Әңгіме: Шерхан Мұртаза | Жаңбырлы той
Күні бойы көзі жұмулы тұрған намазшам гүлдің қауашағы ашылып, бақшаның айналасы жұлдызды аспандай жайнап сала берген кезде, думанды жерге Әбдібек те жеткен еді. Әбекең тойға дәу қара ешкіні мүйізінен сүйреп әкелді. Бір қолында той-анаға деген тартуы, бір қолында көне балдақ. Маңдайындағы жыра-жыра әжімнен шып-шып тер шығып тұр. Басындағы киіз қалпағы бір шекелеп қисайып кеткен. Тырысқақ кебенектің азабы аз болмағанға ұқсайды.
Әбдібек бұл тойға қара ешкіні емес, тайдай қызыл қойды әкелмекші еді, Гүлайым көнбеді.
— Байғұс-ау, ертең оқу бітіріп балаң келеді, сонда соймаймыз ба, — деп жолатпады.
Жегжаты қара ешкіге көңілі тоя қоймасын Әбдібек білетін. Бірақ, мұны елеп, шақыру қағазын жіберген соң, қыз ұзату тойына құр алақан баруды ұят көрді де, осы, бір сиырдың сүтін бір өзі беретін дәу қара ешкіге көзі түсті.
Ұзатылған қыздың әкесі сыр бермеген болды.
— О, Әбеке, хош келдіңіз! Әп-бәрекелде-е! — десе де, шәушиген көсе беті тыржиыңқырап, шегір көзі өтірік күлімдеп, Әбдібектің құттықтауын жүре тыңдап, алдына екпіндей келіп тоқтаған «Жигули» жаққа елпеңдей басып кете барды.
Әбдібек қара ешкіні мал қора түбіндегі қазыққа өзі апарып байлады.
Мейман көп келді. Дені «Москвич», «Жигули» мініп, осы заманның тұлпарларынан түсіп жатты. Олардың ішінде ешкі жетектеп келген бөтен ешкім болған жоқ. Әкелген сыйлары: телевизор, тоңазытқыш, кілем, ең жоқ дегені электр самаурын. Тіпті қыздың біp жездесі мың сомдық импорт гарнитур сыйлапты деп те сөз тарап кетті.
Намазшам байып бара жатқан мамыр айының аяқ шені. Hay теректер басында құс атаулы той боларын сезгендей у да шу. Гүлдеген жиде тоғай жатқан самал желмен жұпар иісі аңқиды. Қаладан «Волга» мініп келген қалыңдық қыздың жездесі костюмінің омырауын ашып тастап, самалға төсін тосып:
— О, шіркін, мынау керемет қой! — деді.
— Осы біз Кавказ, Қырым дейміз. Нағыз курорт, шынында, міне ғой, — деп жездекейді екінші біреу қостады.
Олар осылайша табиғатты тамашалап тұрып, батыс жақтан ұрлана шыққан тоқымдай қара бұлтты байқаған да жоқ. Тек қара тұмсық, қайқы құйрық сары күшік қана аспанға мұңая бір қарап, аузын ақсита ашып керілді де, күбіжіктеп барып, шынжырын сылдырлатып үйшігіне кіріп кетті. Біреу сояйын деп жатқандай-ақ қара ешкі зарлады. Әлгі шуылдақ шымшықтардың үні пышақ кескендей тыйыла қалды. Оның есесіне ауыл сыртындағы қара су бойынан көк қасқа бақалардың барылдағы күшейе берді.
Құбыла түс лезде түнеріп, аспан кемерінде жарқыл ойнады. Тойлы ауылдың үстіне қара бұлтты жолатқысы келмегендей шығыстан жел қатайды.
Бұлтта айласын асырып, аспанның терістік қапталын көбелей орағытып, тау бөктеріндегі ауылды қоршай төніп кеп қалды.
Той ағасы қолына микрофон алып, меймандарды бау ішіндегі ұзыннан-ұзақ созылған қатар-қатар үстелдерге жайылған ағыл-тегіл мол дастарқанға шақырды-ау.
