Ауыл тұрғыны Сапарбаевқа: шыдамның да шегі бар

0

Тұрғындар соңғы 35 жылда ауылда еш өзгеріс болмағанын алға тартты. Олар әкімнің қызметінен кетуін талап етіп отыр

АЛМАТЫ, 24 шілде – Sputnik. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Мойынқұм ауданы Мыңарал ауылдық округі тұрғындарының шағымын тыңдады. Тұрғындардың бірі ауыл әкімінің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді, деп хабарлады облыс әкімінің сайты.

Кездесу барысында ауыл тұрғыны Гүлзағира Ешмағамбетова ауыл әкімі Зубаржат Қамиеваның жұмысын сынға алып, шенеуніктің сөзі мен ісі үйлеспейтінін айтты.

Сонымен қатар әйел тұрғындардың әкімнің өз орнын босатуын талап етіп жатқанын жеткізді. Айтуынша, әкім ауылдастарының сөзіне құлақ аспайды.

Елді мекеннің тағы бір тұрғыны Гүлдария Ақбасова ауыл әкімінің азаматтар арасындағы алауыздыққа ықпал ететінін айтты.

«Кейінгі кездері әкім арамыздағы қарым-қатынаста көптеген келіспеушілік тудырып жатыр. Оның жалғыз мақсаты – ауыл әкімі орнынан айырылмау. Ауылдық мәдениет үйі ұзақ уақыттан бері жұмыс істемейді. Алайда әкімнің туыстары сол жерден жалақы алып отыр. Бұл аз десеңіз, ол ауыл тұрғындарының жартысын қорқынышпен ұстап отыр. Бірақ шыдамның да шегі бар, біз енді барлық жаққа баруға дайынбыз»,- дейді әйел.

Тағы бір тұрғын соңғы 35 жылда ауылда еш өзгеріс болмағанын алға тартты.

«Ол мектеп ішіне дәретхана салу бойынша ешқандай жұмыс жүргізбеді. Зубаржат Қамиеваның әкесі 20 жыл бойы ауылдық округті басқарды. Өзі жеті жыл бойы әкім болып келе жатыр», – дейді тұрғын.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жақын арада ауыл әкіміне қатысты мәселе шешілетінін айтты.

«Әкімнің «креслосы» мұрагерлік бойынша берілмейді. Жеті жыл ауылды абаттандыру, тұрғындарға тиісті жағдай жасау үшін жеткілікті мерзім. 2013 жылдан бастап әкім тек төрт ескі электр бағанасын ауыстырды. Сонда ауылдағы 96 бағанды ауыстыру үшін қанша уақыт қажет?», – деді Сапарбаев.

Сондай-ақ, ауыл әкімінің президентке шағым жазғанының заңсыз әрекет екенін айтты.

«Зубаржат Талғаткызы, сіз президентке шағым жаздыңыз. Алайда сіздің барлық әрекетіңіз заңға қайшы. Мұнда барлық шағымды тексеретін арнайы комиссия жібереміз. Егер заңсыз әрекеттер расталса, шенеунік заң аясында жауапкершілікке тартылады. Біз шағын ауыл тұрғындарының бір-бірімен араздасуына жол бермейміз», – деді аймақ басшысы.

Кездесу соңында Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындары көтерген мәселенің барлығы мемлекеттік бағдарлама аясында шешілетінін жеткізді.

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз