Шпекбаев: Бизнесті қорғауға дайынбыз — Саясат|27 Қараша 2018, 16:36

0
27 Қараша 2018, 16:36 281 0

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев отандық кәсіпкерлерді қорғауға дайын екенін мәлімдеді.

Бүгін Protecting business and investments жобасының қорытындысы шығарылды. Аталған жоба кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқығын қорғауға бағытталған.

Шараға Сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысты.

Жиында Алик Шпекбаев бизнес өкілдеріне қолдау білдіруге әрқашан дайын екенін жеткізді.

«Сіздермен бүгін төртінші рет кездесіп отырмыз. Біздің негізгі мақсатымыз бизнеске және инвесторларға көмектесу, қолдау көрсету. Бизнеске жағдай жасағымыз келеді. Кәсіпкерлерге көмектесіп қана қоймай, оларға қолдау көрсетеміз. Бизнесті қорғаймыз. Кәсіпкерлер мен инвесторлардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру үшін тиісті жұмыстарды жүргіземіз», — деді ол.

Осы ретте агенттік төрағасы аталған бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқанын жеткізді.

«Жобалық офистерді ашып, оларды ұмытып кеткен жоқпыз. Әрбір бағытқа жеке-жеке тоқтала аламын. Жүзеге асырылып жатқан 7-8 жоба бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Олар бойынша кәсіпкерлерге, азаматтық қоғам өкілдеріне есеп береміз. Ең бастысы бизнес тарапынан қолдау бар. Біз кері байланысты көріп отырмыз», — деді Шпекбаев.

Оның айтуынша, Protecting business and investments жобасына 249 инвестор қолдау білдірген. Жоба аясында жалпы 6,7 трлн теңге көлеміндегі немесе 16 млрд долларды құрайтын жобаға қолдау көрсетіліпті.

«Бұл — қомақты қаржы. Оның үштен бір бөлігі шетелдік инвесторларға тиесілі. Олар бізге сеніп отыр. Мәселелер туындаған кезде біз оларды шешіп отырдық. Бірден шешуге болатын және уақытты талап ететін мәселелер бар. Соңғысын сот арқылы шешуге тура келеді. Қазіргі таңда аталған жобаға (Protecting business and investments жобасы – автор) қосылғандарға қолдау білдіреміз. Біз сіздермен мәселені шешуге дайынбыз», — деді ол.

Сөз соңында Алик Шпекбаев елімізге шетелдік инвесторлардың қаржысын тарту маңызды екенін, аталған қаржы жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталатынын жеткізді.

«Мемлекеттік қызметкерлер экономиканың даму қарқыны жоғары болса, қазақстандықтардың әл-ауқаты артатынын түсінуі қажет. Менің ойымша, бюджет бизнес өкілдері мен инвесторлардың тарапынан толықса, бюджетке қомақты қаржы түседі ғой. Олар жаңа жұмыс орындарын ашады, экспортқа бағытталған өнім шығарады», — деп түйіндеді сөзін агенттік төрағасы.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