Әңгіме: Құмарбек Қалиев | Оралхан туралы ой
…60-жылдардың басында «Жұлдыздан» батыстық бір дуалы ауыздың айтқанын оқып , қайран қалғаным бар. Онда былай делінген: «Мұхтар Әуезов-қазақ үшін- екінші Абай, біз үшін-Шығыстың Шолоховы»
Мен осыны әлі ұғына алмай келемін. Абайды қозғамайық, Шолохов, сөз жоқ,-әлемдік деңгейдегі ірі талант. Сонда, Әуезов-кім? Ол-әлем әдебиетінен өз орнын ойып алған үлкен тұлға екені өтірік пе?!. Сөйте тұра, ол неге «Шығыстың Шолоховы» ғана??? Мұндағы «біз» кім? Міне, осындай сұрақтарға жауап таба алмай шарасыз күй кешесің. Ал, біз- елтігіш халықпыз. Басқаның аузынан шыққан бір лебізді қағып ап, дәріптей жөнелуге асықпыз. Осыдан кейін-ақ «екінші тұлғалар» жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптады. «Ана ауылдың анасы», «мына ауылдың мынасы» бірді бірге телу үрдіске айналаып жүре берді. Бұдан біздің өңір де шет қалған жоқ. «Алтайдың Біржаны», «Ақ Ертістің Ақаны», «Шығыстың Майрасы» т.с.с. жапсырма атақтар біздің ауданда, облыста талантымен енді жұрт аузына іліге бастаған жастарға ерекше жомарттықпен таратылды. Меніңше бұл-екі жаққа бірдей зиянды бағыт еді:
— Біріншісі: Ұлы тұлғаның атын ұсақтау; Бір мысал: Біржан сал-тарихта қайталанбас бірегей дарын, сол дарынды «Алтайдың, Алатаудың, Қаратаудың, Арқаның,.. Біржаны » -деп бөлшектеу- Ұлыға жасалған қиянат болар?!.
— Екіншісі: Өсіп келе жатқан жастың алдын кесу, оның келешекте ашылар өнер қабілеті сиятын рамканы күні бұрын дайындау, яғни, оның жетер жерін, шығар биігін күні бұрын кесіп-пішу сияқты еді.
…Кезінде осындай пікірлерімді «Рауанда» жазған едім. Сонда осындай «жапсырма» атақтың «авторларын»: «…Шығыстың Шолоховы», «екінші Абай»-деп Мұхаңды осылар төмендеткен»-деп сынай келе, келешекте осындай келеңсіздік белең алып кетпесін деген ниетпен:
… «Шығыстың Шәмшісі бар, бізде жоқ»-деп,
Батыс болып жүрмесін абыр-сабыр…»-деген едім
Сондағы «Шығыстың Шәмшісі»-өз әндерімен халықтың сүйіктісіне енді айнала бастаған дарынды сазгер Оралхан Көшеров еді. (Ол кезде екі дарынның да көзі тірі)
Онда Оралханның алдында үлкен творчестволық өріс, ұзақ ғұмыр бардай көрінуші еді…
…Енді сол пікірімді дәлелдеп көрейін:
Шәмші аға –қазақ өнеріндегі ұлы тұлға. Оның айғағы-әндерінің жарты ғасырға жуық уақыт ел аузынан түспей келе жатқандығы. Ал, Оралхан- кім? Ол-біздің ән әлеміндегі ұлы болмағанмен, ірі тұлға. Сонда бір талантты екіншісіне телуге, соның бір кішкентай бөлшегі деп көрсетуге бола ма? Жалпы, таланттар теңестіріле ме, салыстырыла ма? Олардың әрқайсысына, дарын қуатына сай, халық көңілінен орын бар емес пе?
Ал, Оралханның өнердегі ірілігін, оның артында қалған елуге тарта әнін түгел тізбей-ақ, солардың ішіндегі айшықтысы-«Достарғаның» өзі-ақ көрсетіп тұр емес пе?! Кез-келген творчество адамының, оның ішінде, сазгер өнері, оның шығармаларының санымен емес, сәнімен бағаланатынын қазақтың тағы бір ерекше дарыны Нұрғиса ағамыздың бұдан бірнеше жыл бұрын осы Күршім сахнасынан айтқан мына сөздері-ақ дәлелдер:
«…Мен осы ғұмырымда 400-ге жуық ән жаздым, соның жиырмасы ел есінде сақталса, өзімді бақытты санар едім…» Бұл айтылған сөзді барлық творчество адамына қойылатын әділ де қатал талап деп түсінуіміз керек.
