41 құмалақ сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді

0

Құмалақшылық өнерінің тарихы бірнеше ғасырлардан бері халқымызбен жасасып келеді. Бұл ұлттық дарын-қабілеттің ерекше бір түрі болғандықтан құмалақ, құмалақшы, құмалақ ашу атауы өз қадірін жойған жоқ. Құмалақ ашатын адамды кейде балшы немесе «Балгер» деп те атайды. Бұл жаратылыстың пен табиғаттың ерекше құбылыстарын ұдайы бақылау нәтижесінде пайда болған сәуегейлік ілім.

Бал ашу негізінен астрономиялық және астрологиялық болып екі үлкен топқа жіктеледі. Олар іштей түр-түрге бөлінеді. Мысалы: геомантия – жердегі өзгеріс әрекетті, қимыл-қозғалыстарды бақылайды әрі болжайды; хиромантия – алақан саусақ сызықтарына қарап, болашақты болжаса; арифмантия – нақты есепті ой болжамын жасайды.

Ел ішіндегі балшылық ашатын (жауырыншы, тамыршы, есепші, алақан-саусаққа қараушы т.б.) және болжайтын-дардың түрінің көптігіне қарамастан, халық көбінесе құмалақшыларға, оның қырық бір құмалағының болжамына ерекше сеніп, туралығына риза болады. Көнеден сақталып, бүгінге жетіп өз орнын тауып отырғанының бір себебі осы болар. «Қырық бір құмалақ – Данияр Пайғамбардан қалған мұра», – дейді Ш.Уәлиханов 41 құмалақпен бал ашу Орта Азия мен Кавказ, Үнді мен Иран, Тибет пен Корея, Жапония мен Америкада болғандығын әлем тарихы растайды. Тәуелсіздігімізді алғалы қазақ елінде де бұл өнерге ғалымдар мен қарапайым халық мән бере бастады.

Ежелден ата-бабаларымыздың дүниетаным, әлем, табиғат туралы өзіндік түсінігі болды. Тіршіліктің қалыптасу жүйесін үшке бөлді. Жаратылысты тігінен қарағанда «жоғары әлем» немесе «Темірқазық», «ортаңғы әлем» – «адамзат» және «төменгі әлем» немесе «Алтынқазықты» болып бөлінеді деді.

Енді зер салсақ, қырық бір құмалақты бір үш ретке бөліп, төрт мүшелеген соң тоғыз топтан құраған «құмалақ тізбегін» тізеді. Бұл тіршілік әлемнің «тоғыз қат көк» немесе «тоғыз өлшем бірлігіне» дәл келеді. Бұл қырық бір құмалақтың модельдік сандық сипаттамасы болып есептеледі.

Балшылардың негізгі құралы қырық бір құмалақты ұсақ тастардан, өсімдіктің, жүгері (бүршақ) ірі дәнінен және қойдың қырық бір құмалағынан санап алып пайдаланады. Дегенмен, құмалақшыларының еркіне байланысты. Мұнымен қатар, киелі жердің тасы деген ұғым бар. Құмалақшылық тұқым қуалайтын сәуегейлік қасиет. Оны кез келген адам аша алмайды. Құмалақты үйренуге болады, алайда тума қасиеті жоқ адам оның сандық моделінің сырын жобалап болжаушы ғана.

Құмалақтың бірнеше түрлері болады. Мысалы, «ырым құмалақ», «бір тартар құмалақ» және «шашпа құмалақ».

Ырым құмалақты екі түрлі мақсатта ашқан. 1. «Қызырдың қамшысына арнап тасаттық беретін күні (ақпанның 15-і) құмалақшы таңертең қар үстіне құмалағын шашқан және ауа райын болжаған. Егер қар үстінде құмалақ кідіріп қалса, онда көктем кеш туады, ал бармақ бойлап батып кетсе жаз ерте шығады деген.

2. Күн мен түн теңелгенде, аспаннан нұр жауған күнгі шыққан күнмен жарысып: «Көк тәңірі не дейді екен?» деп құмалақшы құмалағын үш рет шашып салған.

