«Ақтөбедегі коронавирус»: Ұшақ жолаушылары Қазақстанның жеті қаласына кеткен — Қазақстан жаңалықтары

0

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін хабарлағанымыздай, 22 наурызда Испаниядан Мәскеу арқылы ұшып келген ақтөбелік әйелден коронавирус табылған еді. Ал Ресей астанасынан Ақтөбеге науқаспен ұшып келген жолаушылар еліміздің жеті қаласына әрі қарай жол жүрген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Vrk.news сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Әйелді әуежайдан оған жақын отырған және жақын араласқан төрт жолаушымен бірге инфекциялық ауруханаға бірден алып кеткен болатын. Зертханалық талдамалар әйелден вирус табылғанын анықтағаннан кейін аталған борттың тағы 41 жолаушысы карантинге отырғызылды. Ал қалған 17 адам басқа қалаларға кетіп үлгерген. 

«Мәскеуден келген «Аэрофлоттың» ұшағында 58 жолаушы болған. Олардың екеуі — 1а категориясына жатқызылған елден, үшеуі 1б категориясындағы елдерден келген. Төрт жолаушы әуежайдан бірден инфекциялық ауруханаға жеткізілді. 41 жолаушы — Ақтөбе қаласының тұрғындары. Ал қалған 17-сі Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай, Орал және Шымкент қалаларына кетіп қалған. Ол жақта оларды оқшауландыру қажеттілігі туралы хабарламалар жібердік», — дейді Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекшісі Нұрсұлу Беркімбаева. 

Сонымен қатар ол алты экипаж мүшелері қазір Ақтөбеде емес екендігін жеткізді. Ұшақ бортында сондай-ақ Ақтөбеде тұратын Әзірбайжан азаматы болған, қазір госпитальге жатқызылған. Әуежай қызметкерлері мен санэпидемиологтар да тексеруден өткен. 

Естеріңізге сала кетсек, қазір Қазақстанда коронвирусты жұқтырғандар саны 98 адамға жетті. Тағы екі Қазақстан азаматы коронивирустан Германия мен Венгрияда ем алып жатыр. Аталған дертке шалдыққан екі ел азаматы жазылып шыққан. 

stan.kz