Бес адаммен еш уақытта дос болма

0
125

Әбу Жағфар Мұхаммед бин Әли Бақир былай дейді:

Әкем маған: «Балам! Бес кісімен ешуақытта жолдас болма, олармен әңгімелеспе және жолда серік болма,-деді.

Құрбаның болайын әке, ол бесеуі кім?,-дедім. Әкем: Пасықпен жолдас болма, ол бір асқа бола немесе одан да төменіне сені сатып жібереді,-деді. Мен: Әке! Одан да төмені не?,-дегенімде:

-Дәметіп, қолы жетпеген нәрсе,-деді.

-Әке! Екінші адам кім?

-Сараңмен жолдас болма. Өйткені, ол саған ең керек кезде мал-дүниесін бермейді.

-Әке! Үшіншісі кім?,-дедім.

-Өтірікшіні жолдас етпе, ол сағым сияқты жақынды сенен алыстатып, алысты саған жақын етіп көрсетеді,-деді.

-Әке, төртіншісі кім?,-дедім.

-Ақымақпен жолдас болма. Өйткені, ол саған пайда беремін деп зиян тигізеді,-деді.

-Әке, бесіншісі кім?,-дегенімді: Туысқанымен ара-қатынасын үзгенмен жолдас болма, өйткені ондай адамның Құранда үш орында лағынеттелгенін көрдім»,-деп өсиет еткен екен.

P.S. Дос араб тілінде «садық», яғни, шыншыл деген сөзден туындайды. Демек, дос  – әр жағдайда сізбен шыншыл қарым-қатынастағы бауырыңыз.

Руслан ҚАМБАР