Әңгіме: Қыз қылығымен әдемі
Бірде бір ана маған былай деді: «Жалғыз ұлым бар. Ол әлі бала. Аузынан ақ уызы кеппеген. Ал қыздар мазасын алып, неше түрлі әңгіме жазады. Жауап бермесе небір әдемі сөздермен ар-намысына тиеді. Сіз не айтасыз осыған?»- деп маған сұрақ қойды. Үнсіз қалдым…
Қыздар арасында сауалнама жүргіздім. Төмендегідей сұрақтар қойдым:
«Қазақ қызы қандай болу керек? Қазақ қызына тән қандай қасиеттер бойыңда бар?
Ар, намыс дегенді нешінші орынға қояр едің? «Қылықты қыз» дегеннің мағынасы? «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе күңнен тыю» деген мақал- мәтелді қалай түсінесің?
Үнсіздік…Жоғарыда айтылған әңгімедегі кейіпкер қыздарымның жанарлары төмен, жүздерінде ұят өрті тұтанды. Бір қызарды, бір сұрланды. Қазақта қыз бала бірінші болып сезімін білдірмейтіндігін айттым. Ол үлкен ұят екенін түсіндірдім.
Біраз уақыт өткен соң, сол сұрақ қойған ана: «Ұлыма смс жазу тоқталды. Құлағымыз тынышталды,» -деп күлімсірейді.
Ішім алай-түлей. Мен де екі қыз тәрбиелеп отырмын. Біреуі 15-ке толды. Екіншісі әлі 4-те . Қыздарыма қандай тәрбие беріп жатырмын? Кешегі бізді тәрбиелеген аяулы анашымның тәрбиесін осы қыздарыма бере алып жүрмін бе?
Мен үлкен қызымның араласатын құрбы-құрдастарынан қызым туралы сұрадым. Ана жүрегінің жарылардай қуанышын, бақытын мен сонда сезіндім. Яғни мен өз анамның тәрбиесін аздап болса да өз балама бере алғаныма бақыттымын.
Мен мақаламда көп нәрсені жұмбақтадым. Себебі, айтылмайтын дүниелер болды. Есімдер жасырын қалды. Болған оқиғаның ізімен жай ғана ой тастадым.
Күнделікті күйбің тіршіліктің қамымен жүргенімізде қыздарымыз қараусыз қалып қоймасын. Өз баламызды тәрбиелеуге уақыт жетпей жатқанда, өзгелер тәрбиелеп, санасын уламасына кім кепіл? Қазақтың қара көздері қор болмай, мазақ болмай жүрсе екен деген аналық тілегімді өздеріңізбен бөліскім келді. Кешегі сұлу Жібектей, ару Баяндай, Әлия мен Мәншүктей ардақты, аяулы қара көздеріміз аз ба? Сол аруларымыздың салып кеткен сара, дара жолында ар-намысты биік түғырға қоятын қыздар бүгінде саусақпен санарлықтай ма? Ойланайық. Ойлана отырып, тығырықтан шығар жолды іздейік. Бақытты ананың мейіріміне бөленіп, шуағына шомылып өскен қыз бала сыпайы, ілтипатты, инабатты болмақ. Тәрбиенің тамырына салт-дәстүрдің, қазақы тәрбиенің құндылықтарын сіңіре білген жөн. Абырой мен ар-намысты бағалай алатын қыз баланы тәрбиелеп өсірсек,ертеңіміздің жарқын, болашағымыздың нұрлы болары сөзсіз.
Астана қаласы
Ғ.Қайырбеков атындағы
№2 мектеп-гимназиясы
қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі
Қасымғалиқызы Лаур