды, оған компания мен мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Облыс және компания басшылығы қаза тапқан кеншілердің отбасыларына барады. Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің басшылығымен оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылды.
«Абай ауданы аумағындағы шахтада болған жарылыс фактісіне байланысты Қазақстан Республикасы кылмыстық кодексінің 277-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Қарағанды облысы Полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы қаза болған кеншілердің жақындары мен туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтады», — деді Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметінен. Апатқа байланысты Қарағанды облыстық ТЖД жедел телефон нөмірлері жұмыс істей бастады: 8 (7212) 51-11-10, жедел желі — 8 (7212) 51-72-23.
«Абай» шахтасында қаза тапқан қызметкерлердің тізімі:
Шмидт Виталий Владиславович, 1979 ж.т.;
Скитченко Николай Николаевич 1968 ж. т.;
Абдуллин Наиль Рамильевич, 1990 ж.т.;
Супрунов Алексей Алексеевич, 1987 ж. т.;
Краус Сергей Юрьевич, 1983 ж. т.;
Корниенко Сергей Анатольевич, 1971 ж.т.
«Абай» шахтасында зардап шеккен қызметкерлер:
Маралбаев Жеңіс Мерекеұлы, 1963 ж.т.;
Зейналов Элайдын Авез-оглы, 1960 ж.т.
Еске салайық, 7 қараша күні сағат 08:24-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында көмір мен газ жарылысы болды. Апат кезінде шахтада 64 адам жұмыс істеп жатқан, 54-і эвакуацияланды. Апат салдарынан екі адам зардап шегіп, алты кенші қаза тапты. Зардап шеккендер ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.