Ер адам психологиясын түсінгіңіз келсе
Ерлер әйел затын, ал қыздар ер азаматтарды түсіне алмай жатады. Себебі екеуінің психологиясы мүлде екі бөлек. «Әйелдерді түсіну мүмкін емес, олар өзін өзі түсінбейді» деген сөз бар. Ал ер адамды түсінгіңіз келсе, мына кеңестерге құлақ түріңіз.
Ер адамдар ұсақ-түйекке мән бермейді. Ері шұлығын кереует жанына тастап кеткенін көрген жұбайы үшін үйдің барлық жері шашылып жатқандай көрінуі мүмкін. Ал ер адам оны жай ғана елеусіз қалған нәрсе ретінде көреді. Ерлер ірілік пен күштілікке үйренгендіктен, мұндай жағдайды олқылық деп есептемейді де.
Қарым-қатынас психологиясы
Ер адамды жүгендеймін деп әуре болмаңыз. Табиғатынан асау адам басына құрық тастағанға көнгісі келмейді. Қандай жағдай болса да, оларға «олай істе, бұлай ет» деп үйрету жарамайды. Тек өзі кеңес сұраған кезде ғана ой бөлісуге болады. Онда да сөзіңіз ақыл айту, билік жүргізу ретінде шықпай, жай көзқарас білдіру түрінде айтылсын. Соңғы шешімді өзіне қалдырыңыз. Қабырғасы – әйел адаммен кеңесіп болған соң, ойланып, толғанып, жеті өлшеп, бір кесуіне мүмкіндік беріңіз. Олар жаратылысынан «күшті» боп туғандықтан, сол атын ақтап, барлық жерде өзі көш бастағысы келеді.
Қандай ұлы тұлға болса да, нәзік жандылардың қолдауына аса мұқтаж. Әлдебір іске сенімсізденіп не қынжылғанын байқасаңыз, оның қандай дарынды, ақылды, қабілетті, тапқыр, зерек екенін айтыңыз. Бұл ерлер үшін жай ғана майдай жағатын сөз емес. Сіздің аузыңыздан естігендіктен, бұл сөздер кез келген жағдайда оған дем беріп, жігерін жаниды. Қандай жағдай болса да, үнемі жанынан табылып, көңіл бөліп, жай-күйін сезініп, қолдап отырыңыз.
Тәртіп психологиясы
Еріңіз кірпиязданып, жастық лақтырып, бала секілді болмашыға күліп, қалжыңдай ма? Таңғалатын түгі де жоқ. Олардың сырт келбеті, ақыл-ойы өскенімен, жаны әрдайым бала болып қалады. Сіз де онымен бала сияқты алысып, ойнай біліңіз.
Олардың да жүрегі бар, олардың да көзінен жас шығады. Онда тұрған ештеңе жоқ. Тек қоғамда қалыптасқан қағидалардың «арқасында», ер адамдар эмоциясын жасырып, көзінен тамған тамшыны ешкімге көрсетпеуге тырысады.
Ер жігіт сабырлы болуы керек, иә, дұрыс. Бірақ адам боп жаралған соң, өмір бойы жымиып күліп, сап-салмақты боп жүре алмайды ғой. Олар да әзіл айтып, күлгісі келеді. Тек орынсыз ыржаңнан аулақ болып, қалжыңдасу мен байсалды болуды бір бойына үйлестіре білсе болғаны.
Олар өмір бойы күшті болып өтуге міндетті емес. Дене күші емес, жан, рух күштілігі жөнінде сөз болып отыр. Олардың да күйзеліске түсетін, жаны ауыратын сәттері болады. Ондайда «жігіт емессің бе, боркемік болма» деген сөздер көмектеспейді. Тек жай ғана қасында болып, айтқанын үнсіз тыңдаудың өзі жанын тыныштандырады.