Бүгін – Тәкен Әлімқұловтың туғанына 100 жыл
Бүгін – ақын, жазушы, әдебиет сыншысы, Тәкен Әлімқұловтың туған күні. Жазушының осыдан 100 жыл бұрын ән мен күйдің сандығы, аңыз-әңгімелердің мекені киелі Қаратаудағы Созақ ауданында туғаны бәрімізге аян. Қаламгер өмірінің соңына дейін өнер адамдарын, ақын-жазушы, әнші-күйшілерді шығармаларына арқау етті. Назарларыңызға жазушының өмірінен сыр шертетін деректер ұсынамыз.
Жазушы 19 жасында Ащысай кенінде жұмысшы жастардың кешкі мектебінде аз уақыт оқиды. Шымкент қорғасын зауытындағы кеншілердің мөлтек газетінде екі тілде хабар жазып, қалам ұштаған ол 1946 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жауапты хатшы боп орналасады. 1945 – 1974 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жауапты хатшы, Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде бөлім меңгерушісі, КСРОжәне Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметтерін атқарды. 1974 жылдан өмірінің соңына дейін шығармашылық жұмыспен айналысты. 1949 жылы Мәскеудің М.Горький атындағы әдебиет институтына оқыған.
Шығармалары 1945 жылдан жариялана бастады. Алғашқы өлеңдер жинағы «Сапар» 1950 жылы жарық көрді. «Жазғы жаңбыр» (1964), «Қаратау өрнектері», «Туған ауылда» (1968), «Боз жорға» (1969), «Күрең өзен» (1971), «Кертолғау» (1973, 1990), «Шежірелі сахара» (1976), «Көкек айы» (1982) атты әңгімелер мен повестер жинағы, «Ақ боз ат» (1962, орыс тілінде 1968), «Тұлпардың тағдыры» (1975), «Ел мен жер» (1978), «Замана екпіні» (1982) романдары шықты.
Қаламгер аудармашылықпен де айналысып, М.Ю. Лермонтовтың «Измаил бей» поэмасын (1951), П.Павленконың«Бақыт» (1950), Г.Николаеваның «Орақ үстінде» (1952) романдарын, Э.Сент-Экзюперидің «Кішкентай шаһзада» ертегісін, сондай-ақ А.С. Пушкиннің, В.В. Маяковскийдің, Г.Низамидің өлеңдерін қазақ тіліне аударды.