Цой: Апта соңына дейін дәрі тапшылығы жойылады

0

Тіпті жоқтың қасы. Тұтынушылардың тарапынан шағымдар көбейді.

«Хабар 24» тілшілі Рауан Мыңбаев елордадағы дәріханаларды аралап, жағдайды бағамдап қайтты.

Рауан Мыңбаев, тілші:

— «Қаладағы дәріханалардың бірде-бірінде вирусқа қарсы препарат жоқ». Таңертеңнен бері дертіне дауа іздеген елорда тұрғыны осылай деп, табаны тозғанын айтты. Орта жастағы келіншектің төзімі таусылған. Тіпті қауіпті вирус жұқтырғанын жасырмады. Расымен де, елордада вирусқа қарсы препарат табу қиын. Мұндай дәрілердің басым бөлігі шетелден тасымалданады. Ресейдің өзінде қажетті көлемде өндірілмейді. Сондықтан біздің елдегі дәріханалар тапшылық барын мойындауға мәжбүр.

Бұл дәріхана да тұтынушылар сұранысын қанағаттандыра алмайды. Бірақ вирустан қорғайтын препараттың басқа да баламасы бар. Мұндайда дертіне шипа іздеген жұрт амалсыз алыпсатарларға жүгінеді.

Денсаулық сақтау министрі бүгін осы жайтқа қатысты жауап берді. Қызметіне жақында ғана кіріскен Алексей Цой «апта соңына дейін дәрі тапшылығы жойылады» деп сендірді.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

— Сұранысқа сай дәріні сатып алу және жеткізу тәртібіне өзгеріс енгізілді. Отандық өндірушілер дене қызуын түсіретін препараттардың ауқымды партиясын өндірді. 70 мың ингавирин, 49 мың терафлю қорабы шетелден әкелінді. Апта соңына дейін өңірлерге жеткізіледі.

Рауан Мыңбаев, тілші:

Министрдің уәдесін орындауына 5 күн бар. Әйтпесе, вирустың екінші толқынына төтеп беру мүмкін болмайды. Ал әзірге қарапайым халық дәріханалар табалдырығын тоздырады немесе мынадай «Darikz» арнайы мобильдік қосымшасын қолданады. Мұнда қажетті дәрі-дәрмекті іздеп тауып, бағасы мен сапасына көз жеткізуге болады. Бірақ бұған да сын айтушылар табылды. Қосымшаны ойлап табушылар енді олқылықтың орнын түзеуі тиіс.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Нұрғали Мамырбаев

www.24.kz