Павлодарда психоневрологиялық орталықта балаларды ұрып-соққан қызметкерлерге қатысты 18 қылмыстық іс қозғалған — Қазақстан жаңалықтары

0

Павлодарда облыстық психоневрологиялық орталықта балаларға қатыгездік көрсеткен қызмткерлерге қатысты 18 қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

диспансер

Бұл туралы Павлодар облыстық прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының басшысы Асхат Қоқымбаевмәлім етті.

«Орталықты тексеру барысында санитарлық ережелердің сақталмауы, конституциялық құқықтардың бұзылуы сынды кемшіліктермен қатар балаларды түскі ұйқы кезінде және түнде кереуетке байлау бойынша бұзушылықтарды анықтадық. Олардың көпшілігін ұрып-соққан және ұйқыдан кейін оларды шешіп алуды ұмытқан жағдайлар да болған. Аталған фактілер бойынша облыстық прокуратура 18 қылмыстық іс қозғады», — дейді басқарма басшысы. 

Прокуратура қызметкерлері балаларды емдеу орталығында қойылған бейнебақылау камераларына түсірілген видеоны көргеннен кейін заңбұзушылықтар әшкере болыпты. 

«Қазіргі уақытта төрт қылмыстық іс бойынша 110-баптың екінші бөлігіне сәйкес үкім шығарылды. Бір іс сот қаралымында жатыр. Қалған 13 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр», — деп қосты прокуратура өкілі.

Бұған қоса балаларды басқа ғимаратқа ауыстыру жөнінде бастама көтерілген

«Балалар жатқан қазіргі ғимарат арнайы мамандандырылмаған. Оның орналасқан жерінің өзі бірнеше заңды бұзып отыр. Интернаттық типтегі, емдеу-сауықтыру ғимараттары қаланың өнеркәсіптік аймағында тұрмауы тиіс. Олар қаланың іскерлік бөлігінде салынуы керек. Ал қазіргі ғимарат өнеркәсіптік кәсіпорындармен, қоймалармен және түзету мекемелерімен көршілес орналасқан. Тіпті қоршаудың арғы бетінде жанар-жағармай қоймасы бар», — дейді Асхат Қоқымбаев.

Еске салайық, бұған дейін Павлодарда балалар психиатриялық диспансерінің науқастарын азаптаған медбикелер жайлы айтылған еді. 

 

stan.kz