Бір музыка білгірінің «Әннің анасы-композитор, әкесі –ақын, тәрбиешісі- әнші»- дегенін бір жерден оқыған едім, соған сүйенсек, «Достарғаның» әнін шығарған Оралхан, өлеңі-Хасендікі , орындаған Есен болса, оның үстіне осы талантты үштік өзара достар болса, бұл әннің өміршең болуы-заңдылық. Оралханның бұдан басқа да бірнеше әндері Қазақстанға кеңінен танылған бұл күнде. Ендеше:
«….Қазақтың ән-күйінің бізге жеткені-деп жазады музыка зерттеушілері-XV ғасырдан бергісі, одан арыға тереңдей алмай жатырмыз» Солай болғанда, осы бес ғасырдағы қазақтың ән өнерінің өзі ғана телегей теңіз емес пе. Сол өнерді жасаушыларды түгелдей тізбек түгіл, білудің өзі мүмкін емес. Білгеніміз — Шалкиіз, Қазтуған, Мұрат, одан беріде Ақтамберлі, Жарылғапберді, одан – Біржан, Ақан, Мұхит,Үкілі Ыбырай, Әсет, Мәди боп кететін талантты топ, олардың шәкірттері , біздің заманымызда өмір сүрген Манарбек, Жүсіпбек, Ғарифоллалар олардан кейінгі кеңестік дәуірде Нұрғиса, Дәнеш, Әбілахат, Шәмші, Әсет қазақ әнінің үздіксіз тізбесін құраса, соған бірді-екілі әндерімен ел есінде қалған, кеше ғана дүниеден өткен марқұмдар – Жақсыгелді Сейілов («Жез киік») , Жәнібек Кәрменов («Ақтамберлі толғауы»), Тынышбай Рахимовтармен («Алтайдың ар жағынан келген ару») бірге Оралхан Көшеров те(«Достарға») жалғасады деуге әбден болар еді.
-Бүгінге аты жеткені бар, жетпегені бар осы дарындар туғызған өшпес әндер-қазақ өнерінің мұхиты десек, сол мұхиттың бір тамшысы- Оралхан әні;
— Осы дарындар шеруін қазақ өнерінің ұлы көші десек, сол көштің өзіне артқан жүгі бар бір жолаушысы- Оралхан;
— Осы дарындар туғызған әндер қазақ әндерінің інжу-маржандарынан жиылған қазынасы болса, сол қазынаға өзінің асыл тасын қосқан- Оралхан;
— Осы дарындар қазақ әні аспанындағы үлкен жұлдызлар шоғыры десек, сол шоғырдың ішіндегі өзіндік жарығы бар бір жұлдызы- Оралхан;
Ендеше, біз Оралханды ұлыға теліп «Шығыстың Шәмшісі»- деп, кішірейтіп оны мақтамайық, керісінше, «Шығыстың Оралханы», «Біздің Оралхан»- деп өзіміз мақтанайық, ағайын!
Мен жаңағы «Рауанда» жаздым дегенімді былай жалғаған едім:
…Дарын туған киелі топырақтан
Дара ұл туған көз жетпес атыраптан
Тағы ұл туар қазаққа түнгі көктен
Жұлдыз болып көк сәуле шашыратқан
Соларменен сен биік, мен де биік
Биіктесек бәріміз-ел де биік…
Міне, осындай ел еңсесін биіктеткен ұлдарының бірі-Оралхан халық өнеріндегі өз орнын алуы тиіс бүгінде.
Енді Оралхан творчествосының қазіргі жай-күйі туралы бірер сөз:
Былтыр Күршімде Оралханды еске алу кеші өтті, онда естеліктер айтылды, арнау өлеңдер оқылды, сазгердің әндері орындалды. Бұдан да үлкен кеш Өскеменде өткенін, оған жан-жақтан Оралхан өнерінің жанашырлары келгенін сол жиында Күршім ауданының әкімі Қонысбай Төлеубеков сөз сөйлеп, Оралхан қорына қомақты сый тапсырғанын, ақын Хасен досына арнап жыр төксе, Есен Ошан әндерін нақышына келтіре шырқап, көпшілік құрметіне ие болғанын біз «Дидардан» ризашылық көңілмен оқып білдік.
Белгілі журналист Мұрат Тастағановтың Оралхан әндерін үнтаспа қып шығаруға көп еңбеек сіңіргенін, басқа да іскер азаматтардың сазгер творчествосына қолұшын бергенін естідік. Осындай жекелеген жандардың қадау-қадау ірі істеріне қуанып қана қоймай, осы істердің тағылымдық жағына көп назар аударуымыз қажет. Өйткені, қанша ірі болғанымен, мұндай сирек шаралар Оралхан творчествосына аздық етеді. Тағылымдық мәні деп отырғаным-сазгер өнерін құрметтеуші қалың көпшілік жаңағыдай ірі шараларды қостап алып кетуі керек сияқты. Бұл жерде әркім өз шамасынша қаржылай ма , заттай ма, болмаса тіпті сөздей ме, білмеймін, Оралхан әндерінің халық құлағына сіңісті болуына ат салысуы керек. Әрқайсымыз «О. Көшеров творчествосын бұзбай, ескіртпей, ұмыт қалдырмай сақтау, оны ертеңге жеткізіп, келесі буынға тапсыру-міндетім»-деп ұғынғанда ғана Оралхан аты ел жадында сақталады, Оралхан әндері аспандай береді деген ой еді, менің айтпағым. Бұдан басқа:
-Жылда өтетін жас талаптардың «Жас қанат» байқауында бір жүлде О. Көшеров атында тағайындалса;
— Аудан мектептерінде сазгер творчествосына арналған тәрбие сағаттары ұдайы жүргізілсе;
— көркемөнерпаздар байқауының талабымен, әр творчестволық ұжымның бағдарламасында Оралханның кемі бір әні болса — деген пікірлерімді аудан басшылығы, мәдениет қызметкерлері, музыка мамандарына құлаққағыс еткім келеді.
Құмарбек ҚАЛИЕВ
2002 жыл. Желтоқсан