«Ертіс» премьер-лигадағы орнын сақтап қалды

0

Павлодардың «Ертіс» футбол клубы өтпелі кезеңде «Қыранды» екі ойында да ұтып, премьер-лигадағы орнын сақтап қалды.

Төрт күн бұрын Шымкентте өткен алғашқы ойында Дмитар Димитров шәкірттері 3:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Бүгін «Ертіс» өз алаңында 2:1 есебімен ұтты. Қос ойын қорытындысы бойынша павлодарлық команда келер жылы премьер-лигада ойнау мүмкіндігін уыстарынан шығарған жоқ.

Келер маусым премьер-лигада ойнайтын 12 команда анықталды. Осыған дейін Бірінші лигадан «Оқжетпес»(Көкшетау) пен «Тараз» (Тараз) оралған еді. Ендігі қалғаны — ҚР кубогының финалы.

24 қараша күні ел кубогының Астанада өтетін финалында «Қайрат» пен «Атырау» кездеседі. Осы ойыннан кейін келесі жылы Еуропа лигасында ойнайтын төртінші клуб белгілі болады. Егер «Атырау» жеңсе, Қазақстан кубогының жеңімпазы ретінде аталмыш Еуропа лигасына қатысады. Ал «Қайрат» жеңсе, онда премьер-лигада төртінші орын алған «Ордабасы» клубы бақ сынайды.