Құрметті қонақтар төр жаққа баяулатып, мамырлап келе жатқанда, дәл осі сәтті күтіп тұрғандай, тұңғыш тамшы да тырс ете түсті. Артынша-ақ әй-шәйге қарамай, долы жаңбыр ышқына төгіп-төгіп жүре берді.
— Ойбай дастарқанды жабыңдар! — деп шырылдады той иесі.
Қонақ күтушілер тай шаптырым дастарқан бетіне газеттерді, кленкаларды жауып үлгергенше, ботана сел жүрді де кетті.
— Есіл ас рәсуа болды-ау,—деп жыламсырады үй иесі босағадан баспалап қарап.
— Ештеңе етпейді, Сейтқұл құрдас, жақсы нышан бұл. Жер тойса — ел тояр, — деді Әбдібек балдағын сүйеніп жауынға сүйсіне көз тастап.
— Өткінші жауын ғой әшейін, — деп, біреу немкетті айта салды.
Айтса — айтқандай, жаңбырдың тасыр-тұсыры тыйыла қалды. Ықтап тұрған меймандар дастарқанға қарай қайта жамырады.
Қолдан шапқан ақ жонық орындықтар шылқа су болып, жұрт отырар-отырмасын білмей аңтарылып, сәл состиысып қалған.
— Ештеңе етпейді, жаздың жаңбыры ғой, — Әбдібек скамейканы шекпенінің жеңімен сипай сүртіп тастап, балдағын үстелге сүйеп, талыстай шалғы мұртын тарамдап қойып жайғаса берді.
Қарақұрым меймандар сырыққа кешке қонақтайтын тауықтайын құрқылдасып барып отырысқан соң, той ағасы микрофон арқылы дауыстап, жас жұбайлар келе жатқанын хабарлады.
«Жар-жар» магнитофонмен айтылған шақта ақ желеңді қалыңдықпен қара костюмді күйеу жігіт қолтықтасып, қызыл шатырлы үйдің баспалдағынан түсе берген. Қалыңдық құрбылары мен күйеу жолдас жігіттер салтанатпен соңына ерген. Жұрт үдере түрегеліп, қол шапалақтап, қошемет көрсеткен. Төрге орнатылған президиум сияқты дастарқан басына жас жұбайлар тобы барып отырысты. Ол топтың тұсына сымға керіліп, қырмызы кілем жайнаған, сол кілемді әлсін-әлі шалық жел шайқап қояды.
Салт жолымен қыз әкесі сөйлегенде, жұрт орнынан түрегеліп, шыны біткен сыңғырлап, алғашқы тост та алынды. Ендігі сөз кезегі күйеу жігіт жағына тигенде, аспанның бір қабырғасы қақырап түскендей шатыр-шұтыр ете қалды да, суыт жаңбыр командамен атылған оқтай тағы да төпеп берсін. Әркім-әркім бастарын газетпен жауып, қорғаланып көріп еді, ол ілдәга жарамады. Аузына ас жаңа тигенде, маңдайға жаңбыр болып тас тигендей, қонақтар қоғадай жапырылып, үйдің іргесіне, талдың тасасына қарай ығыса берді. Тіпті қырмызы кілемнің тұсы да жалаңаштанды.
Тек бірінші үстелдің ұшар басында тырп етпей біреу отыр екен. Жаңбырдан қашқандар:
— Той басталмай жатып мас болған мынау кім?
— Сырдың суы сирағынан келмейді-ау өзінің? — деп күлісті.
Ақ орданың орнындай алып дастарқан басында жападан-жалғыз қалған Әбдібек еді. Мас болған түгі де жоқ. Алғашқы тоста аққайнар шампаннан бір ұрттағанда қойған. Ә дегенде олда балдағына қол соза беріп еді, «тәйірі, жаздың жаңбырынан да кісі ешкі құсап қаша жөнеле ме екен!» — деп қайтадан басылып қалған.
Сөйтіп отырғанда, жұлдызды алқа сияқты электр шамдарының біреуі жауын тамшысынан снаряд жарылғандай шарт ете қалды.