Біртартар құмалақ. (Кейде Көтібар батырдың бір тартары дейді). Бұл құмалақты жаумен  шайқасып жатқан заманда тартатын болған. Құмалақтың бұл түрін тек екіге бөледі. Одан кейін оң қол жақтағы бөлігін төртке бөледі. Егер соңғы бір бөлігі 1 саны болса, онда жорыққа аттанған. Ал 2 саны қалса, жорыққа шықпаған.

Шашпа құмалақ. Бұл қырық бір құмалақты бөлмей, есіктен төрге қарай шашып жіберіп жоритын түрі.

Енді 41 құмалақты қалай ашатындығына тоқталайық. Ертеде қырық бір құмалакты ақ киіз үстіне шашып қойып, асықпай араластырып, бір жерге үйген. Бұны «құмалақ араластыру» деп атаған. Одан кейін құмалақты мүмкіндігінше үшке бөледі. Бұны «құмалақ басы» дейді. Бұл үшке бөлінгеннің алдымен оң қол жағындағы бөлігін төрт санына бөліп, одан қалған калдықты оң қолмен жоғары апарып қояды. Бұл – «оң қабақ» не «оң шеке» деп аталады «Құмалақ шаршысындағы» 1-орын. Бұдан соң ортадағы бөлікті төртке бөліп, қалдықты «құмалақ маңдайына» апарып қояды. Құмалақ шаршысындағы 2-орын. Соңында үшінші бөлікті де төрт санына бөліп, қалған қалдықты «сол қабақ», «жау шекеге» апарып қояды. Бұдан соң қалған құмалақты бірге жинап қайта араластырып, тағы үш бөлікке бөледі. Алдымен оң қол жақтағы бөлікті төртке бөліп, қалған қалдықты «оң бүйрекке» (4-орын) қояды. Ортадағы бөлігі қалдығын «құмалақ жүрегіне» (5-орын), шеткі бөлігі қалдығын «сол бүйрегіне»кояды (6-орын). Ең соңында қалған құмалақты тағы жинап алып араластырып, «құмалақ өкшесіне» деп жоғарыдағыдай үшке бөледі. Алдымен оң жақтағы бөлікті төртке бөліп, қалған қалдықты «оң босаға» (7-орын), ортаңғы бөлік калдығын «құмалақ құйысқанына» (8-орын), шеткі бөлікті мүшелеп, қалдығын «сол босағаға» (9-орын) орналастырады. Осылайша құмалақ бөлу аяқталады. Құмалақшы қалған құмалағын тағы үшке бөліп, қалған қалдық санына қарап барып болжамын айта бастайды.

Ендігі кезекте құмалақшының қалай болжам айтатындығына тоқталайық:

1. Құмалақ қабағы – бұл құмалақ басының оң және сол қол жағындағы бірінші және үшінші мүшелері. Бұлардың жоғарыдағы атауына қарай құмалақ басының оң жақтағысы – «оң қабақ», «оң шеке», ал сол жақтағысы «сол қабақ», «жау шеке», «дұшпан басы» деп аталады. Осы шекелердің жұп, тақ болуына қарай құмалақ салғызушының көңіл күйінің қуаныш әрі ренішін құмалақшы бақылай білген.

2Оң қабағы жарылу – бұл құмалақтың оң қабағына қалдық құмалақ бір тал болып түсуі. Оны – «талабы жоғары» дейді. Құмалақ салғызушының дұшпаннан мерейінің үстемдігін көрсетеді.

3. Оң қабақ қатыңқы  бұл оң шекеге екі тал құмалақтың түсуі. Бұл құмалақ салғызушының ашумен келгенін, үй ішінде ұрыс-жанжал болғанын көрсетеді. Құдайы тамақ беруі керек деп кеңестерін айтып жататын кездері болады.

4. Оң қабағы тарту  бұл құмалақтың оң қабақтағы калдығының үш тал болып мүшеленуі. Бұл құмалақ аштырушының қайғысы жоқ, қарны тоқ және дүшпанынан мерейі анағұрлым үстемдігін көрсетеді.

5. Оң қабақ қату  оң шекеге төрт тал құмалақтың орналасуы. «Кұмалақ аштырушы ауыр ой үстінде». Көп азап шеккен адам. Оған арнап құдайы тамақ беруі керек.

6. Дұшпан басы  құмалақтың сол шекеге бір не үш тал болып түсуі. «Құмалақ аштырушының дұшпаны өзінен әлдеқайда басым. Онымен күш сынаспай күте тұрған жөн».

7. Құмалақ маңдайы  бұл құмалақтың басындағы ортаңғы топ атауы. Құмалақ маңдайы арқылы кісі «болашағын» болжай алады.

8. Қырық бірінші құмалақтың бетке шығуы (кейде Қамбардың қара қасқасы деп атайды). Бұл құмалақ маңдайына бір тал құмалақтың келуі. «Құмалақ салдырушының алдында олжа күтіп тұр. Жол жүрсе жолы болады».

9. Маңдайы қарысу  бұл құмалақ шаршысының маңдайына екі құмалақтың орналасуы. «Ауыр ой қинап жүр. Жалпы жолы ауыр. Ал­дында оны күтіп тұрған кедергі бар».

10. Маңдайы ашық  бұл құмалақ маңдайына үш тал құмалақтың мүшеленуі. «Маңдайдағы үш, көңілі қош. Ойлағаны орындалады».

11. Маңдайы жабық  бұл құмалақ маңдайына төрт тал құмалақтың келуі. «Болашағы жоқ, маңдайының соры бес елі адамға түседі».

12. Құмалақ бүйрегі  бұл құмалақ жүрегінің оң қол және сол қол жағындағы мүшелері. Жүректің оң жағындағысы  «оң бүйрек» сол шетіндегісі  «сол бүйрек» деп аталады. Құмалақ ашушы осы екеуін салыстырып барып, өз шешімін айтады.

13. Аш бүйрек  бұл оң бүйрекке бір тал құмалақтың келуі. «Адамды бір жағынан қаражат, екінші жағынан ауру қысып, дұшпанның ал­дында еңсесі төмендігін көрсетеді. Дауласпай істің артын күту керек».

14. Оң бүйірі тоқ  бұл оң бүйірге үш не төрт құмалақтың бөлінуі. «Бүйірі тоқ, қайғысы жоқ, дұшпаннан мерейі үстем, туған-туысқандары, бірауызды, өзі сыйлы адам».

15. Аш бүйірден қадалу – бұл сол бүйірге үш тал құмалақтың келуі. «Дұшпаны мықты, айтысса жеңіп, күрессе жығып, жауласса жол алып кетеді».

16. Құмалақ жүрегі  бұл құмалақ өзегіндегі екінші мүше. Балгер құмалақ жүрегін «адам тағдырының алтын діңгегі» деп те атайды.

Құмалақ шаршысындағы барлық ой тізбегі жүрекке жинақталып, осы жүрек арқылы өз шешімін табарын көрсетеді.

17. Жүрек сүйінішті  бұл құмалақ жүрегінде бір не үш тал құмалақтың үйлесуі. «От басы аман. Көңіл-күйі жақсы, мерейі үстем. Алдында қуаныш күтіп тұр».

18. Жүрек күпті  бұл құмалақ жүрегіне екі не төрт құмалақтың бөлінуі. «Бұл құмалақ жүйкесі жүн, жігері құм болып, алға басқан аяғы кері кетіп жүрген адамға түседі».

19. Құмалақ босағасы  бұл құмалақ өкшесінің оң жақ қол және сол жақтағы мүшелері. Құмалақшылар тілінде «босаға  өз үйің, отаның алтын бесігің». Қос босаға арқылы отбасы, ел іші, отанынада болатын іс жайлы алдын-ала хабардар болады. Бір жаққа жол жүру не жүрмесін де білуге болады.

20. Оң босаға берік  бұл құмалақтың оң босағаға екі не төрт тал болып бөлінуі. «Үй-ішің аман, ауру-сырқаудан сау. Отаның мықты. Әзірше жол жүрмейсің».

21. Босағадан кету  бұл оң босағаға қарағанда сол босағаға құмалақтың көп бөлінуі. «Бір жаққа жол жүресің. Құйысқаның көтеріңкі, аяғың үзеңгіде тұр». Егер осы құмалакты қыз бала аштырса, онда ол көп ұзамай тұрмысқа шығады.

