Медициналық сақтандыру қорының бұрынғы басшылығы тергеуге алынды

0

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сатып алынатын қызметтердің құнын көтеру арқылы қор қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеуді бастады

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бұрынғы басшылығына қатысты қаржы жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді,  деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сатып алынатын қызметтердің құнын көтеру арқылы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады», — делінген ресми хабарламада.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды.

Еске сала кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен «СК-Фармация» ЖШС жұмысын сынға алып, басшылығын жұмыстан босатуды тапсырған болатын. Қажет болса тергеу шараларын да жүргізуге нұсқау берді. Ертесінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов пен «СК-Фармация» ЖШС басшысы Берік Шәріп қызметінен алынды.

Осы жағдайдан бірнеше күн бұрын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Айбатыр Жұмағұловтың жұбайы, тележүргізуші Гүлбаршын Зайырова жариялаған жазбаның скриншоты желіде тарап кетіп, жұрттың наразылығын туғызған еді. Әйел күйеуінен «он екі көлік сыйға алғанын» жазған.