Ықтап тұрған қариялардың біреуі күбірлеп: «бісмілдә, бісмілдә!» деп те қойды. Ал Әбдібекке бұл жарылыс соғыс даласын елестетіп әкелді. Ленинград қорғанысында белуардан шалшық су кешіп, лайсаң окопта, күздің суық жаңбыры мен немістің ыстық оғының астында тапжылмастан бір ай тұрған.
«Сол сұрапылдан аман қалған жанды тап қазір құдай алмас», — деді Әбдібек баудағы жаңбыр сабалаған қойжелкектің жапырағынан көз алмай тесіле қарап.
Бір ауық қара бұлт тесіліп, бірер жұлдыз сығалағандай болды. Жауын саябырлады.
Меймандар босқыннан қайтқан ауылдай қауқылдасып, әркім өз жұртын іздей бастады.
Ақ жонық жабайы скамейкалардың аяқтары ауыр-ауыр салмаққа шыдас бермей былқылдақ сазға батыңқырап бара жатты…
Микрофонға қайтадан тіл бітіп, тойдың шырайы кіре берген.
— Әбеке-ау, жауынның астында отырып қалғаныңыз қалай? — деді қаладан «Волга» мініп келген жездекей басынан әлі де қолшатырын түсірмеген қалпы.
— Әй, шырағым, анауыңнан құйшы тұқымың құрғырды, — деді Әбдібек жауап орнына «экстра» арағын нұсқап. Шынында да, шылқылдаған киімнен қос жауырынның ортасы құрысып, тұла бойы зіл тартып бара жатқан. Жездекейдің арақ құюға шатырдан қолы жуық арада босай қоймаған соң, Әбдібек шишаның аузын өзі ашты.
«Беті майға қуырған бидайдай екен. Соғысқа қатысқан ба? Не жас екені, не кексе екені белгісіз осы қасқа мехнат көрмеген шығар», — деп Әбдібек әлгінің әжімсіз балпық кейпіне көзінің астымен қарап қойып, бір дәсері стакан арақты тартып кеп жіберді.
Көптен бері татпай кеткен дәмі еді, өзегін таспадай тіліп түсті. Осы арақты тұңғыш рет сонау күзгі сылбыраңқыда окопта отырып ішкен.
Тойға жан кіріп, айнала төңірек гуілдесе бастады. Әбдібек мырс етіп күліп қойды. Окопта алғаш арақ ішкенде, ішінде от ойнап, батпақ ордан қарғып шығып, қақ маңдайдағы төбенің ар жағында жатқан немістерге автоматын кезеніп тұра ұмтылғысы келіп кеткен.
Әбдібектің шалғы мұрты селк етіп, бір ұрты тағы бүлкілдеді. Ол да осындай мамыр айында Гүлайымға үйленіп еді. Жиырмаға толар-толмас буыршын жігіт болатын. Маусым айында соғыс басталды. Шілдеде бұл майданға аттанды.
Содан соң белуардан су кешкен окоп… Сонда қалай аман қалған? Қалай ауырмаған? Енді той мына қуанышқа жиналған ағайын өткінші жауынға шыдай алмай, дүркін-дүркін қасқыр тиген қой құсап тұра-тұра қашады.
«Қазіргі адамдар нәзік қой, — деді Әбдібек. — Бұларға не дауа. Сол соғысты көрген мен де бойкүйезденіп барамын ба, қалай? Жаңағы өткен жауыннан жауырыным құрысыңқырап қалғандай».
Ол ешкімге «ал»да демей, «кел» де демей, «экстрадан» дәсері бокал тағы тастап жіберді. Ешкі маңырағандай болды. Ду-думан, ызы-қызы дауыстың арасынан қара ешкінің үні құлағына анық шалынды.
«Тұқымың құрымағыр, лағын жоқтап құдай сыйлап тұр-ау, — деп қойды Әбдібек. — Айтпақшы, Сейтқұл құрдас соны мал ғұрлы көрмеді-ау осы. Сойқан салсам ба екен, тұқымың құрымағырды. Ешкі мал емес пе екен? Ойбай-ау, құдайлардың құдайы Зевстің өзін ана сүтінің орнына ешкінің сүтін беріп асырапты. Сенбесең, біздің Серіктен сұра» деп оқудағы баласын еске алды.
