жыр, тақпақ, өлең, өлең шумақтары Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өлеңдері
Онан соңғы дәулетім – тiл мен жағым.
Құдай берген он екi мүшелерім,
Өз өнерім өзіме – алтын тағым.
Алты алашқа жайылып кеткен атым,
Жүрген жерім — ду базар, қылып хатым.
Ұстаз пiрдiң һүмматы болып жәрдем,
[Бiр] ұшсам, кете берем, бар қанатым.
Баянауыл: Қызылтау — өскен жерім,
Кiрім жуып, кiндiгім кескен жерім.
Қалам, сия, қағазды қолыма алсам,
Келер қоршап бойыма ғайып пiрім.
Айдабол мен Күлiктен — шыққан затым,
Мәшһүр деген – бiр лақап, Жүсiп — атым.
Орта бойлы, қой көздi, пiтiр(пiти) мұртты,
Аққұба, бидай өңдi қиапатым.
Жылым — қой, тоғыз беске келiп жасым,
Жарастықты, көрнектi сақал, шашым,
Жел қайықтай жел сөзге есушi едім,
Тұрған күнде: “домалап өрге тасым!”
Әкем Көпей — жетпiс үш жасында өткен,
Дiн жолына жас күнде бiздi үйреткен.
Өзi жастай тариқат жолын iздеп,
Әбiлқасым ишанға қызмет еткен.
Бабамыздың аты екен — Шермұхаммед,
Құдайға — құл, нәуиге(нәбиге) болған үмбет.
Балаларын оқуға сүйрейдi екен,
Екi қолдап жетелеп, қылып һүммет.
Дереккөз: http://bilimsite.kz/