Ақтауда дәмханада жарылыс болды

0

Ақтау қаласында 7 қараша күні жергілікті уақыт бойынша сағат 21.18 минутта 29 «А» шағын ауданындағы «Шерқала» кешенінде орналасқан екі қабатты «Аянат» дәмханасы жарылды, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

Маңғыстау облыстық әкімдігіне қарасты қоғамдық коммуникация орталығының хабарлауынша, қазір  жарылыс аумағында 18 техника мен 50-ге жуық қызметкер жұмыс істеп жатыр.

Жарылыс болған жерде қазір Ақтау қалалық өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарының 7 техникасы мен 22 қызметкері, облыстық полиция департаментінен 11 техника мен 25 қызметкері жұмыс істеуде.

«Маңғыстау облыстық төтенше жаңдайлар департаментіне жергілікті уақыт бойынша сағат 21.18 минутта 29 «А» шағын ауданындағы «Шерқала» кешенінде орналасқан екі қабатты дәмханада белгісіз жағдайда жарылыс болғаны жөнінде хабарлама келіп түсті. Бірден оқиға орнына арнайы қызмет өкілдері жетті. Қазір жарылыстың себебі мен бүлінген аумақ және шығын көлемі анықталуда», — деді Ақтау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Мақсат Шапқатов.

Айта кету керек, жарылыс туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желілерде тарап кетті. Әсіресе инстаграм желісінде фотолар мен видеолар тарап үлгерген. Тіпті ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев жарылыс болған аумақты дронмен видеоға түсірген.