Наурыз һәм жасанды дәстүр көріністері » Қазақстан ұстаздарына арналған

0
323

Көзтаныс келіншек телефон соққан. Мұғалім еді. Мектепте наурыз мерекесіне орай бақосу өткізіледі дейді. Бұйымтайы — сол жиында ұлттық салт-дәстүрлерімізді көрсету үшін сценарий жазып беруім керек екен. Тұсаукесер, беташар, неке суын ішкізу.

Жаңалық емес. Ел егемендігін алып, Наурыз мерекесі ал­ғаш тойланған күннен бері көр­сетіліп келе жатқан қазақтың бай дәстүрінің бірі. Өзгерген, жаңаша сипат алған, мазмұны тереңдетіліп, мағынасы арт­қан ештеңе жоқ. Бұрынғы көр­ініс. Біздікі – қайталау. Бей­не қазақ қыз ұзатып, келін түсіргеннен басқа ештеңе бітір­меген тәрізді. «Салт-дәстүрге баймыз» деген­де, екі ұртымыз толып, өзіміз күмпиіп-ақ кете­міз. Бірақ білетініміз бен қайта­лайтынымыз – саусақпен санар­лық қана.
Басқасын былай қойғанда, мектеп оқушысының, яки, он екіде бір гүлі ашылмаған қыз баланың бетін ашып, неке суын ішкізгеніміз қалай болар екен? Ұлттық ұғымның ұңғысында мұндай рәсім адам өмірінде бір-ақ рет жа­салса ке­рек-ті. Ал біз жыл сайын Нау­­рыз­да сол дәс­­тү­рі­міз­ді қай­­­та­­лап, кә­­ме­лет­ке тол­­­маған қы­зы­­­­мыз­дың бе­тін ашып, оны ер­жет­пе­­ген ұлы­мыз­ға қо­сып, олар­ға неке суын іш­­кізіп жата­мыз. Осы­­нымыз ерсі еме­с пе? Ата-ана­сы қай­да қарап отыр?
Шамасы, қа­зір­гі жастар мән бе­­­­ре бермейді ғой деймін. Әйт­­пе­се, жөн білетін ата-ана үкі­дей үл­пілдетіп бағып-қағып отыр­ған қыз­дарының бетін жөнсіз аштырып, жөн-жосықсыз неке суын ішкізбес еді.
Мереке сайын тұсау кесу рәсімі көрсетіледі. Аяғын апыл-тапыл жаңа басып келе жатқан сәби болса, бір сәрі. Әлдеқашан шауып кеткен балпанақтай бала. Бұрын да «ала жіпті аттама» деп ырымдап бір рет тұсауы кесілген. Қайта-қайта кесе бергеннің несі сән? Сонда ол баланың жүріс-тұ­рысы алғашқы кескен кісіге ұқсай ма, жоқ әлде кейінгі адамға ма?
Қазақ ырымшыл емес пе еді?! Тұсауды да анау-мынау адамға емес, елге сыйлы, абыройлы кісіге кестіріп, сол адамдай болсын деп ырымдаушы еді. Сонан соң сүрінбесін деп жас балаға жетелететін. Ал, Наурыз мерекесі сайын әлдеқашан шауып кеткен баланы ұстап алып, оның тұсауын кесу – қазақтың сол ырымына қырын болмай ма?..
Егер шынымен ұлттық рә­сімді насихаттауға аңсарымыз ауып тұрса, өзгеше жол ізде­геніміз жарасымды болмақ. Әрі еңбектеген балаға дейін білетін таптауырын тақырыпты қаузай бергенше, елді елең еткізе түсетін жаңалық қылып, ғасырлар қойнауында тұншығып жатқан саф алтын іспетті басқа салт-дәстүрімізді оралтып алсақ, оң болмас па еді?

Байқал БАЙӘДІЛОВ

egemen.kz