Сот реформаларының нәтижесі талқыланды

0

Іс-шараға Президент Әкімшілігінің, Жоғарғы соттың, құқық қорғау органдарының басшылары, Парламент депутаттары, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ, ЭЫДҰ және Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының сарапшылары, сондай-ақ үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының өкілдері мен жақын және алыс шетелдердің ғалымдары қатысты.

Құттықтау сөзінде Қ.Мәми құқықтық мемлекеттің ажырағысыз ерекше белгілерінің бірі тәуелсіз сот билігі екенін атап өтті. Осы жылдар ішінде сот жүйесін реформалау елдің Конституциясы мен бағдарламалық құжаттарына сәйкес жүргізілді.

2001 жылдан бастап Қазақстан ТМД кеңістігінде судьяларды конкурс арқылы тағайындау рәсімін алғашқы болып енгізді. 2016 жылы Конституцияға бұрын қабылданған түзетулерге сәйкес Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесі көтеріліп, оның мүшелігі мен өкілеттіктері кеңейтілді. 

– Қазақстанда қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде мемлекеттік биліктің адам құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын дербес және сенімді сот тармағы қалыптасты. Ол лайықты судьялар корпусын қалыптастыруға және оның құрамына кездейсоқ адамдардың кіру ықтималдылығын барынша азайтуға ықпал етті, – деді Қ.Мәми.

Сонымен бірге қазіргі заманғы сын-қатерлер сот қоғамдастығы алдында жаңа міндеттер қоюда. Бұл үздіксіз процес­те белгіленген реформалардың жүйелілігін сақтаған маңызды.

Осыған байланысты Жоғары Сот Кеңесінің құрамын судьялар мен заң қоғамдастығының өкілдерінің есебінен одан әрі кеңейту ойға қонымды.

Халықаралық стандарттардың негізгі талаптары – осындай мекемелердің құрамында әртүрлі инстанциялардың судьялары басым болуға тиіс.

– Судьяларды іріктеу моральдық қа­сиет­тері мен кәсіби біліктілігіне байланысты объективті және ашық өлшемшарттар негі­зінде жүргізілуге тиіс, – деп қорытындылады сөзін Конституциялық Кеңес Төрағасы.