…Окоптың боз-ботана суы сіңген оң аяғын снаряд жұлып кетті. Әлгіде бір тамшы тиіп жарылған шамдай көзінің алды жарқ ете қалды да, сол шамның үңірейген ұңғысындай меңіреу қараңғылық құшағында құлап жатты. Сонан соң мына балдақ пайда болды.
Әбдібек үстелге сүйеулі тұрған балдағын сипалап қойды. Балдақ та бұған сүйенгісі келгендей, шолақ аяғының тұқылына құлай беріп еді, Әбдібек үстелге қайта сүйей салды.
Сөз сөйлеп, тост айтушылар таусылар емес. Толассыз сөз. «Ау, бұл колхоздың есеп беру-сайлау жиналысы ма, әлде той ма? — деді Әбдібек. — Тойдан құр қайтқанша өлеңіңді айт, жаудан құр қайтқанша жаралы қайт. Неге өлең айтпайды мына жұрт?»
— Келесі сөз күйеу бала Әзімбайдың нағашысы Шынайдарға беріледі, —деді микрофон.
Әбдібек селк ете қалды.
— Шнайдер дей ме? Неміс пе? — деп орнынан атып тұра жаздап, балдақсыз екені есіне түсіп, қайта басылды.
— Шынайдар дейді, ақсақал, Шынайдар. Күйеу баланын нағашысы, — деп түсіндірді қарсысындағы жездекей. Сонан соң көршісіне бұрылып сыбырлады: — Ақсақал мас болып қалды. Қайдағы неміс есіне түскені несі?
«Менің аяғымды алып қалған Шнайдердің оғы, — деді Әбдібек сигарет сорып отырып. — Екі елі жоғарырақ кесілгенде екінші группа беретін екен. Отыз жылдан асты, үшінші группадағы мүгедекпін. Екі сантиметрдің арысы не, берісі не? Ал пенсиядағы айырмашылық алшақ… Жарайды, аштан өліп, көштен қалып жатқан жоқпын. Әгәркім, оқ жұлған аяқпен бірге өзім толайым қалсам қайтер едім. Адамға шүкіршілік керек. Мына тұқымың құрымағыр, Сейтқұл ғой, мен соғысып жүргенде, бір көзінің ағы арқасында колхозға бастық болды. Енді осы ауылдың молдасы. Үш жүз адам шақырып, қызын ұзатып отыр. Менің қара ешкімді қомсынды-ау осы. Сойқан салсам ба екен?»
— Келесі сөз — ауылымыздың қадірлі ақсақалы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбекеңе, Әбдібекке беріледі…
Әбдібек орнынан көтеріле қоймады. Оны біреу аңғарды, біреу аңғармады. Меймандар қызған кез болатын. Әбдібек екі жұдырығына маңдайын тіреген күйі ұйықтап кеткен.
— Әбекең сәл шаршаса керек, — деп айқайлады көршісі жездекей той ағасына.
— Бәсе, бағана жаңбырдан қорықпай жалғыз өзі сілтеп отырысы қиын еді, деп қалды біреу барқырай күліп. Келесі сөз…
* * *
Ол қараторғайдың әнінен оянды. Қолының екі қары ұйып қалыпты. Мойны да сірескендей. Басын көтеріп жан-жаққа қараса — жым-жырт. Болар-болмас шырай шалған бозала, уыз таң. Аспан қылаусыз. Аулақта түсі қуарған ай қалтырап тұр. Тал-дарақ басындағы құстар оянып, құйқылжыта әнге басты. Күйеу жігіт пен қалыңдық тұсына тұтылған қызыл кілем орнында екен. Әбекеңнің іші жылып қалды. Майдан даласында құламаған ту сияқты көрінді қырмызы мүлік.
Әбдібек сипалап, балдағын тауып алды. Жерге құлап қалған екен. Балдақ оны тастап кетпес. Өле-өлгенше, ақырғы дем таусылғанша бұл балдақ адал серік.
Бір-бір басып, қызыл кілемнің тұсына барды.
— Ту жығылған жоқ, мен жеңілген жоқпын! — деп айқайлағысы келді.
Шарбақ жақтан кешегі өзі байлап кеткен қара ешкі қақсап қоя берді.