Даниал Ахметовке Семейде өндірілген аяқ киімнің сапасы ұнамай қалды — Қазақстан жаңалықтары

0

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Семейдегі аяқ киім фабрикасында болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі аймақ басшысының Instagram-дағы аккаунтына сілтеме жасап.

Даниал Ахметовке Семейде өндірілген аяқ киімнің сапасы ұнамай қалды

Облыс әкімі жаңа оқу жылынан бастап аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға мектеп формасы мен аяқ киімдер берілетінін айтты.

«Бұл мақсатқа бюджеттен 440 миллион теңге қарастырылған. Біз оларды отандық өндірушіден, Семей қаласындағы зауытта шығарамыз деп үміттенген едік. Бірақ, өкінішке қарай, сапасы қанағаттандырмайды. Сондықтан мен жақсырақ және заманауи аяқ киімнің үлгісін жасауға бір ай уақыт бердім », — деп жазды Даниал Ахметов.

Еске салсақ, облыс әкімі Қарағайлы шағын ауданында да болды. Биыл онда 25 көпқабатты үй салу жоспарланған. Тағы 92 үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда. Алдағы жылдары 60 мың отбасы мүшелері жаңа шағын ауданда қоныс тойын тойлайды. Айта кетейік, жұмыспен қамтудың жол картасы аясында инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға қосымша қаражат бөлінеді.

stan.kz