22. Оң аяғы табалдырықтан аттады  құмалақтың оң босағаға сан жағынан көп болып орналасуы. «Жақын арада жолаушы жүрмейсің. Үйіңе конақ келеді. Егерде ер жеткен ұлың болса келін түсіреді».

23. Құйысқан  бұл құмалақ өкшесіндегі ортаңғы мүше. «Құйысқан –  қонақ хабаршысы».

24. Құйысқаны берік  құмалақтың екі босағаға теңдей бөлінуі. «Жол жүрмейсің, үйіңе қонақ та келмейді».

25. Құйысқаны көтерілу – құмалақтың сол босағаға көп болып мүшеленуі. «Жол жүресің».

26. Құмалақ басы – құмалақ шаршысына көлденеңінен орналаскан ең бірінші үш мүшенің есімі. «Құмалақтың құмалақ басына жұп не тақ болып түсуіне карай адамның алға қойған мақсаты орындалатынын, орындалмайтынын және оған кездесетін қуаныш пен реніш, сәттілік пен сәтсіздік туралы баяндайды».

27. Пешенесі бестен түсу  құмалақтың қос қабағына екі-екі талдан және маңдайына бір талдан, яғни құмалақ басына жалпы саны бес құмалақтың түсуі. «Екі құлағы езуінде. Алдыңда бесіктегі балаға дейін қуанатын қуаныш күтіп түр».

28. Пайғамбардың қара қасқасы  бұл құмалактың кос шекеге бір-бір талдан және маңдайға үш тал болып бөлінуі. Құмалақ санының жал­пы саны бес. Бұл құмалақ өзінің дәрежесі жағынан  «апшас әліппен» тең саналады. Сондықтан бұл құмалақты «Дүниеге оң аяғыңмен келген екенсің, бәрі жақсы» деп әрі қарай салмай жинап алады. Жаугершілік заманда құмалаққа «Пайғамбардың қара қасқасы» түскен күні жорыққа аттанып, жауды жеңіп қайтады екен.

29. Үй тұйық  бұл құмалақтың қос шекеге үш-үштен, маңдайға екі тал болып, құмалақ басына жалпы саны сегіз тал құмалақтың мүшеленуі. «Ауру да емес, сау да емес, сары уайым есеңгіретіп тастаған адамға түседі».

30. Ашпас әліп (қарт құмалақ)  құмалақ басының әр мүшесіне үш-үштен «ашпас әліп» түссе, балгер құмалақты ары қарай тартпай, «бәрі жақсы болады» деп жинап алады.

31. Құмалақ жүрегі  бұл құмалақ шаршысын көлденеңінен алған­дағы екінші қатар атауы. «Адам тағдырына байланысты жақсы мен жаманнан, саулық пен аурудан, өлім мен өмірден хабар етеді».

32. Құмалақтың кесе түсуі  құмалақ тізбесіндегі көлденең алғанда екінші қатар мүшелерінің тек жұп болып түсуі. «Бұл құмалақ ауру кісіге арналса, ол адамның өлуі мүмкін. Жас балаға түссе, онда ол балаға біреудің тіл көзі тиюі мүмкін».

33. Құмалақ өкшесі  қүмалақ тізбегін көлденеңінен алғандағы ең соңғы қатар атауы. «Адам еңбегінің нәтижесі, іс-әрекеті корытындысынан мәлімет алуға болады».

34. Құмалақтың жайылып түсуі  бұл құмалақтың қос босағаға бір-бір тал болып түсуі. «Бұл құмалақ ауру адамға түссе, ол аламның жаны көп ұзамай көкке ұшады. Сау адамға ашылса, ол кісі көз көріп, құлақ естімеген жаққа көшіп кетеді».

35. Оразаның он екі құмалағы  бұл құмалақ аяғының әрбір мүшесіне төрт-төрттен он екі құмалақтың жіктелуі. «Бұл бір сирек түсетін құмалақ. Көбінесе талабына нұр жауар, ізденгіш, ойшыл адамдарға түседі. Алдына қойған мақсаты ерте ме, кеш пе, бәрібір орындалады».

