9-шы қабаттан құлап, о дүниеден оралған жігіт адам сенгісіз оқиғасын айтып берді
Қордайлық Жардарбек Жәкішевті дәрігерлер жиырма екі жасында «қайта туған» деп есептейді. Себебі ол биіктігі 30 метрлік тоғыз қабатты тұрғын үйдің төбесінен құлап, өліп-тірілген азамат. Мұндай жағдайды ақ халаттылар миллионнан бір болатын ғажайыпқа теңеп отыр. Жас жігіт NUR.KZ тілшісіне оқиғаның қалай болғанын және ажал аузынан аман қалуының басты себебін айтып берді.
«Оқиға 2016 жылдың сәуір айының 4 күні орын алды. Мен Алматыдағы тұрғын үй құрылысында жұмысшы болып істейтін едім. Тоғызыншы қабаттағы балкондарда сылақ жұмыстарын жүргізіп жатып, төменгі қабаттағы досыма бір затты көрсетпекші болдым. Сол сәтте балконды қоршап тұрған темір ашылып кетіп, төменге құладым. Тек ауада бір рет аунағаным ғана есімде. Жерге қалай түстім білмеймін. Есімді тек 28 күннен соң №7 қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде жидым. Осыншама уақыт ешқандай ауруды сезбедім, тек ұйықтадым. Түс көріп, басқа әлемде жүрген секілді едім«, — деп есіне алды Жандарбек Жәкішев.
Ақ халаттылардың сөзінше, жас жігіттің басынан бақайшығына дейін сау тамтығы қалмай бірнеше жерден сынған.
«Сол жағымнан ғана тоғыз қабырға, екі аяғым бірнеше жерден ашық жарақат, жауырын, бас сүйек, кеуде қуыс, жамбас, арқа омыртқалар жалпы бәрін қосқанда 37 жерден сынған. Ауруханада үш ай емделіп, 10 отаны өткердім. Бірінші — құдайдың, екінші – дәрігерлердің арқасында ғана аман қалдым. Есімді жиған соң мен өздігіммен жүруді армандау түгілі, қашан өледі екенмін деп ойлайтынмын. Адам болып кететініме өзім сенбедім. Мені қарайтын дәрігерлер «сен мықтысың, тірі қалуыңның өзі ғажап, әлі-ақ жүгіріп кетесін деп сендіретін», — дейді құрылысшы.
Жандарбекке бірнеше ота жасап, аяғынан тұрғызған №7 қалалық аурухананың ортохирургі Арнат Рамазанұлы жас жігітті «періштесі қаққан» деп санайды.
«Бізге өте ауыр халде науқас келеді деп хабар түскен кезде Жандарбекті алғаш көріп, оның тірі қалатынына үлкен күмәнмен қарағанымыз рас. Себебі науқас 3-4 литр қан жоғалтқан, бұл өте қауіпті. Арқа омыртқасы бірнеше жерден сынып, өкпесі езіліп кеткендіктен мүлдеп демала алмайтын. Қан қысымы 40-0 көрсетіп тұрды. Бас сүйегі ашық жарақат, миы шайқалғандықтан, беті ісініп кеткен.Ауруханамызда «білікті дәрігерлер бригадасы» жұмыс істейді. Бұл дегеніңіз ауыр хәлдегі науқасты бір уақытта невропотолог, хирург, терапевт, реаниматолог сынды оншақты маман тексеріп, шара қолдану. Осылайша біз үш сағатта Жандарбекке алты түрлі ота жасадық. Сәтті ота мен жақсы күтімнің арқасында Жандарбектің беті қарады«, — дейді ортохирургия бөлімінің меңгерушісі Арнат Байзақов.
Дәрігерлер Жандарбекті «көйлекте туған» деп әлі күнге дейін ұмытпағандарын жасырмайды.
«Бір метрлік биіктен құлап, мүгедек болып немесе өліп кететіндер бар. Жандарбектің оқиғасы ерекше. Оның тірі қалуынан басқа, мүгедек болмай аз уақыт ішінде өзіне келіп, жұмысқа шығуы нағыз ғажап. Ол емдеу палатасына ауысып, балдаққа сүйенген сәтін көргенде барлығымыз балаша қуанып, естелік үшін видеоға түсірдік. Әлі күнге дос-бауырдай араласып тұрамыз. Алматыға келген сайын ұмытпай ауруханаға келіп, амандасып кетеді. Оның аман-сау жүргеніне бізде қуаныштымыз», — деді дәрігер.
Жандарбек Жәкішів қазір өзі туған Қордайға оралып жұмысын қайта жалғастырған. Ол бұрынғыдай сылақшы емес, құрылыс кран жүргізушісі қызметін атқарып жүр.
«Алғашында биіктен қорқатын едім, қазір оны да жеңдім. Балдаққа да сүйенбеймін. Ауруханада өткен үш айды құдайдың сынағы деп қабылдап, әр күнімді бағалауды үйрендім«, — дейді Жандарбек.