36. Құмалақтың оң қанаты  бұл құмалақ шаршысын тігінен алғанда оң жақтағы үш мүше есімі. «Оң қанаттан өз басы, үй-іші, отаны, ел басқарушысы жайлы мәлімет алуға болады».

37. Үш бөрі  бұл құмалақтың оң канатына бір-бірден үш не үш-үштен тоғыз құмалақтың мүшеленуі (суретті қараңыз). Үш бөрі түскен адам жәй кісі емес, әруақты кісі деп есептеледі. Үш бөріні «Ақ дегенің алғыс, қара дегенің қарғыс. Айтқаның келеді, тілегенің болады. Әлемнің төрт тарапына сапар шексең де, жолың болады» деп жориды.

38. Албары  бұл құмалақтың оң қанатына жалпы саны 6 құмалақтың түсуі. «Албарлы түссе  аласың».

39. Жетіскеннің жетеуі  бұл құмалақтың оң қанатына жалпы саны 7 құмалақтың бөлінуі. «Күрессе жығады, айтысса жеңеді, жол жүрсе, олжалы болады».

40. Ойындағы келу  бұл құмалақтың оң қанатына 10 құмалақтың бөлінуі. «Ойлаған ойы орындалады».

41. Құмалақ өзегі  бұл құмалақ тізбегін тігінен алғандағы ортаңғы үш мүшесінің жалпы есімі. Құмалақшылар құмалақ өзегін «жақсылықтың есігі» деп те атайды.

42. Жол басы  бұл құмалақ өзегіне бір-бірден үш құмалақтың мүшеленуі. «Көп кешікпей жол жүресің».

43. Есіктен төрге дейін сүйінші құмалақ  бұл құмалақ өзегіне үш-үштен тоғыз құмалақтың жіктелуі. «Алдыңда куаныш күтіп түр».

44. Құмалақтың сол қанаты  бұл құмалақ тізбегін тігінен алғанда сол қол жағындағы бірінші қатардың жалпы есімі. «Сол қанат дұшпан жайында сөйлейді».

45. Кез тесу  бұл құмалақ тізбегін қиғаш алғанда оңынан да, солынан да қиып өтетін түзу атаулары. «Кез тесу адамның біреумен кездесетіні не хат-хабар болатыны жайында мәлімет береді».

46. Оң кез  бұл құмалақтың оң қабақ, жүрек және сол жақ босағаға бірыңғай жұп не тақ болып бөлінуі. «Біреумен кездесесің, бірақ оны көп күтесің».

47. Сол кез  бұл құмалақтың сол қабақ, жүрек, оң жақ босағаға бірыңғай жұп не тақ болып мүшеленуі. Біреумен тез арада кездесесің. Хат не хабар келеді.

48. Тоғысу  (оңнан да, солдан да кез түсу)  бұл құмалақ тізбегіне оң кезбен сол кездің бірдей түсуі. «Жолы болар жігіттің оңынан да, солынан да кез түсер».

49. Қос табан  бұл құмалақ қатарын тігінен алғанда бір сызық бойына құмалақтың тек жұп болып орналасуы.

50. Қос аумас  бұл құмалақ шаршысында жұп санды орындар құмалақтың оңы мен солына бірдей бөлінуі. «Бәсекелесіңмен дәрежең тең. Екеуің де бір-біріңе сайма-сайсың».

51. Шаң тимес  бұл құмалақтың құлақ басы мен құмалақ өзегіне тек тақ болып орналасуы. «Басыңа бақ, қолыңа дәулет қонатын кісіге түседі».

52. Жеті әліп құмалақ тізбегінің өзегіне, маңдайына және оң қанатына тек бірдей тақ құмалақтың мүшеленуі (суретке қараңыз). Бұл  құмалақ ашуда ең сирек ұшырасатын құбылыс. Сондықтан «Жеті әліп жерге түспейді, жерге түссе де ерге түспейді»дейтін мақал бар. Бұл құмалақ бақ, дәреже қонатын адамға мың-миллион адам ішінен бір-ақ рет түседі. «Жеті әліп түсер адам өте сирек туады».